- Негізгі бет
- Мәңгілік ел
- Мемлекеттік тілдің мерейі...
Мемлекеттік тілдің мерейі
1989 жылы құрылған «Қазақ тілі» қоғамы тәуелсіздігімізге толайым жол салғандай болады да тұрады. Өйткені, қоғам бірден-ақ қанатын кең жайып, Қазақстанның барлық өңірінде өзінің жергілікті ұйымдарын құра бастады. 19 облыстық, 200-ден аса аудандық, мыңдаған бастауыш ұйымдар құрылды. Қалалық, облыстық, аудандық, ауылдық ұйымдармен бірге ірі мекемелерде біріккен комитеттер ұйымдастырылды. Ел арасында тіліміздің өрісін кеңейту жолдарын тынымсыз насихаттады. Осындай нақты іс-әрекеттер нәтижесінде қоғам ел алдында бедел алып, халықтық қозғалысқа айналды. Әсіресе, Тіл туралы заң мен Мемлекеттік бағдарламаның іске қосылуына қоғам қосқан үлес өлшеусіз.
Қоғамның ІІ құрылтайында сөз сөйлеген белгілі ғалым, профессор Кеңесбай Мұсаевтың пікірін келтіргенді жөн көріп отырмын. Ол: «Осы уақыт ішінде қоғамның тындырған ең үлкен жетістіктері не дегенде қоғам қазақтың қазақтығын дамытатын қоғам екенін дәлелдеуі дер едім. Екіншіден, қоғам қазақтардың ертеңге сенімін арттырды. Үшіншіден, ұлтшылдық қорқынышынан құтқарды, соны әлсіретуге көп көмектесті» деп пікір білдірген еді. Бұл пікірдің орындылығын уақыттың өзі көрсетіп отыр ғой деп ойлаймын.
Елдің санасын оятуда, ұлттық рухты көтеруде баспасөздің ерекше маңызға ие екендігі белгілі. Осыған байланысты біздің де әуелгі қолға алғанымыз баспасөз болды. 1990 жылғы наурыздың 22-сінде республикалық «Қазақ тілі» қоғамының үні ретінде өмірге келген «Ана тілі» атты үнқағазымыз содан бергі аралықта республикамыздағы таралу мөлшері көп беделді басылымдардың қатарына шықты. Тіл тағдырын ту етіп отырған бұл басылымды кешегі Ахмет Байтұрсынов шығарған «Қазақ» газетінің рухани жалғасы деп айтуға әбден болады. Бұдан бөлек, «Қазақ тілі» қоғамының жер-жердегі ұйымдары мен бөлімшелері шығарған мерзімдік ақпарат құралдарының саны 30-дан асып кетеді. Бұлардың бәрі де қоғамдық пікір қалыптастыруда, ұлттық жадымызды жаңғыртуда елеулі қызметтер атқарғаны ақиқат. Жалпы, қазақ тілінің 1989 жылы мемлекеттік тіл мәртебесін алуы, «Қазақ тілі» қоғамының құрылуы қоғамдық пікірге айрықша ықпал беріп, ұлттық сананың дүр сілкінуі ел тәуелсіздігіне алып келді десек, артық айтқандық болмайды деп білеміз.
Дүние жүзі қазақтарының Құрылтайын өткізу идеясын көтергендердің бірі – «Қазақ тілі» қоғамы болатын. Өзге қоғамдық ұйымдармен бірге мұны ұйымдастырудың басы-қасында «Қазақ тілі» қоғамы жүрді.
Сол кезеңдерден бері толассыз жүргізіліп келе жатқан тіл майданы әлі тоқтаған жоқ. Тілге байланысты қабылданған әрбір құжаттың астарында осындай күрестер ізі жатыр. Өйткені, тәуелсіздіктің басты шарттарының бірі – тіл тәуелсіздігі еді.
Қоғам қызметінің алғашқы жылдары ерекше қарқынды әрі қызу болды. Еліміздің бүкіл аймақтарын, тіпті, шалғайдағы ауылдардың өзін де қамтыды. Көптеген өндірістік кәсіпорындар да бұл елдік істен шет қалмады. Қазақ халқы бұл қоғамға айрықша үміт артты. Тәуелсіздіктің тірегіндей көрді. Қауымдасып мүше болды, тілеулестік танытты, демеушілік көрсетті. Өз беттерінше бастама көтеріп, жергілікті ұйымдар мен бөлімшелерді ашты.
