Назарбаев Астанадағы биржада алғашқы сауданы іске қосты

Назарбаев Астанадағы биржада алғашқы сауданы іске қосты
Фото: primeminister.kz

Президент Нұрсұлтан Назарбаев "Астана" халықаралық қаржы орталығының биржасындағы алғашқы сауда-саттықты бастау рәсіміне қатысты.

"Астана" Халықаралық қаржы орталығы биржасындағы алғашқы сауданы ресми түрде іске қосамыз. Астана  Халықаралық қаржы орталығы базасындағы алғашқы сауданы ашық деп жариялаймын", - деді президент Назарбаев.

14 қараша күні қарапайым акциялар арқылы шартсыз негізде сауда жасалды, сонымен қатар, "Қазатомөнеркәсіп" ҰКҚ" АҚ жаһандық депозитарлық қолхатпен шартты негізде сауда жасалды. "Қазатомөнеркәсіп" жаһандық депозитарлық қолхаттарының шартсыз саудасы шамамен 2018 жылдың 19 қарашасы күні басталған еді. АХҚО биржасы құнды қағаздар нарығының дамуына қолғабыс етіп жатыр, капиталдың халықаралық нарығы интеграциясы үшін, ұлттық компанияларды жекешелендіру бьағдарламасын өткізуге арналған алаң жасау үшін, мемлекеттік және корпоративтік құнды қағаздар шығару үшін ашылған.

АIX (Astana International Exchange - Астана халықаралық биржасы) соңғы уақытта негізгі бірнеше кезеңді сәтті аяқтап, өзінің бірінші IPO-сын қолдауға дайын. Ағылшын жалпы құқық ұстанымымен негізі құрылған тәуелсіз юрисдикция аясында АХҚО биржасы нарық эмитенттері мен қатысушыларының ашықтығы мен корпоративтік басқарудың жоғары деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ережелер мен бақылау механизмін жасап, аяқтады.

2015 жылғы желтоқсан айында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Астана" халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) құру туралы Конституциялық заңға қол қойып, бектікен еді. АХҚО-ның мақсаты – қаржылық қызметтерді көрсететін халықаралық деңгейдегі жетекші орталық қалыптастыру. Посткеңестік кеңістікте тұңғыш рет ағылшын құқығының қағидаттары енгізіледі, қаржы орталығының ресми тілі - ағылшын тілі болады.

Президент іс-шарада басында «Астана» халықаралық қаржы орта­лығының биржасындағы алғашқы сауда-саттықты бастау рәсімінің ұлттық валютамыз – теңгенің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында зор символдық мәні бар екенін айтты. Президент Назарбаев төл теңге­міз­ді енгізу өз қаржы жүйемізді қалып­тас­тырып, мемлекетіміздің экономикалық қарыштауын қамтамасыз етуге мүмкіндік бергенін баса айтты.

– 25 жыл ішінде Қазақстан экономикасы едәуір өсіп, халықтың тұрмыс деңгейі де артты. Ауқымды реформалар жүріп жатыр. «Астана» халықаралық қаржы орталығының іске қосылуы – елімізді одан әрі тұрақты дамытудың маңызды қадамы, – деді президент.

Нұрсұлтан Назарбаев рәсімге қаты­су­шыларға әлемдік уран нарығының 20%-ға жуық көлемін қамтитын «Қазатом­өнер­кәсіп» ұлттық компаниясы бүгін ІРО-ға алғаш рет шығып отырғанын мәлімдеді.

– Болашақта біз «Қазақтелеком», «Air Astana», «ҚазМұнайГаз» және басқа да ұлттық компаниялардың активтерін са­тылымға шығарып, нарыққа бейімдеуді жоспарлап отырмыз. «Астана» халықаралық қаржы ор­­та­лығы елімізге шетелдік капитал тартудың құралына айналып, қор нарығын дамудың жаңа деңгейіне шығаруы тиіс. Мұнда әлемнің үздік тәжірибелері қолданылып, тәжі­рибелі серіктестер мен сарапшылар қамьылған, сонымен қатар оның жұмысына қатысушылар үшін өте жақсы жағдайлар жасалған, – деді президент.

Мемлекет басшысы болашақта «Астана» халықаралық қаржы орталығы өңірдің басты қаржы хабына айналып, Азияның үздік қаржы орталықтарының қатарына қосылуы тиіс екенін атап өтті.

