- Негізгі бет
- Мәңгілік ел
- Наурыз мейрамының танымдық...
Наурыз мейрамының танымдық және тәрбиелік мәні
«..... қазақтың наурызы-дін мейрамы емес, тұрмыс мейрамы, шаруашылық мейрамы. Бұл мейрамды дұрыстап өткізу керек....мектеп оқытушылары наурызды оқыту программасына айырым комплекс жасап ендіруі қажет.....»
(Мағжан Жұмабаев)
***
Наурыз (орысша – «март», парысша – «нау» - «жаңа» және «руз» «күн»), яғни «жаңа күн» деген ұғымды білдіреді. Бұл күнтізбелік жылдың 3-айы (31 тәулік), көктемнің 1-айы. Наурыз айының 22 жұлдызында күн мен түн теңеледі. Сонымен қатар, кейбір ғалымдардың пікірі бойынша, яғни б.з.д. 2 мыңжылдықтан бастау алады. Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі дүниежүзі халықтарының көпшілігінің тұрмыс-салтында бағзы замандардан орын алған. Бұл мейрамды гректер «патрих», бирмалықтар «су мейрамы», тәжіктер «гүл гардон» - «бәйшешек», «гүлнаурыз», хорезмдіктер – «наусарджи», татарлар – «нардуган», буряттар – «сагаан сара», соғдылықтар – «наусарыз», армяндар – «навасарди», чуваштар - «норис ояхе» және т.б. атайды (1, 2).
Наурыз мерекесі жайлы тарихи деректер ортазиялық ақын Әбу-л-Қасым Фирдауси (940-1020/30), ғұлама ғалым Әбу Райхан әл-Бируни (973-1078), түркі ғалымы Махмұт Қашқари (1029-1039 ж. шартты түрде), парсы-тәжік ақыны, әрі ойшылы Омар Һайям (1048-1122) және азербайжан ақыны Ілияс ибн Жүсіп Низами (1141-1209), өзбек ақыны Әлішер Низамаддин Мир Науаи (1441-1501) еңбектерінде кездеседі. Сонымен қатар, қазақтың көрнекті ақын жазушылары Абай Құнанбаев (1845-1904), Әлейхан Бөкейханов (1866-1937), Ахмет Байтұрсынов (1873-1938), Міржақып Дулатов (1885-1935), Мағжан Жұмабаев (1893-1938), Бейімбет Майлин (1894-1938), Сәкен Сейфуллин (1894-1938) шығармаларында да наурыз жайында құнды деректер кездеседі.
Наурыз мерекесінің адамзат үшін тарихи құндылығын ескере отырып, БҰҰ-ның жанындағы ЮНЕСКО ұйымының білім беру, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы материалдық емес мәдени мұралар комитетінің 2009 жылғы 4-сессиясындағы шешімімен наурыз мейрамын мерекелеу ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұралар тізіміне тіркелді. Қазіргі кезде бұл тізімде әлем бойынша ғажайып саналатын 166 мәдени құндылықтар бар. «Наурыз мейрамын мерекелеуді» ЮНЕСКО комитетінің қарауына Әзірбайжан, Иран, Үндістан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Пәкістан, Түркия секілді «Наурызды» ұлттық мереке ретінде атап өтетін елдер тобы ұсынған болатын. Ал, биылғы 2010 жылдан бастап, БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімі бойынша «Наурыз мейрамын» Дүние жүзінің БҰҰ-на мүше елдердің бәрі де «Халықаралық мереке» ретінде тойлау туралы қарар қабылдады. Енді бұдан былай 21-наурыз «Халықаралық мереке» ретінде, тойланатын бүкіл шығыс әлемі, Түркі дүниесі үшін өте зор жетістік болып отыр.
Өйткені қазіргі кезде тілімізде «ну орман», «нулы жер – сулы жер» деген сөз тіркестері кездеседі. Ал, «рыз» деген сөздің бастапқы мағынасы ырыс деген ұғымнан алынуы да мүмкін. Сондықтан да «наурыз» деген сөз парсы сөздері емес, өзіміздің «ну ырыс» - ырыздығы мол дегенді аңғартады деген пікірлер де кездеседі.
Шын мәнінде, кейбір мәдениет танушылар наурыздың мерекелік сипатын нақтылай түсетін үш мәнді ерекше атап көрсетеді. Олар: құбылыс басы, жыл басы, маусым басы.
