- Негізгі бет
- Мәңгілік ел
- Н.Назарбаев: Экономикадағы мемлекеттің...
Н.Назарбаев: Экономикадағы мемлекеттің үлесі 15%-дан аспауы тиіс
Президент Назарбаев былтырғы жолдауында 2020 жылға дейін мемлекеттің ел экономикасындағы үлесін ЖІӨ-нің 15 %-на дейін төмендетуді тапсырған еді. Соған байланысты үкімет жекешелендіру жұмыстарын биыл аяқтауы тиіс еді. Тапсырманың орындалу барысы мен нәтижелері бизнесті қорғауға арналған ІІІ форумда баяндалды. Жиындағы дерек бойынша, қазір Қазақстан экономикасындағы мемлекеттің үлесі ЖІӨ-нің 50 %-дан астам бөлігін құрайды.
"Біздің міндетіміз – экономикадағы үкімет рөлін азайту. Үкімет экономиканың 15%-ын ғана басқара алуы тиіс, ол үшін жекешелендірудің екінші кезеңі басталды. Сондықтан Қазақстанда жүргізіліп жатқан жекешелендіру ісі мемлекет экономикасындағы мемлекеттің үлесін 15%-ға дейін азайтуы керек", – деп мәлімдеді Н. Назарбаев
Қазақстан президенті тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жекешелендірудің бірінші кезеңі жүзеге асырылғанын еске салып, билік толығымен тоқтап қалған экономиканы жылжытып, дағдарыстан шыққанын айтты.
Бұл мәселеге қатысты 2015 жылы 31 қазанда 8 тарау, 59 баптан тұратын "Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы" заң нормалары бекітілген еді. Қаулыға қол қойған президент "Бұл болашақ ұрпақ үшін жинақтарды ұлғайтуға, әлемдік тауар нарықтарындағы қолайлы коньюнктура кезеңінде бюджеттің мұнай кірісінен тәуелділігін төмендетуге және сыртқы даму жағдайлары нашарлаған жағдайда экономиканы қолдау үшін әлеует құруға мүмкіндік береді" деген еді.
Әлемдік экономиканың әлсіреуін ескері, орта мерзімді перспективада бюджетке Ұлттық қордан берілетін кепілдендірілген трансфертті шектеу арқылы Ұлттық қордағы қаржы ресурстарын жинақтау саясаты кұшейтілмек. Экономикадағы ахуалға байланысты, республикалық бюджетке кепілдендірілген тіркелген трансферттің мөлшері азаю немесе ұлғаюына қарай 15 %-ға дейін (6,8 – ден 9,2 милиард АҚШ долларына дейін) түзетілуі мүмкін.
Нарықтағы бәсекені күшейту үшін, үкімет "Қазақтелеком", "Эйр Астана", "ҚазМұнайГаз" секілді активтерді және басқа да ұлттық компанияларды сатуға шығаруды жоспарлап отыр.
Президент ұлттық компаниялардың IPO-ға шығатынын мақұлдап, АХҚО шетел капиталын тартуға және қор нарығын дамудың жаңа деңгейіне шығаруға катализатор болуы тиіс екендігін айтып өтті.
Massaget.kz