Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемнің неғұрлым бәсекеге қабілетті 30 елінің қатарына ену тұрғысынан алға қойған міндеттерін табысты түрде жүзеге асыру көп жағдайда мемлекеттік қызметшілердің тиімді аппаратын қалыптастыруға байланысты. Экономикалық қайта құрылымдардың, демек, қоғамдағы әлеуметтік-саяси тұрақтылық нәтижелілігі ауқымды түрде алғанда нақ мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігіне, олардың бастамашылдығына, ең бастысы, еліміз таңдаған бағытқа берілгендігіне тікелей тәуелді.
Сондықтан да кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру еліміздің ұзақ мерзімді дамуының стратегиясының басты басымдықтарының бірі болып табылады. Және мұның өзі білікті кадрларды даярлау мемлекеттік басқару саласы үшін қай кезде де маңызды міндет болып келгенімен байланыстырылады.
Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және олардың біліктіліктерін көтеру — бұл мемлекеттік қызметтің адами капиталын дамытудың түйінді элементі. Мемлекеттік қызметшілерді кәсібилендірудің тиімділігі мәселесінің көкейкестілігі бірінші Институционалды реформаны жүзеге асырумен тығыз байланысты.
Бұл, өз кезегінде, Мемлекеттік қызмет туралы жаңа Заңның (2015 жылғы 23 қарашасында қабылданды) және басқа нормативтік құжаттарының қабылдануы қажеттігін тудырды. Бұл қатарда ҚР Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсанда №152 Жарлығымен бекітілген «Мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және біліктіліктерін көтеру ережелері» де бар.
Ұлт жоспарының тоғызыншы қадамы мемлекеттік қызметшілерге жүйелі және сапалы білім беруді құруды білдіреді. Бүгінгі күні ол ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын және мемлекеттік қызметшілерге жергілікті жерде білім берудің қажетті элементі ретінде өңірлік оқыту орталықтарын біріктіреді.
Білім берудің қалыптасқан жүйесі, біріншіден, мемлекеттік қызметшілерді олардың кәсіби қызметінің бастапқы кезеңінде қайта даярлауды жүзеге асырады. Бұл мемлекеттік қызметке олардың кірісу сәтінен немесе басшылық лауазымға тағайындалуынан алты айдан кешікпей орындалады. Екіншіден, біліктілікті көтеру барлық әкімшілік қызметшілер үшін үш жылда жүргізіледі.
Әкімшілік кадрларды оқытудың ұдайы қолданыстағы жүйесін заңдылық негізде бекіту маңызды қажеттілік болып табылады, өйткені алған білім әдетте уақыт өте келе көнере бастайды.
Өңірлік оқыту орталығының негізгі міндеті оның құрылған 2005 жылғы сәтінен орталық атқарушы органдардың аумақтық бөлімшелері мен жергілікті мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілерінің кәсіби деңгейін көтеруге жол ашатын сапалы ағартушылық қызмет көрсетумен тұжырымдалады.
Соңғы бес жыл ішінде, яғни 2011 жылдан 2015 жылға дейін біздің өңірлік орталығымыздан бес мыңнан астам мемлекеттік қызметші қайта даярлау мен білімін көтеруден өтті. Өткен жылы ғана бізде 1114 мемлекеттік қызметші білім алды. Ағымдағы жылы қайта даярлаудың 9 курсы және 12 семинары өткізілді, онда 717 мемлекеттік қызметші оқыды. Жылдың аяғына дейін тағы да үш курс және бес семинар ұйымдастыру жоспары бар.
Өңірлік оқыту орталығында негізінен жергілікті органдардың мемлекеттік қызметшілері білім алудан өтті. Орталық атқарушы мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінен мемлекеттік қызметшілердің саны өсе түскенін атап көрсетуге болады.
Мәселен, 2014 жылы олар 26,3 пайызды құраса, 2015 жылы 36,9 пайызға жетті, ал бүгінгі күні білім алып шыққандар санына шаққанда ғана 25,2 пайызды көрсетуде.
Өңірлік оқыту орталығында оқу процесінде ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының типтік бағдарламалары негізінде жасалған жаңа білім беру бағдарламаларын және өңірлік ерекшеліктерді ескеріп, Академия ғылыми-әдістемелік кеңесі берген ұсыныстарды енгізу жүзеге асқанын атап көрсетуге болады. Яғни білім беру мемлекеттік органдардың қызметін бағалау жүйесінің нәтижелеріне, сондай-ақ мемлекеттік органдарда менеджментті дамытудың басымдық бағыттарына (стратегиялық жоспарлау, менеджмент тәуекелі, қызметкерлерді басқару, талант-менеджмент, т.б.) негізделген.