Сондай-ақ, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамын мемлекеттік деңгейдегі аса ауқымды істі қолға алған іргелі, көп тармақты қоғамдық ұйым деуге де болатыны анық. Өйткені, қоғамның жарғысын алғаш Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы бекітті. Бастапқы жылдары, атап айтқанда, 1993 жылға дейін мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылып келді. Қоғамға Тіл туралы заң мен мемлекеттік бағдарламаны іске асыру міндеті артылды. Алайда, қоғам арнайы ресми мемлекеттік мекеме болмағандықтан, бұл міндетті ойдағыдай атқаруы мүмкін емес еді. Бұл іс кейіннен қоғамның ұсынысы бойынша құрылған Тіл комитетіне жүктелді. Тіл комитеті ашылғаннан кейін барлық облыста тіл басқармалары құрылды. Бұл шаралар мемлекеттік тіл саясатының пәрменді жүргізілуіне айтарлықтай серпін беріп отырғанын ашып айтуға тиіспіз.
Қоғам тәуелсіздік жылдарында тілге қатысты салалардың бәріне араласып, өзінің тіл жоқшысы, бірден-бір қамқоршысы екенін үнемі дәлелдеп отырды. Бір айтарлық жай, біз 1989 жылы «Қазақ тілі» қоғамын құрайық деп жатқанда, «Эстон тілі» қоғамы өзінің 70 жылдығын атап өтіп жатты. Ал Ататүрік негізін қалаған «Түрік тілі» қоғамы әлі күнге қызмет етіп, Түркия мемлекетінің ұлттық идеологиясының ошағына айналып отыр. Биыл құрылғанына 25 жыл толып отырған «Қазақ тілі» қоғамы қажет пе, қажет емес пе деген мәселенің күн тәртібіне қойылуы әлі ерте деп білемін. Сондай-ақ, елімізде осыншалық уақыт қызметін жалғастырып келе жатқан қоғамдық ұйым жоқтың қасы. «Қазақ тілі» қоғамының осы уақыт аралығында бағдарынан ауытқымай, өз қызметін қалыпты түрде жалғастырып келе жатуы ұстанған бағыты мен іс-әрекетінің оң екендігін тағы да бір дәлелдей түспей ме?!
Нақтырақ айтатын болсақ, үкіметтік емес ұйымдардың міндеті қоғамда қордаланып қалған мәселелерге жұртшылықтың, тиісті органдардың назарын аударту, қозғау салу, қоғамдық пікір қалыптастыру, ұсыныстар беру, мемлекеттік мекемелердің қызметіне қоғамдық бақылау орнату. Осыған орай «Қазақ тілі» қоғамы да өз Жарғысында көзделген міндеттерін тиісінше атқарып келеді.
Ал енді, әсіресе, тәуелсіздік жылдарында қазақ тілінің өрісін кеңейту жолындағы мемлекетіміздің атқарып келе жатқан істеріне көз жұмып қарасақ, мұнымыз «көрмес түйені де көрместің» керін келтіргендік болар еді. Сондықтан да әрбір іске, әрқандай әрекетке баға бергенде, әділеттің ақ жолынан ауытқымағанымыз орынды.
Қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту үшін егемен еліміз не атқарып келе жатыр дегенге келсек, мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болған қазақ тілінің мәселесі Елбасының назарынан ешқашан тыс қалып көрген жоқ. Мысалы, ана тілімізді ардақтау мақсатында 25 жылдың ішінде Елбасы 5 Жарлық, 3 Өкімге қол қойса, Үкімет мемлекеттік тілді өркендету тұрғысында 22 қаулы қабылдапты. Арнайы заң, Мемлекеттік бағдарлама бар. Тіл комитеті, облыстық тіл басқармалары қызмет етуде. Тәуелсіздік алған 25 жылдың ішінде елімізде жүздеген қазақ мектебі ашылыпты. Аралас мектептерді санамағанда, еліміздегі барлығы 7 721 мектептің ішіндегі 4 мыңдай мектеп таза қазақ тілінде білім береді екен. Бұдан бөлек, елімізде қазақ тілінің оқыту жүйесін жетілдіру мақсатында 16 аймақтық, 15 қалалық, аудандық тіл орталықтары ашылған. Елбасы мұндай оқу орталықтарының санын 150-ге жеткізуді тапсырды. 2005 жылы мемлекеттік тілді дамытуға бөлінген қаржы мен бүгінгі қаржыны салыстырып қарасақ, арасы жер мен көктей.
Мұның бәрін айтып отырғаным – қалай болғанда да ілгерілеушіліктердің бар екендігін көрсету. «Жыламаған балаға емшек бермейді» деген сөз бар. Қол жеткен нәтижелеріміз тілім, елім деген асыл азаматтардың намысқа шауып, жан-жақтан тіл мәселесін тұрақты көтеруінің, табандылық танытуының, мәселені Елбасының түсіністікпен қабылдауының арқасы. Қазір айтуға оңай. Әрбір қазақ мектебін ашу, қазақ тілін мемлекеттік тіл ету қаншалықты күшке түскені жұртшылықтың жадынан шыға қоймаған болар. Бұл үшін ең бірінші алғыс-рахметімізді Тәуелсіздігімізге айту керек. Бұл бағыттағы істерді тоқтатуға болмайды.