Құбылыс дегеніміз – үннің, түстің және дәннің үйлесімділігінің көрінісі. Ғарыш кеңістігіндегі кез келген табиғи құбылыстар осы айтылған үн, түс және дән жиынтығынан тұрады. Осы арада, наурыз ұғымына «әз» сөзінің қосылуы да наурыз кезінде үш күн «әз» жүретініне байланысты айтылады. Көрнекті этнограф ғалым Сейіт Кенжеахметұлы «әз» сөзіне берген түсініктемесінде «әз» дегеніміз – ол алланың қасиетті толқыны, бір уіл дыбыс деседі. Оны ешкім естімейді. Ол үнді тек қой ғана сезеді екен. Өйткені қойдың жұмақтан түскені белгілі. Адамдар «әздің келгенін қой арқылы ғана сезеді. «Әз» өтіп бара жатқан сәтте қойдың бәрі де оттамай, жусамай басын көтеріп, тұрған жерінде қимылдамай тұрып қалады екен. «Әз» келген кезде адам баласы мен жануарлардың бойында жаңа қан жүріп, тынысы кеңейіп, денсаулығы беки түседі екен. Ал, жер бетіндегі жасыл желектің бәрінің де тамырына нәр тарайды деген ұғым қалыптасқанын жазады. «Әз» үнін қостағандай наурыз мерекесінде дауылпаз ұрып, қоңырау соғып, сырнайлатып әртүрлі үн шығару да, Ұлы күнді мойындаудың бір көрінісі болса керек.
«Әз болмай, мәз болмайды» деген қанатты сөздің мәні де көп нәрседен хабар береді. «Әз» деген арап сөзі қазақша «ардақты», «бағалы», «құнды», «жарқын» деген ұғымды білдіреді. Мысалы, әз-Жәнібек, әз-Тәуке т.б. сөз тіркестері тарихтан белгілі. Халқымыздың «жетіген» музыкалық аспап деген сөзінің де мағынасы «жеті үн» (жеті түрлі үн) дегенді білдіруі мүмкін.
Наурыздағы тағы бір құбылыс табиғи түске байланысты айтылады. Бұл табиғи түс жеті түрлі бояумен көрініс береді. Аспан әлеміндегі көктемнің алғашқы көрінісі кемпірқосақ құбылысынан айқын байқалады. Кемпірқосақ сөзінің түпкі мағынасы «көпірқосақ» дегеннен алынған деген деректер бар.
Наурыз айында табиғаттың өзі де түрлі-түске боялып, жер беті құлпырып кететіні де белгілі. Ежелгі түсінік бойынша әрбір түстің өзіне тән сипаты бар. Мысалы, жасыл түс балауса балғындықты білдірсе, ақ түс кемелдіктің, қартаюдың белгісі болып саналады және т.б.
Наурыздың ерекше белгісі дәм (тағам) арқылы көрініс береді.Сондықтан да наурыз көженің жеті түрлі тағамның қосындысынан жасалуының да өз мәні бар.
Наурыз мерекесін «Ұлыстың ұлы күні» деп ұлықтаудың да өз мәні бар. Ертедегі Қытайдың тарихи жазба деректерінде наурызға – Ұлыстың ұлы күні деп түсініктеме берлгеніне белгілі ғалым Ақселеу Сейдімбек жазған. «Ұлыс» деген сөз «Ұлы мемлекет, қуатты мемлекет» деген ұғымды білдіреді. Мысалы, тарихта Жошы ұлысы, Ақсақтемір ұлысы деген сөз тіркестері кездеседі. «Наурыз» деген сөз мемлекеттің ең елеулі күні деген сөздің баламасы ретінде де қолданылады. Сондықтан да, наурыз мерекесінде айтылатын тілектерде «Ұлыс оң болсын», «Ұлыстың ұлы күні құтты болсын» сөздері көбірек айтылады. Наурыз мерекесінде айтылатын жырларды «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар» деген жолдар кездеседі.