Сарапшыларды тарту арқылы семинарлар өткізіледі. Өткен жылы «Қазақстан Республикасындағы индустриалды-инновациялық саясатты жүзеге асырудың көкейкесті мәселелері» тақырыбы бойынша кадрлардың біліктілігін көтеру семинары жұмысына ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы экономиканы басқару кафедрасының меңгерушісі, экономика ғылымдарының кандидаты Ерлан Әбіл қатысып, лекция оқыды.
Жыл сайын «Қазақстан Республикасындағы электронды үкімет» тақырыбымен семинарларға ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының доценті, мемлекеттік қызметшілерді оқыту өңірлік орталықтарымен өзара байланыс және дистанциондық оқыту секторының жетекшісі Қатира Құдайқұлова қатысып келеді.
Бұрын лектор ретінде Орынбор мемлекеттік университетінің мемлекеттік және муниципальдық басқару кафедрасының меңгерушісі, экономика ғылымдарының докторы Фарида Аралбаева да тыңдаушылар алдында сөз сөйлеген болатын.
Бұл семинарларға қатысушыларға білім беру бағдарламаларын тікелей жасаушылармен тақырып бойынша түйінді мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді.
Өңірлік оқыту орталығында сабақтар білім берудің инновациялық әдістерін қолдданумен жүргізіледі. Бұл — психологиялық тренингтер, пікірсайыстар, онлайн-конференциялар, дөңгелек үстелдер, ахуалдық мәселелерді шешу, қызметтің бағыты бойынша жобаларды қорғау.
Өңірлік оқыту орталығы жұмысының практикасына көшпелі семинарлар өткізу де орнықты. Практикалық сабақтар Қарғалы селолық округінің базасында «Анди» ЖШС, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Ақтөбе филиалы, ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы, Ақтөбе қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының секретариаты нысандарына барумен өткізілді. Біздің тыңдаушыларымыз Ә.Молдағұлова атындағы мұражайда, С.Бәйішев атындағы облыстық кітапханада ұйымдастырылған сабақтарға қатысты.
Барлық семинарлар практикалық бағдарға ие. Тыңдаушылар электронды, сондай-ақ қағаз түріндегі материалдармен қамтамасыз етіледі.
Тыңдаушылар арасында біздің штаттағы лекторларымыз Ж.Сейілханова және Ж.Құрманова өткізетін дамытушы тренинг формасындағы сабақтар айрықша қызығушылық тудырады. Жұмыстың белсенді формасы қызметкерлерді басқарудың дағдысын, басқарушылық шешімдерді қабылдаудың әртүрлі технологияларын игеруге мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қызметшілерді оқытудың тиімділігін бағалау үшін ену және шығу тестілеулері өткізіледі, ол жұмыстың практикалық дағдылары мен құқықтық білім деңгейінің ұлғаюын көрсетеді. Сұрау салулар көрсеткендей, тыңдаушылар тарапынан білім беру сапасына қанағаттанушылық 95 пайызды құрады.
2016-2017 оқу жылында өңірлік оқыту орталығының профессор-оқытушылар құрамы 30 адамды құрайды. Олардың арасында патриотизм және қоғамдағы төзімділік тақырыбы бойынша лекциялары тыңдаушылардың барлық категориялары арасында бірыңғай қызығушылықпен тыңдалатын тарих ғылымдарының докторы Рақым Бекназаров бар. Ғылым кандидаттары Ғ.Құсаметова, Б.Дәулетиярова, С.Мұхтаров, магистрлар Н.Өрбісінова, Н.Сейітқалиева өз тыңдаушыларымен арада жанды байланыс орната біледі.
Біздің лекторларымыздың арасында Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің департаменті басшысы Қайыржан Тоқышев, басқарма басшылары Г.Бисекешова, М.Бейбітова, облыстық тексеру комиссиясының мүшелері С.Орынбаев, К.Жүсіпов, облыс әкімі аппаратының қызметкерлері Ж.Алдашев, Р.Омарова, Ж.Қазыбекова, облыстық әділет басқармасының бөлім басшысы Т.Үбішев, тілдерді дамыту басқармасының бөлім жетекшісі Қ.Сұлтаналин секілді мемлекеттік органдардың жауапты қызметкерлері бар.
Оқу-әдістемелік процестердің сапасын көтеру оқытушылар мен тәлімгерлердің өздерінің білім-біліктері мен дағдыларын үздіксіз жаңартуды талап етеді.
