Мүлікті және қаржыны заңдастыру ел дамуына үлес қосады

Мүлікті және қаржыны заңдастыру ел дамуына үлес қосады
Фото: vk.com

Бүгін, Ұлт жоспарының 41-қадамына тоқталамыз. Ол мүлікті және қаржыны заңдастыру рәсімдерін оңайлату мен қолданыстағы заңға өзгертулер және толықтырулар енгізуді көздейді.

"100 нақты қадам" Ұлт жоспарында мүлікті және қаржыны заңдастыру ресімдерін оңайлату, заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу керектігі айтылған.

Ақша мен мүлікті заңдастыру әркімнің өз еркі. Ешқандай міндет жоқ. Алайда жария етілген қаражаттың көлеміне қарап бұл істе қоғамның шет қалмағанын аңғарамыз. Мұның сан түрлі себебі бар. Сарапшылар мүлік пен қаржыны заңдастыру үлкен мүмкіндік деп санайды. Түптеп келгенде мұның экономикалық әсері мол болмақ. Ұлт жоспарының 41-қадамы жайлы толығырақ бүгінгі мақалада тарқатамыз.
 
Жалпы, қолданыстағы заң 2006 жылы қабылданған болатын. 2014- жылы мүлікті жария етуге байланысты рақымшылық жасау туралы қаулы қабылданды.

Мүлікті және қаражатты заңдастыру,  кірістерді жария етудің жалпыға ортақ кең көлемді акциясы - маңызды қадамдардың бірі.

Ол мемлекет үшін де, ел азаматтары үшін де пайдалы: біріншіден, жеке тұлғалар қолында бар мүлкін заңды айналымға шығаруға мүмкіндік алса, екіншіден, ел экономикасына заңдастырылған капитал мен мүлік түріндегі қосымша қаражат тартылады.

Заңдастыруға қазақстандық және шетелдік үлгідегі қаражат, құнды қағаздар, заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы үлес және жылжымайтын мүлік жатқызылады. Заңдастырылған мүлік жеке тұлғаның кірісі саналмайды, тиісінше жеке тұлғаға қосымша салық салынбайды.

Елімізде заңдастыру науқаны басталғалы 1 трлн теңгенің мүлкі мен қаржысы заңдастырылған.  

Айта кететін бір жайт, Ұлт жоспары қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылдың құқықтық негіздерін, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы қаржы мониторингі субъектілерінің, уәкілетті органның және Қазақстан Республикасының басқа да мемлекеттік органдарының құқықтық қатынастарын да айқындайды. 

Ескертуде: "Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады" -делінген.

Әр қазақстандық мұндай оғаш жағдайлардан аулақ болуды парызы ретінде санағаны жөн.

"100 нақты қадам" жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап және жаңа тарихи жағдайларда ұлттың дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруі жөніндегі жоспар болса, әр азамат оның жүзеге асуына үлес қосуға міндетті.

А. Оралқызы