Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік басқару жүйесіндегі кадрлық өзгерістерге байланысты БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтегі және бірқатар мемлекеттік органдардағы жаңа тағайындаулар мен құрылымдық өзгерістерге түсініктеме бере отырып, олардың қазіргі сын-қатерлерді лайықты еңсеру қажеттілігінен туындағанын айтты.
- Жақында облыстардың, Астана мен Алматы қалалары әкімдерінің қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында дағдарыспен күрес жұмысынан экономиканың өсімін ынталандыру бағдарламасына көшу жөніндегі шаралар талқыланды. Бұл қосымша жұмыс орындарын ашуды, атап айтқанда, ауыл шаруашылығында, тұрғын-үй құрылысында және басқа да салаларда халықтың табысын арттыруды көздейді. Осыған байланысты жаңа министрлер кабинеті алдына нақты міндеттер қойылды. Үкімет құрамында жасалған өзгерістер басқарушылардың жаңа буынының, соның қатарында «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің де уақыты келгенін көрсетеді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Дереккөз: inform.kz