Соңғы екі жылдың өзінде ғана ҚР Президенті жанындағы академияда біздің орталықтың штаттағы және штаттан тыс лекторлары арасынан 11 адам білім алды. Оқу-әдістемелік және қоғамдық-ұйымдастыру жұмыстарының тиімділігі мен сапасын көтеруге бағытталған қызметкерлер уәждемесі жүйесі енгізілді.
Мемлекеттік қызметшілерді оқытудың моделдері мен ұстанымдарын жетілдіру, жаңа білім беру бағдарламаларын жасау, жаңа оқу және әдістемелік метериалдарды енгізу — үздіксіз процесс. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса береді. Өңірлік оқыту орталығының даму стратегиясы мемлекеттік қызметшілерді біліктілік және практикалық-бағыттылық ұстаным негізінде оқыту жүйесін одан әрі жаңғыртуды болжамдайды.
Мемлекеттік қызметтің қызмет етуінің тиімділігі көп жағдайда кәсіби өсу процесінде мемлекеттік қызметшілердің жеке басының ерекшеліктерін өзгертуге және жаңа білімді игеруге әзірлігіне байланысты. Өйткені кәсібилік деңгейі, мемлекетті басқаратын адамдардың іскерлік қасиеттері мен жоғары адамгершілік принциптері болуы мемлекеттік биліктің беделі мен беріктігі дәрежесін анықтайтын болады.
Білім беру процесі білім алушылардың жеке өмірі мен кәсіби тіршілігіне тікелей қатысты болғанда, маңызды болып табылады.
Білім алушылар оқу процесінде ғана емес, сондай-ақ алған дағдыларын кезекті қадамда пайдалануда белсенділік танытқанда ғана қатысу принципі сақталуы орын алады.
Білім алу процесінің маңызды принципі дербес жұмысты орындау процесінде қызметшілер көрсете алатын білім алушылардың кері байланысын алу мүмкіндігі болып табылады.
Өңірлік оқыту орталығының басшылығы қайта даярлау курсы мен біліктілікті көтерудің әрбір семинары аяқталған соң мемлекеттік органдардың басшыларының атына олардың қызметкерлері — білімнің жоғары деңгейін көрсеткен, оқу процесінде неғұрлым ерекшеленген біздің тыңдаушыларымыз туралы хабарлама-хат жолдаймыз. Зерттеулер көрсеткеніндей, кәсіби білім берудің бағдарламасының табысты болуы 80 пайызға оның әзірленуінен, қалған 20 пайызы — білім алушылардың ұмтылысы мен қабілетіне байланысты болып келеді. Оқытудың тиімділігі туралы егер бізге жіберілген мемлекеттік қызметшілер бұл қадамды мәжбүрлі шара немесе керісінше, жұмыстан демалу ретінде қарамайтын болса ғана, айтуға болады.
Орталық қызмет көрсету, қаржылық қызметті жүргізу, қызметкерлер үшін әлеуметтік жағдайларды және кадрлық мәселелерді шешу тұрғысынан басқа мемлекеттік мекемелер үшін үнемі үлгі болуға ұмтылады.
Біріншіден, тыңдаушылармен қарым-қатынаста этикалық нормаларды сақтау бағытын ұстанамыз, ұжымдағы қызметкерлер арасындағы қатынаста демократиялық принциптерді сақтаймыз, заңдардың орындалуы қатаң бақыланады. Есепті кезең аяқталуы бойынша қаржы операцияларының дұрыстығын растау үшін қаржы қызметінің бастамашылық аудитіне тұрақты түрде тапсырыс береміз.
Ұжымдық келісімшарттың талаптарын егжей-тегжейлі сақтаймыз. Орталық 2013 жылғы «Үздік ұжымдық келісімшарт» конкурсының жеңімпазы болды, 2015 жылы білім беру мекемелері арасында салық және басқа міндетті төлемдерді төлеу бойынша сала топ бастаушысы атағын жеңіп алды.
2016 жылы орталық жақсы жұмысы үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі министрлігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінен Алғыс хат алды.
Біздің барлық жұмыстарымыз мемлекеттік қызметшілерге сапалы білім беруге бағытталған.
Жақсы әзірліктен өткен, тиянақты білім алған және жоғары кәсіби шеберлік деңгейіндегі кадрлар қай уақытта да мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігінің кепілі болып келеді. Сондай-ақ тұтастай алғанда мемлекеттік саясатты табысты жүзеге асыру тікелей әрбір мемлекеттік қызметкердің өзінің функционалдық міндеттерін тиімділікпен орындау қабілетіне, олардың тұрғындарға сапалы қызмет көрсету білігіне тәуелді болмақ.
Александр ДУБОВЕНКО,
мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және
біліктілігін арттыру өңірлік орталығының директоры.
Дереккөз: aktobegazeti.kz