– Қаржы орталығы қазірдің өзінде елордамызға «қаржы астанасы» деген жаңа мәртебе берді. Жаһандық қаржы орталықтарының рейтингінде Астана тек соңғы жылдың өзінде

27 сатыға көтерілді. Астана тұрғындары мен елорда қонақтары үшін мейлінше қо­лай­лы жағдай жасалатын «ақылды қала» ретінде одан әрі дами береді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бүгіннен бастап «Астана» халықаралық қаржы орталығы биржасының алаңын­да «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компа­ния­сының жай акцияларын шартсыз негізде сату, сондай-ақ жаһандық депозитарлық қолхаттарды шартты сату процесстері басталды.

Салтанатты рәсім барысында мемлекет басшысына есеп берген «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Ахмет­жан Есімов осыдан бірнеше жыл бұрын ЭКСПО-2017 құрылысы басталған тұста президенттің енді салына бастаған ғимарат­тар болашақта «Астана» халықаралық қар­жы орталығына беріледі деген сөздерін еске түсірді. Сонымен бірге президент Назарбаевтың осы мәселедегі жоспарының толық жүзеге асқандығын мәлім етті.

Ахметжан Есімов, сонымен бірге жекешелендірудің кешенді жоспарының негізінде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының» алты компаниясы IPO/SPO-ға шығатындығын айтты.

– Бұл Қазақстанның квазимем­ле­кет­тік секторының дамуындағы жаңа кезең болғалы тұр. Қордың 2018-2028 жылдарға арнал­ған даму стратегиясына сәйкес біздің мақсатымыз – компаниялардың тиімді­лігін арттыру және активтер портфелін басқаруды жақсарту, одан әрі жетілдіре түсу. Жекешелендіру осы мақсатқа жетудегі құралдардың бірі болмақ, – деді А.Есімов.

Басқарма төрағасының мәлімдемесіне сүйенсек, Лондон және АХҚО биржаларына «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ны шығару табысты басталған. Әлемдегі нарықтың күрделі жағдайына қарамастан, шетелдік және отандық инвесторлар бұл оқиғаға аса жоғары маңыз берген. Нәтижесінде IPO-ға 49 шетелдік және 16 отандық заң­ды тұлға, сондай-ақ Қазақстанның 2700 азаматы қатысқан. Сол арқылы елі­міздің миллиондаған тұрғыны «Қазатом­өнер­кәсіп» АҚ-ның акционеріне айналып шы­ға келді.

– Бұл компанияның тек инвестициялық тартымдылығының нышаны ғана емес, алдымен елімізде сіз жүргізіп отырған экономикалық саясатқа деген сенімнің белгісі, – деді басқарма төрағасы Ахметжан Есімов Елбасыға.

«Қазатомөнеркәсіп» акционерлік қоғамының ықтимал ин­весторларының ұсыныстары жоспардан да артық нәтиже мен ұсыныс берген. Акцияларға сұраныс ұсы­ныстан 1,7 есе артып түскен. Мысалы, листингтің алғашқы күні-ақ 45 миллион АҚШ доллары көлемінде төлем түс­кен және алдағы күндері тағы 405 миллион қаржы күтілуде. Жиынтық 450 миллион АҚШ доллары Ұлттық қорға аударылмақ. Нәти­жесінде осыған дейін Ұлттық қордан «Самұрық-Қазына» АҚ-ға бөлінген қара­жат уақытынан бұрын қайтарылмақ. Бұған қоса акциялары биржаға шыға­рыл­ған «Қазатомөнеркәсіп» АҚ-ның табысы арта түсіп, капитал тартуға және болашақта тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Ахметжан Есімовтің мәлімдеуінше, «Қаз­атомөнеркәсіп» акционерлік қоғамының үлгісі мен жұмыстары болашақта өзге компанияларды да биржаға шығаруда зор тәжірибе болмақ. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК»­ АҚ басқарма төрағасы Ғалымжан Пір­матов:

– Біз ІРО-ны сәтті өткізіп, уран өнер­кәсібіндегі әлемдік көшбасшы екені­мізді дәлелдедік және «Астана» халық­аралық биржасында листингтен өткен алғашқы компания болдық. Жергі­лікті және халықаралық инвесторлар компаниямызға үлкен қызығушылық танытты. Біздің жаңа акционерлеріміздің арасында қазақстандық инвесторлар мен жетекші халықаралық инвестициялық қорлар бар. Біз компанияның табысы мен болашағын жаңа акционерлермен бөлісуге және еліміздің игілігі үшін компанияны дамудың жаңа кезеңдеріне бастауға дайынбыз, – деді.

