Қазақ ұлттық университетінің әлемдік 250 үздік университеттің қатарына енуін де тек білім беру мен ғылыми зерттеу ізденістері ғана емес, жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқан тәрбие жұмысының тағылымды да тәлімді мектебінің өзіндік айрықша орны бар. Университетіміз атын иеленіп отырған, әлемге екінші ұстаз ретінде танылған ұлы ғұлама әл-Фараби бабамыз: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзатқа қауіпті» деген екен. Ендеше, тағылымды тәрбие қай оқу орны болмасын өзекті мәселелердің бастысы болып табылады. Сондықтан да біздің университетте бүгінгі білімгерлерден болашақ азаматтық-тұлға қалыптастырудағы педагогикалық тәлімгерліктің биік дәстүрі қалыптасқан. Ол бүгінде уақыт үдерісіне сай кең көлемде жаңашылдықпен дамытылу үстінде.
Қасиетті білім ордасында университет ректоры Ғ.Мұтановтың басшылығының негізінде студент-жастар тәрбиесін жан-жақты және кең ауқымда қамтитын тәрбиелік жобалар қолға алынып, жүйелі жұмыс істеуде. Олар: студенттерді адами-адамгершілік қасиеттерге баулитын «Айналаңды нұрландыр», ҚазҰУ студенті оқуға тиіс «100 кітап», тән мен жанның саулығын үйлестірер «Салауатты өмір салты», ҚазҰУ қалашығын озық үлгідегі өзіндік жаңашыл бедері нағыз жастар қалашығы етуді мақсат тұтқан «Al-Farabi univer sity – Smart City», жастардың ғылыми-шығармашылық ізденісінің жолашары іспетті «Мен жастарға сенемін!» т. б. жобаларды айтуға болады.
Біз бүгін осынау тәрбиелік мәні аса зор жобалар арасынан жақын күндерде қасиетті қарашаңырақ төрінен ту көтерер «Мен жастарға сенемін!» форумының студент-жастардың руханияттық өмірінде алар орны жайлы ой қозғамақпыз.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті үш жыл қатарынан Қазақстан Республикасы Бірінші президенті күніне арналған «Мен жастарға сенемін!» Республика жастарының патриоттық форумын өткізіп келеді. Қараша айының 29-күні өтетін биылғы форумның бір ерекшелігі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерейлі мерекесіне арналмақшы. Форумның басты мақсаты – жастардың қазақ елінің болашағына деген азаматтық жауапкершілігін арттыру және отаншылдық сезімін биікке көтеріп, жастардың елшілдік рухын асқақтау.
Университет ректоры академик Ғ.Мұтанов Елбасының жастарға деген сенімімен қуат алар «Мен жастарға сенемін!» студенттік форум өткізу идеясын көтеріп, ол бүгінде дәстүрге айналды. Осынау патриоттық форумның жыл сайын өткізілуі Республика студент жастарынан қызу қолдау тауып, жастардың жарқын мерекесіне айналып келе жатқанын атап айтқымыз келеді. Мұның көрсеткіші төмендегі әр жылдардағы қатысушылар санынан көрініс тауып тұр. Мәселен, 2013 жылы осы студенттік форумға Республика аймақтарынан 605 жұмыс, 2014 жылы – 827 жұмыс, 2015 жылы – 1350 жұмыс, биылғы жылы – 1560 студенттердің жұмысы келіп түсті.
Форумда жалпы студент-жастардың өзіндік ерекшелік сипатын толық қамтитын түрлі іс-шаралар: ғылыми ізденісін, ой-таным тереңдігін шығармашылық талабын жан-жақты бағдарлар конкурстық жүйе қалыптасқан. Атап айтсақ: «Еліміздің инновациялық дамуына менің қосқан нақты үлесім» атты студенттік әлеуметтік маңызы бар инновациялық жобалар байқауы; «Мен мемлекетімнің дамуы үшін не істей аламын?» атты студенттік эссе байқауы; «Мен жастарға сенемін тақырыбындағы студенттік поэзиялық азаматтық-патриоттық шығармалар байқауы»; «Мәңгілік Ел – Мұратым» патриоттық әндер байқауы.
Бұл, әрине, өте үлкен жауапкершілікті талап ететін ғылыми және шығармашылық жастар форумы. Сондықтан да форумдағы байқаудың түрлі бағыттар бойынша елімізге белгілі тұлғалардан құралған әділқазылар алқасы барлық конкурс жұмыстарымен тиянақты түрде танысып шығып, «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққандардың Гала форумға қатысуына жолдама береді. Таңдаудың өте жауапкершілікпен өткізілетіндігін төмендегі жыл қорытындыларынан көре аламыз. Жоғарыда жалпы қатысушылар сандары көрсетілсе, төменде солардың ішінен Гала форумға жолдама алғандар саны беріліп отыр. 2013 жылы – 87 жұмыс, 2014 – 101 жұмыс, 2015 – 130 жұмыс Гала форумға жіберілді. Биылғы жылғы жұмыстарды қазір әділ қазылар алқасы іріктеу үстінде.
Биылғы жылы да жылдағыдай форум 2 кезеңнен тұрады, алғашқы кезең – іріктеу кезеңі, 2 кезең гала-форум. Форум байқауларының жеңімпаздарының жүлделі орындары диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Бірінші орынға ие болған байқау қатысушыларының бас жүлдесі – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да бір жыл тегін оқу гранты. Жылда осы бас жүлдені ҚазҰУ-мен бірге басқа жоғары оқу орындары, соның ішінде аймақтық оқу орындары студенттері де алып келеді. Әр жылдардағы жеңімпаздар арасында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, Еуразия технологиялық университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті, Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті, т.б. жоғары оқу орындарының студенттері бар.
«Мен жастарға сенемін!» форумы – Республика жастарын отансүйгіштік қасиеттерге тәрбиелеуде айрықша орын алар, өз Отанын сүйетін әрбір патриот жас ұланның туған жеріне деген құрметі мен тәуелсіз елінің өркендеуіне қосар үлесінің мақсат-міндеттерін айқындайтын шығармашылық ізденіс. Жастардың өз бойындағы талантын ашуға, ғылыми ізденіске бейімделуге, тұлға болып қалыптасуына жол ашар тағылым-танымдық іс-шара. Сондықтан да ол – әрі қызықты, әрі қиын жас таланттар бәйгесі. «Талапты ерге нұр жауар» дейді халқымыз, бүгінгі жастардың таланты мен дарынын танытуға мол мүмкіндік ашар осындай руханияттық форумдар көбірек өткізіліп жатса, нұр үстіне нұр болар еді.
Біз қашанда «Мен жастарға сенемін!» форумына қатысушы жастардың ғылыми ізденістерінен, шығармашылық еңбектерінен «елім» деген азаматтық үн естіліп, тұлға болып қалыптасуға деген ұмтылыс, жастардың жалынды жігері сезілсе екен дейміз.
Сан мыңдаған талапты жас қыранды қияға қанат қақтырған алтын ұя – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шаңырағында өтетін «Мен жастарға сенемін!» Республикалық студент-жастардың патриоттық форумына қатысушыларға тек жемісті еңбек, жеңісті сәттілік тілейік!
Жұлдыз Есімова,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тәрбие департаментінің директоры,
филология ғылымының кандидаты, доцент