Ұлттық салт-дәстүрімізді жетік білетін этнограф ғалым Жағда Бабалықұлы наурыз мейрамының басталуы өте ерте замандарда Қазығұрт тауынан басталғанын жазып және бұл мерекені «әлемде теңдесі жоқ мереке» - деп, атап та жүр. Наурыздың Қазығұрт тауынан басталғаны туралы деректер парсының ертедегі «Авеста» кітабында да бар. Қазығұрт тауының қасиеті туралы ақиқатты аңғартар аңыздар да бар. Кезінде қазақтың ғұлама ғалымы Ақжан Машанұлы (1906-1997) «Қазығұрт – бізді әлемдік өркениетпен байланыстырып жатқан тау» - деп, жазуында терең ұғым бар.
Күн мен түннің теңесуі өлара малына сәйкес келеді деушілер наурыз айының 14-20 күндеріне (ескіше 1-7 наурыз аралығы) сәйкес келеді деп түсіндіреді. Сонда наурыздың шарықтау шегі яғни күн мен түннің теңелетін кезі 21-22 наурызға сәйкес келеді.
Қазақстанның батыс өңірлерінде14-наурыз «көрісу» мейрамы деп аталады. Бұл күні ауыл адамдары үй-үйді аралап, бір-бірімен көрісіп шығады. «Көршілер бір-біріне жасың құтты болсын», «жасыңа жас қосылып, ғұмырың ұзақ болғай!» деп тілек білдіреді. Бұл көрісу үш күнге созылады. Бұл жөнінде Маңғыстау өңірінің салт-дәстүрін зерттеген Ү.Қыдыралин еңбектерінде атап айтылған.
Көрісу күні ағайын туыстар әлеуеттің ең үлкен адамына, ауыл-аймақ сол жердің ақсақалдарына, «жасы кішілер үлкендерге барып, қол берісіп, көрісіп бір жасыңызбен» деп құрмет көрсетеді. Бұл күнді кейде «қауышу» күні деп те атайды. Көрісу күні бұрынғы өкпе-реніштің бәрі кешіріледі, адамдар арасындағы араздық ұмытылады. Адамдар бір-біріне жақсы тілектер білдіреді. Бұл дәстүрдің тәрбиелік мәні өтезор. Наурыз айын ескіше «амал» (хамал) деп айтатыны белгілі.
«Батыс қазақстан облысы» атты энциклопедияда осы өңірде ертеде өмір сүрген халық астрономы Байбақты Қазыбек туралы дерек келтірілген (4). Кейбір деректерде «Қазыбек наурызы» (14-наурыз) күні ауа райы қандай болмасына қарамастан сарышұнақ (кеміруші аңның бір түрі) інінен далаға шығып, айналасын барлайды да, інін тазартуға кіріседі, яғни қысқы ұйқыдан оянып жаңадан тіршілік қамын жасайды деген де деректер кездеседі. Сонымен, көрісу дәстүрі (14-наурыз күнгі) еліміздің батыс өңірлерінде сақталған ежелгі, тәрбиелік мәні ерекше дәстүр болып есептелінеді.
Наурыз мерекесінің ерекше тәрбиелік мәні зор дәстүрінің бірегейі табиғат тазалығын сақтау, табиғатқа аялы алақан, жүрек жылуы арқылы қамқорлық жасау екенін атап өткен жөн. Аула, ауыл маңы тазартылып, айналаға сая болар ағаш отырғызу, бұлақ көзін ашу, өзен көлдердің маңын тазарту шараларына еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін қол ұшын беріп, құлшына кіріседі. «Көзіңді қалдыр бұлақ көзін аша жүр, ізіңді қалдыр – жақсылық мұра шаша жүр, өзіңді қалдыр – бақша өсіріп жаса нұр», «атаңнан мал қалғанша тал қалсын», «бір ағаш кессең, оның орнына он ағаш отырғыз», «балама деп бақ өсір, шамаң келсе тағы өсір», «бабалар еккен шынарды балалары саялайды», «орман болса олжа көп» және т.б. даналық сөздер осы наурыз мейрамымен байланысты айтылады. «Ексең балам ағаш ек: жеті жасар бала асырмайды жеті жылғы ағаш асырайды» (Майқы би) деген көрнекті өсиет сөздер өмірдің өзінен алынған айбынды ақиқат. Ата-бабаларымыздың ежелден-ақ табиғатты ана деп дәріптеп, жасыл желекке, мөлдір бұлаққа саялы ағашқа ерекше мән берген. Самарқанды қырық жыл әділдікпен билеген Жалаңтөс Баһадүр бабамыз он ағаш отырғызып өсірген адамды құлдықтан босатып басына бостандық беруінің өзі ата-баба өнегесінің көрінісі деп дәріптеуіміз керек.