Жалпы, еліміз тіл мәселесіне қатысты асығыс, үстірт шешімдер қабылдамай, алысқа, болашаққа бағытталған салмақты саясат ұстанып келеді. Елбасының ұлт, ел тағдырына қатысты қабылдаған кейбір соны шешімдерін жұртшылық бастапқыда байыбына бара алмай, тосырқап қабылдағанымен, жылдар өткеннен кейін оның дұрыстығына көздері жетуде. Мұның бәрі де уақыт өте келе өз жемісін беріп жатыр.
Қазақта «Өзің диуанасың, кімге пір боласың» деген сөз бар. Айбынбай теңдік сұрау үшін де қоғамның ешнәрсеге мұқтаж, ешкімге кіріптар болмауы шарт. Әрине, бұл шартыңды біреу келіп толтырып бермейді. Және осы қоғамды қайтсең де ұстап тұр, оның жұмысын жүргіз деп зорлап отырған да жан жоқ. Сондықтан, өзгеге өкпе арту, міндетсу, кінәлау орынсыз деп білемін.
Қарапайым мысалмен айтсақ, айдын көлді жел тербемей, үнемі бірқалыпты, орнықты күйінде тұра берсе – борсиды, жан-жақтан өзендер келіп құйып тұрмаса – сарқылады. Осыған бақсақ, қоғам ісіне өзіндік ойы бар, пікірлі, істің көзін білетін жандарды тарту, жігерлі жастарды топтастыру қажеттігі білініп тұр. Алда болатын кезекті құрылтайымызда осы мәселелерді жан-жақты қарастырмақпыз.
Және бір айтарымыз – біздің тікелей тексеріп, шара қабылдауға құқымыз бар ма? Алдағы уақытта мұның да жолын тауып, тетігін қарастыруды ойластырамыз…
Шындығын айтсам, қолымда жастардың тілді білу деңгейлеріне қатысты нақты дерек жоқ. Шамалап айтатын болсам, қазақ мектептеріне баратын жастардың үлес салмағы жылдан-жылға артып келеді. Алайда, үлкен қалалардағы қазақ мектептерінің үлесі әлі де аз. Мысалы, Алматы қаласында қазақ мектептері қаладағы орыс тілді мектептермен сан жағынан әлі де теңесе алмай келеді. Осыған байланысты біз кейінгі он жылда арнайы зерттеу жүргіздік. Алматы қалалық білім департаментінің осы жылғы берген мәліметі бойынша, Алматы қаласында барлығы 174 мектеп бар. Оның ішінде: қазақ мектебі – 38; орыс мектебі – 89; аралас мектеп – 44; ұйғыр мектебі – 3.
Алматы қаласы бойынша жалпы оқушылар саны – 161 145 те, қазақ балаларының жалпы саны – 92 905. Енді қазақ балаларының мектептердегі үлес салмағына назар аударайық: қазақ мектептеріндегі қазақ балаларының жалпы саны – 38 415; орыс мектептеріндегі қазақ балаларының жалпы саны – 30 739; аралас мектептердегі қазақ балаларының жалпы саны – 23 751. Бұл орайда аралас мектептердегі қазақ балаларының барлығы бірдей қазақ сыныбында оқымайтынын ескеру керек.
Келтірілген деректер қазақ балаларының басым бөлігінің орыс мектептерінде білім алып жатқандығын көрсетеді. Оның үстіне қаладағы қазақ мектептері өте аз. Оқушылар сыймай, екі-үш ауысыммен оқуда. Жылына екі мектептен салып отырған күннің өзінде қазақ мектептерінің санын ұлғайту мүмкін емес. Біздіңше, қазақ тілінің өркен жаяр өрісі – қазақ мектептерін көбейтудің ең дұрыс шешімі осы болмақ. Егер, жағдайды осы қалпында қалдыра беретін болсақ, істеп жатқан ісіміздің ешқандай нәтижесі болмайды. Бұл мәселе алдымыздан үнемі қайталанып шығады да отырады. Сондықтан, елімізде мемлекеттік тіл – қазақ тілінің адымын аштырмайтын, қолдан қалыптастырылған тұйық шеңберден шығудың осындай жолын таңдап, тиісті шараларды жедел қолға алуға тиіспіз.
