- Негізгі бет
- Мәңгілік ел
- Нұр-Сұлтанда екі нысан...
Нұр-Сұлтанда екі нысан карантинге жабылды
Елордада "Мейірім" медициналық орталығы мен Керей, Жәнібек хандар көшесінде орналасқан ұлттық ғылыми онкологиялық орталығы карантинге жабылды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Вирус жұқтырғандармен байланыста болған адамдар карантинге жіберілді, оның ішінде медицина қызметкерлері де бар. Дезинфекция жүргізіліп жатыр. Пациенттерге баруға қатаң тыйым салынды", - делінген хабарламада.
Еске салайық, қалалық штаб барлық әуе жолаушыларын тексеру туралы шешім қабылдады. Нұр-Сұлтан қаласының медицина қызметкерлері 22 наурыздан бастап 20-дан астам рейсті қабылдады, бұл шамамен 1750 адам. 1,5 мың адам коронавирусқа тапсырған тест нәтижесін алды.
Үш жолаушының тесті оң нәтиже көрсетті. Барлық жолаушыны тексеру инфекция жұқтырған адамдардың қалаға шығуына жол бермеуге және оларға уақытылы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік беріп отыр.
Осыған дейін елордадағы №2 көпсалалы облыстық аурухана карантинге жабылды. 26 наурызда дәл осы ауруханада Қосшы ауылының 64 жастағы тұрғыны коронавирус инфекциясынан қайтыс болды.
Қазақстанда коронавирустан 18 адам жазылып шықты, оның 13-і - Нұр-Сұлтан қаласында.
Елімізде қауіпті індетке шалдыққандар саны 229 адамға жетті.
Т. Раушанұлы