Тимоти Беннетт те бұл мәлімдемені толықтыра түсті. Ол АХҚО өзінің инновация потенциалын көр­сете отырып, халықаралық стандарттар бойынша жұмыс істейтіндігін және жүйе тұтас реттелетіндігін айтып өтті.

Одан кейін сөз алған «Астана» халық­аралық қаржы орталығының басқа­ру­шысы Қайрат Келімбетов АХҚО алаңы­на «Қазатомөнеркәсіп» АҚ ІРО-сын шыға­ру тек «Астана» халықаралық қаржы орта­лығы үшін ғана емес, сонымен бірге Қазақстандағы капитал нарығын дамы­ту үшін де айтулы оқиға болып сана­ла­тындығын айтты.

– Бұл – біздің алаңымыздағы ұлт­тық компаниялардың мемлекеттік жеке­шелендіру бағдарламасының аясында бірқатар орналастырудың бірінші ІРО-сы, – деді Қ.Келімбетов.

АХҚО биржасы биыл «Астана» ха­лықаралық қаржы орталығын дамыту шеңберінде құрылған еді.

Биржаның негізгі акционерлері – АХҚО, GoldmanSachs, Жібек Жолы қоры, Шанхай қор биржасы және NASDAQ америкалық биржасы. Аталған Шанхай қор биржасы және NASDAQ америкалық биржасы – әлемдегі ең ауқымды 5 биржаның қатарына кіреді.

АХҚО биржасының алдын­дағы негізгі міндеті – ел экономикасының игілігі жолында ұлттық нарыққа қызмет ету. Оның ішінде әлемнің үздік тәжірибелеріне сәйкес келетін биржа ұлттық компанияларды жекешелендіруге арналған алаңға айналуы керек. Сондай-ақ, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың облигацияларын шығару, жеке компаниялардың құнды қағаздарын орналастыру міндеті де осы биржаға жүктелген.

Қазір АХҚО биржасы елі­­­міз­дің қаржы нарығын дамыту мен тиімді­лігін арттыру арқылы болашақта жергі­лікті капитал нарығын жоғары дең­гей­ге көтеру жұмыстарына кірісіп кетті. Ал дамыған капитал нарығы бүгін­де басым бөлігін банк секторы құрай­тын Қазақстанның қаржы жүйесін толық­тырып, тепе-теңдікті қалыптастыруға ық­пал етпек. Яғни, жақын уақытта «Астана» ха­лық­аралық қар­жы орталығының елі­міздегі және өңір­дегі экономикалық іс-қимылдарды қар­жы­ландырудың тұ­ғырына айналмақ.

Қаржы орталығының жұмысына қаты­сушыларға 50 жылға дейін салықтық же­ңіл­діктер қарастырылған, сонымен бірге олар үшін жеңілдетілген валюталық, визалық және еңбек режімдері көзделген. Бұл қызметі ағылшын құқығына негізделген өңірдегі бірден-бір орталық болады. АХҚО Нью-Йорк, Сингапур, Лондон және Дубай қалаларындағы қаржы орта­лық­тарының үздік моделі негізінде жұмыс жүргізеді.

Қазірдің өзінде АХҚО-да Қытайдың Даму банкі сияқты ондаған халықаралық ірі компания тіркелген. Сонымен бірге Сингапур, Гонконг және Батыс Еуропаның халықаралық брокерлік үйлерінің қызығушылығын тудырып жатыр. Мысалы Гонконг­тағы екі ірі брокер – China Interna­tional Capital Corporation және Shenwan Hongyuan Securities «Астана» халық­аралық қаржы орталығының мүшесі мәртебесін алған.

«Астана» халықаралық қаржы орта­лы­ғының «жасыл», исламдық және инно­ва­циялық қаржы құралдарын дамытудың өңірлік орталығына айналуға толық мүмкіндігі бар, дейді халықаралық сарапшылар.

Мемлекет басшысы Қазақстан хал­қына арнаған биылғы Жолдауындағы мына фактор аталған тұжырымдарды қуаттай түседі: «Биз­несті шетел инвестициясымен, капи­талға қолжетімділікпен қамтамасыз ету ісінде «Астана» халықаралық қаржы орталығы маңызды рөл атқаруға тиіс. Біз жеке сотты, қаржы реттеуішін, биржаны арнайы құрдық. Барлық мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар осы алаңды белсенді пайдаланып, оның тез қалыптасуына және дамуына атсалысуы керек».

Massaget.kz