2019 жылдың 12 қыркүйегінде Нұр-Сұлтан қаласында мұғалімдер арасында А.Байтұрсынұлы атындағы республикалық байқау өтеді.
Байқауды ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырады.
Байқаудың мақсаты – қоғам қайраткері, қазақтың ұлттық ғылымының көшбасшысы Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми-педагогикалық мұраларынының сабақтастығын жалғастыру. Сондай-ақ, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және оны сапалы оқыту мақсатын жүзеге асырып жүрген үздік оқытушылардың жаңашыл әдіс-тәсілдерді қолданудағы жұмыс тәжірибесімен танысу, қазақ тілінің жас мамандары арасында шығармашылықпен жұмыс жасайтын оқытушыларды анықтап, озық тәжірибелерін тарату, сондай-ақ мемлекеттік тілді оқытып жүрген оқытушылардың кәсіби беделі мен қоғамдағы мәртебесін арттыру болып отыр.
Республикалық байқау үш кезеңнен тұрады: бірінші кезең – қатысушылардың өздері, оқу материалдары және жетістіктері жайлы алдын ала дайындаған бейнетаныстырылым көрсетеді. Екінші кезең – қатысушылардың педагогикалық-психологиялық жағдаяттарға арналған тапсырмаларды орындауы; үшінші кезең – 20-25 минут көлемінде сабақ үлгісін көрсету.
Аталған шараға еліміздің 16 өңірінің оқытушылары қатысады. Республикалық байқау жеңімпаздарын әдіскер-ғалымдардан құралған қазылар алқасы анықтайды. Жеңімпаздар арнайы дипломдар, алғысхаттармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталады.
"Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ тіл білімі мен қазақ тілін оқыту әдістемесінің негізін қалаған ғалым-ұстаз екендігі көкірегі ояу, көзі ашық ортаға аян. Ғалымның қазақ тілін оқытуға арналған "Методика мәселелері", "Қай әдіс жақсы?", "Оқу құралы" және т.б. мұралары жас ғалым-зерттеуші, педагог-әдіскер жастарға мәңгі азық болары сөзсіз. Қазіргі таңда зерттеуші-әдіскерлер қазақ тілін үйретуде қолданылып жүрген оқытудың тиімді жаңашыл технологиялары жайлы идеялардың Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік еңбектерінен бастау алатындығын дәлелдеп жүр. Сондықтан ұлт ғалымының әдіс-тәсілдері жайлы тұжырымдарының өміршеңдігін зерделей отырып, қазақ тілін оқыту әдістемесіне толыққанды пайдалану арқылы оның мұраларын жаңғырту жас оқытушылардың құзырында", - делінген баспасөз баянында.