Наурыз мерекесінің табиғат пен тамырлас екенін «Құс қанаты» деп аталатын көктемнің алғашқы күндері жауып, тез ара еріп кететін қарды айтатынын және сол мезгілде жылы жақтан ұшып келе жатқан жыл құстарының қанаттарының ызғарымен байланыстыра айтылуында табиғат құбылыстарын халқымыздың жіті бақылай алатындығын аңғартады. Құс қанаты деп аталатын ұлпа қардың «жапалақтап» жаууы деген сөз тіркесіндегі жапалақ құсына теңеуінде де шындықтың ұшқыны байқалады. Бұл жерге қабалақтап түсіп жатқан қардың жапалақтың ұшып-қонуына ұқсас болатынын меңзеп тұрғанын аңғартуға болады.
Наурыз айын халқымыздың «түске дейін мүйіз түстен кейін киіз», «тоқсаның бір күні қалса да қорық», «бес қонақ», «бас тоғыстың бет жуары», «итшуақ», «кемпіршуақ», «ескек желді ай» деген сөз тіркестері арқылы бейнелі түрде суреттеініңде өз сыры бар.
Наурыз айында жұп-жұқа, қиықша қырбақ қар түседі. Оны халық «наурызша» деп атайды. Қазақстанның тау етектерінде ерте көктемде өсетін гүлдіө сімдікті «наурызшешек» - (көбіне бәйшешек) деп атайды.
Наурыз айның алғашқы күндерінде еліміздің оңтүстік өңірлеріне ұшып келетін жыл құсы – «наурызек» (наурызкөк) деп аталады. Оны көргендер «наурыз құсым келдің бе?» - деп, оған жем шашып қамқорлық жасайды. Мұның бәрі де тағлысы мол ұлттық тәрбие үлгілері екендігі белгілі.
Халықтық ұғым бойынша табиғатта үш көктем бар деп түсіндіріледі. Олар: наурыз күн көктемі, көкек су көктемі, мамыр жасыл (шөпкөктем) деп аталады. Мұнда әр айдың өзіне тән табиғи ерекшеліктері яғни ауарайына байланысты басталатын құбылыстар нақты айтылған.
Жалпы, қазақ халқы әрбір жыл мезгілін өзінше айтатыны белгілі. Мысалы, «көктем туды», «жаз шықты», «күз келді», «қыс түсті» - деп, айтады (5).
Біздің мектептің бастауыш сыныптарына арналған «дүниетану» оқулықтарында осы жыл мезгілдерінің аталуы қалай болса солай берілгендігі байқалады. Мысалы, бірінші сыныпқа арналған «дүниетану» оқулығында (2008), «көктем келді» (87 бет), «көктем келісімен» ( 88 бет), «жаз келгенде» деген Т.Молдағалиевтің өлеңі дұрыс алынбаған (133 бет), «күз түсісімен» (30 бет), екінші сныпқа арналған «дүниетану» (2009), «күз түсе» (40 бет) деп берілуі мүлде қате. Тіпті «айқын» газетінің 2 наурыз 2010 жылғы саны көктемге арналған 5 бетінде тоғыз рет «көктем келді» - деген ақындардың дұрыс емес сөз тіркестерін көріп таң қалдық. Ұлттық тіліміздің нағыз жанашырлары деп жүрген журналистеріміз осылай беріп жүрсе басқалар не десе де өз еріктері ғой деуге тура келе ме? Жоқ, ұлттық тіліміздегі тарихи қалыптасқан сөз тіркестеріне ерекше мән беру қажет екендігін ешқашан естен шығармауға тиіспіз.
Жылдың басы көктемнің наурыз айынан басталатындықтан «көктем туды» яғни «жақсы күн туды», «төл туды» деген сөздер тіршілік жаңарды деген ұғымды білдіреді. Мысалы, Мағжан Жұмабаев «Жазғытұры» деген өлеңінде (жазғытұры көктем сөзінің баламасы ретінде берілген): «...Жас бала: жазғытұры туды десіп» - деп, өте орынды жазған.
