Елбасы Нұрұлтан Назарбаев Ақ үйде АҚШ Президенті Дональд Трамппен кездесті. АҚШ-қа ресми іс-сапар жасаудағы негізгі және маңызды жүздесуінен кейін де, бірқатар ресми һәм бейресми кездесулер жасады. Мемлекет басшысы бірінші АҚШ-тың Энергетика министрі Рик Перримен кездесті. Мемлекет басшысы кездесуде АҚШ Президенті Дональд Трамппен жүргізілген келіссөздер барысында қол жеткізілген нәтижелерге тоқталды. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен АҚШ-тың мұнай-газ саласындағы ынтымақтастығына оң баға беріп, Теңіз және Қашаған кен орындарында жүзеге асырылып жатқан жобалар жөнінде айтты. Мемлекет басшысы Қазақстандағы өнімді қайта өңдеу саласында инвесторлардың күш-қуатын арттыру қажеттігіне назар аударды. Қазақстан Президенті еліміздегі жасыл энергетиканы дамытуға арналған жобалардың жүзеге асырылуы туралы әңгімелеп, Р.Перриді Төмен байытылған уран банкінің ашылуы жөнінде хабардар етті. АҚШ-тың Энергетика министрі кездесуге ризашылығын білдіріп, инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізетін негізгі факторларды атады. Кездесу соңында тараптар мұнай-газ және энергетика салаларындағы екіжақты қатынастарды одан әрі дамыту жөнінде пікір алмасты. Одан кейін, Елбасы Шетелдік жеке инвестициялар жөніндегі корпорация (OPIC) мемлекеттік агенттігінің президенті Рэй Уошбернмен кездесті. Мемлекет басшысы әңгіме барысында кездесудің маңыздылығына тоқталып, қазіргі уақытта Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан экономикалық жобалар жөнінде айтты. Біз Цифрлық Қазақстан бағдарламасын іске асырып жатырмыз. Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесін өткіздік. Көрме инфрақұрылымының базасында Астана халықаралық қаржы орталығын құрамыз. Оған қатысушылардың бәріне айрықша жеңілдіктер қарастырылған, деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев инвестиция саласындағы қатынастарды нығайтудың және өзара тиімді экономикалық жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті. Р.Уошберн ЭКСПО-2017 көрмесінен алған әсерін бөлісіп, алдағы уақытта Қазақстанның Kazakh Invest компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылатынын айтты. Елбасы Америка Құрама Штаттарының іскер топтар өкілдерімен жүздесті. Қазақстан Президенті дөңгелек үстел қатысушыларымен кездесу ұйымдастырылғаны үшін ризашылық білдірді. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен АҚШ арасында орныққан қатынастардың маңыздылығы мен стратегиялық сипатына тоқталды. Америка Қазақстан экономикасына салынған тікелей инвестициялардың көлемі бойынша екінші орында. Тәуелсіздік жылдары ішінде сіздердің компанияларыңыз тарапынан Қазақстанға 50 миллиард доллардан астам инвестиция құйылды. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 2 миллиард долларға жетті. Біздің елде энергетика, көлік, инновация, медицина және басқа да салаларда Америка капиталының қатысуымен 500-ден аса компания табысты жұмыс істеп келеді. Біздің ірі серіктестеріміздің қатарында Шеврон, Эксон Мобил, Дженерал Электрик, Хэллибёртон және басқа да компаниялар бар, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы екі жақты қатынастардың кең ауқымын қамтитын Кеңейтілген стратегиялық әріптестік туралы бірлескен мәлімдемені қабылдаудың ерекше маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетін дамыту үдерісіне тоқталып, бизнес жүргізу үшін мемлекет тарапынан жағдай жасауға бағытталған шаралар жөнінде әңгімеледі. Инвестициялық ахуалды жақсартып, инвесторлардың құқықтарын қорғау үшін тұрақты жұмыстар жүргізілуде. Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Инвестициялар жөніндегі комитетінің қауымдастырылған мүшесі болды және Халықаралық инвестициялар жөніндегі декларацияға қосылды. 62 елдің, соның ішінде АҚШ азаматтары үшін бізде визасыз режім енгізілді. Кәсіпкерлік саласындағы заңнама жетілдірілуде. 11 арнайы экономикалық аймақ және 22 индустриялық аймақ жұмыс істеуде. Онда қажетті инфрақұрылым мен жеңілдіктер көзделген, деді Қазақстан Президенті. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақстан экономикасын цифрландыру және өндіріске инновацияны енгізу барысына ерекше назар аударды. Цифрлық Қазақстан арнайы мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Осыған орай, экономика салаларын цифрландыру және инновациялық экожүйені дамыту жөніндегі жобаларды жүзеге асыру маңызды болып саналады. Мәселен, Назарбаев Университеті және Инновациялық технологиялар паркі сияқты инновациялық кластерлер жұмыс істеуде. Биыл Астанада ІТ-стартаптардың жаңа халықаралық технопаркі ашылады. Осының бәрі ынтымақтастығымыз үшін перспективті бағыт бола алады, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті америкалық бизнесмендерге арналған сөзінде агроөнеркәсіп кешеніндегі бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін шетелдік инвесторларды қатысуға шақырды. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы еліміздегі жекешелендіру бағдарламасының іске асырылу барысы және жасыл экономика саласындағы жобаларды дамыту перспективасы туралы айтты. Өткен жылы Болашақтың энергиясы атты тақырыпта Халықаралық ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесін табысты өткіздік. Бұл көрме бүкіл планетаның таза энергетика саласындағы жоғары технологиялық және зияткерлік әлеуетін көрсетуге керемет мүмкіндік туғызды. Көрме мұрасы инновациялық және орнықты даму міндеттеріне әрі қарай да қызмет ете беретін болады. Атап айтқанда, ЭКСПО инфрақұрылымының базасында Жасыл технологияларды және инвестицияларды дамыту жөніндегі халықаралық орталық жұмыс істейтін болады. Ол елімізде және өңірде жасыл жобаларды жүзеге асыруға септігін тигізуге арналған, деді Қазақстан Президенті. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Астана халықаралық қаржы орталығының ерекше мәртебесін атап өтіп, оның жұмысының алдағы жоспарларына тоқталды. Астана халықаралық қаржы орталығының қатысушыларына 50 жылға дейін салықтық, валюталық, визалық және еңбек режімдері сияқты жеңілдіктер беріледі. Бұл жұмысы ағылшын құқығына негізделген өңірдегі бірден-бір орталық. Астана халықаралық қаржы орталығының жоғары технологиялық биржасын құруға Шанхай қор биржасы және NASDAQ америкалық биржасы тартылды. Астана халықаралық қаржы орталығының жасыл, исламдық және инновациялық қаржылық құралдарды дамыту жөніндегі өңірлік орталыққа айналуына барлық мүмкіндігі бар. Жаз айында біз халықаралық қоғамдастық үшін Астана халықаралық қаржы орталығының ресми таныстырылымын өткізуді жоспарлап отырмыз, деді Мемлекет басшысы. Соңында Қазақстан Президенті өткізілген кездесудің екі елдің жақындасуына және өзара тиімді әріптестікті нығайтуға серпін беретініне сенім білдірді. Естеріңізге сала кетейік,Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Президенті Дональд Трамппен кездесіп,Ақ үйде БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді. Мақала Ақорда Баспасөз қызметінің ақпараттары негізінде дайындалды.