Ал орыс, ұйғыр мектептерінде қазақ тілі пәнінің сағат санын барынша ұлғайтып, оны біліктілігі жоғары маман-педагогтармен қамтамасыз еткен жөн.
Осында айтылған ұсыныстарды бір ғана Алматы қаласында емес, бүкіл республика аумағында орта білім беру саласында қолдану қажет деп білеміз.
Ал орыс тілінде оқып жатқан қазақ балаларына келетін болсақ, балаларын орыс мектептеріне апарып жүрген халықты кінәлаудың реті жоқ. Ел ұлттың бас көтерер адамдарына, мемлекеттік билікке қарайды. Ойын да, бойын да соларға қарап түзейді. Биліктің тілі орысша болса, ұлт зиялылары немерелерін орыс тілді мектептерге беріп жатса, қарапайым халық оларға еліктемей қалай тұрсын. Елге айтар сөзі бір басқа да, ісі бір басқа болып отырған зиялылардың өзі сенбеген нәрсеге халықты қалай сендірмек болып отырғандарына таңым бар. Сондықтан, елдің бас көтерер адамдары өз дерттерінен өздері арылғандары жөн.
Еліміз шеттегі қазақтар мәселесімен 90-жылдардан бастап айналыса бастады. Содан бергі кезеңде елге миллионға жуық қандасымыз оралыпты. Бұл өте қуанышты жағдай. «Нұрлы көш» бағдарламасы қабылданды. Сөйтіп, көші-қон мәселесі жүйелі жолға түскендей болды. Алайда, бір ғана бағдарлама аясында шеттегі бар қазақты толық көшіріп алу таяу жылдарда іске аса қоймайды деп ойлаймын. Оның үстіне Еуропадағы қазақтардың келе қоюы да қиын. Ресейдегі қазақтар да жылы орнын суыта қоймас. Сондықтан, негізгі назарды Қытай мен Өзбекстандағы қазақтарға аударған орынды. Ал Моңғолиядағы қазақтарға тікелей төніп тұрған қатер жоқ. Арнайы еларалық деңгейде келісім жасап, Қытайдағы қазақтардың елімізге оралуына қам жасағанымыз абзал. Ал қалған елдердегі қазақтарға сол тұрған жерлерінде қазақ тілі мен мәдениетінен ажырамайтындай жағдай тудырса болады.
Қазір шетелдегі қазақтардың рухани-мәдени мәселелерімен Дүние жүзі қазақтарының қауымдастығы айналысып отыр. Ол – қоғамдық ұйым. Оның да мүмкіндігі шектеулі. Жер-жерде кіші құрылтайлар ұйымдастырып, ел аралап, жағдайларын білгеннен мәселе шешілмейді. Шеттегі қазақтардың мәселесін жүйелі шешу үшін Ресейдегі «Русский мир» қоры секілді арнайы мемлекеттік ұйым құрылғаны жөн деп білемін.
Елбасының лингвистикалық комиссияның алдына келіп, емтихан тапсыруы – мемлекеттік тілге, Қазақ еліне деген құрметі, басқаларға көрсеткен үлгісі. Ел басқарамын деген адамның сол елдің мемлекеттік тілін білмеуі қаншалықты қисынды? Мұндайды тек отаршыл елдер өз бодандарына ғана қолданатыны белгілі емес пе. Сондықтан президенттіктен үміткерлердің мемлекеттік тілден емтихан тапсыруы – табиғи жағдай, солай болуы тиіс дүние деп қараймын.
Ал Елбасының қазақ тілін қаншалықты меңгергені – көпшіліктің көз алдында. Мен мұны «Егемен Қазақстан» газеті бетінде айттым да. Оған алып-қосар аз. Елбасының өзі талап үдесінен осылай көрінгенде, мемлекеттік қызметшілердің өзге мемлекеттің тілінде қызмет жасауын қай қисынға жатқызарымды білмей отырмын. Тіпті, сол тіл ұлтаралық қарым-қатынас, ресми тіл болса да. Бұл – әлемнің ешбір елінде кездеспейтін жәйт.
Сөз жоқ, қазақ тілі Қазақ елінде барынша басымдыққа ие болады. Бұған сенімім кәміл. Ал тілде қалыптасу, болу-толу деген болмайды. Өйткені, тіл – жанды құбылыс, Тәуелсіздігіміздің нық тірегі, бір негізі. Ол халықпен бірге жасап, бірге дамып, бірге түлеп отырады. Сондықтан тілге қатысты атқарылар шаруа, бітірер іс ешқашан тәмамдалмайды деп білемін. Мемлекеттік тілдің мерейі Тәуелсіздігімізбен бірге асқақтай беретініне еш күмән жоқ.
Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ,
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының
президенті, академик
T. Кіршібаев