Оны біз ұлттық ұғымдардың жанашыры әрі жинақтаушысы Жәрдем Кейкін ағамыздың еңбектерінен кездестіреміз (6). Ол өзінің «қазақы атаулар мен байламдар» деген еңбегінде «қара торғайдың көрінгені – көктемнің туғаны» - деп, көктем мезгіліне «туды» деген сөз тіркесін дұрыс пайдаланған.
Наурыз мейрамы табиғаттың нағыз түлейтін, жаңаратын, құлпыратын мейрамы болғандықтанда наурыз мейрамында барынша табиғатқа жанашырлық танытуымыз керек!
Уа, табиғат, тылсымына таң қаламын,
Қызығыңа құмарыңа қанбағам.
Жалғасын деп дәстүрімді салтымды,
Мені артына қалдырған ғой жан бабам.
(З. Әбілтаева)
Қайырымдылық, ізгілік, әдеп – ұят,
Етпеді ме бабалар бізге ұлағат.
Ажыратпай жақсы, жаман, адал, арам,
Қайда кетті қасиетті «обал», «сауап».
(М.Ысқақова)
Көктем туып, наурыз мейрамы атап өтіліп жатқан кезде де оның тағылымдық әрі танымдық және тәрбиелік мәнін жас ұрпақтардың санасына сіңіру ұстаздардың басты парызы екендігін естен шығармайық. Ұлттық ұғымдар ұлттық сананың ірге тасы, түп қазығы екендігінде үнемі есімізде сақтауға тиіспіз.
Ұлттық ұғым-ұлтымыздың сан ғасырлық ұраны,
Қастерлеуге міндеттіміз ұлттық асыл мұраны.
Ұлттық сана нәр алатын ұлттық дана ұғымды,
Біліп өссін ұлттың әрбір ұрпақ –ұланы.
(Р.Сәтімбеков)
Атадан қалған аманат,
Ырысты мекен жерім бар.
Қандырған елді қанағат,
Теңізім, өзен, көлім бар.
Даламның төсін уламай,
Былғамай мөлдір суымды.
Заһарлы қалдық жинамай,
Келімсек, әкет пұлыңды.
Тауым мен далам киелі,
Былғама қоқыс, күліңмен.
Халқымның таза жүрегі,
Ертеңің қамдар бүгіннен.
(Д.Әбдіраманов)
Көктем, наурыз және табиғат деген ұғымдар аса қастерлі де, қасиетті ұғымдар. Мұның бәріде табиғаттың ұлы заңдылықтарына бағынады. Оған қасры тұру адамзат үшін аса қатерлі де қауіпті.
Табиғатқа бағыну керек емес,
Табыну керек!
Оның суығына тоңып,
Ыстығына күю керек.
Ең бастысы – сүю керек!
(Қадыр Мырза Әли)
Табиғатта жарасымды бәрі де,
Әр жәндіктің әуені шақ - әніне.
Алғыр адам!
Мынау ғажап әлемнен
Біз ұғынар ұлылық көп әлі де.
Алғыр адам!
Ойың кетті әріге,
Әміріңнен шықпайтындай бәрі де,
Әйткенменен табиғаттың өзінен
Біз үйренер ұлылық көп әлі де.
(Ғұсман Жандыбаев)
Табиғатқа керегі тек тазалық,
Табиғаттың тағдырын көп жазалық.
Отандастар ойланайық бәріміз,
Табиғатты ұстау керек таза ғып!
(Р.Сәтімбеков)
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Наурыз: жанғырған салт-дәстүрлер. Алматығ 1991.
2. Өмірзақов Тоқтасын Міштайұлы. Ұлыс күн кітабы – Астана: «Руханият орталығы», 2001. – 136 бет.
3. Қыдыралин Ү. Маңғыстау қазақтарының дәстүрлі мәдениеті мен әдет-ғұрыптары. Атырау, 2002.
4. Батыс Қазақстан облысы. Энциклопедия. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2002. – 592 бет.
5. Кенжеахметұлы С. Ұлттық әдет-ғұрыптың беймәлім 220 түрі. Көмекші оқу құралы. – Алматы, «Санат» 1998.-256 бет.
6. Кейкін Жәрдем. Қазақы атаулар мен байламдар. Алматы: «Өлке» баспасы. – 2000. -256 бет.
Сәтімбеков Рысбай
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ұстазы, доцент
Жолмағамбетова Маржан
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің аға оқытушысы
Меңілбаева Жаңагүл
Алматы қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы №159 гимназиясының биология пәні мұғалімі