- Негізгі бет
- Мәңгілік ел
- Мемлекетті кәсібилендіру –...
Мемлекетті кәсібилендіру – жаңғыру үдерісін бастаудың белгісі
Әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің қатарына қосылуды армандап, соған ұмтылу кез-келген тәуелсіз елдің негізгі мақсаты екені анық. Сол жолда Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша “100 нақты қадам – Ұлт жоспарын” құрды.
Нақты қадамның бірінші әрі бірегейі – «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заң негізінде мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға бағытталған реформа.
Қабылданғанына 20 жыл болған мемлекеттік қызмет реформасы Президенттің “100 нақты қадам – Ұлт жоспары” негізінде жаңа сипатқа ие болып отыр.1995 жылдың желтоқсан айында жарияланған кезде бұл біздің еліміз түгіл барша ТМД мемлекеттері үшін жаңашыл шешім болғаны жасырын емес. Осыдан кейін барша бұрынғы кеңестік елдердің ішінде алғашқы болып мемлекеттік қызметшілердің жаңа кадрлық корпусын конкурс және меритократия қағидаттары арқылы қалыптастыру жүзеге асырыла бастады.
Одан бері бұл жолда көптеген шаралар өткізілді. Ал, бүгінде Ұлт жоспарының заманауи талаптарына орай мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа кезеңі басталды.
Жемқорлыққа қарсы жаңа заңнамамен өзара байланыста және сонымен қатарласа қабылданған мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң мемлекеттік қызметтің жаңартылған моделінің негізгі шеңберлерін және мемлекетті басқарудың барлық жүйесінің тиімділігін күшейту бойынша одан арғы іс-қимылдардың рет-тәртібін айқындайды.
Осыған байланысты, бірінші ретте әкімшілік мемлекеттік қызметшінің мансабы оның біліктілігі және жинақтаған тәжірибесі есепке алына отырып құралады. Мансап жолындағы әр қадамы арқылы ол өзінің маман ретінде мықтылығын дәлелдеп отырады.
Маңызды тәртіптердің тағы бірі - мемлекеттік қызметке ашық конкурс арқылы және Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның шешімі бойынша келісімшарттық негізде мемлекеттік емес сектордағы басқарушылар қатарынан азаматтар және шетелдік менеджерлер тартыла алуы.
Үшіншіден, қызметшінің атқаратын жұмысының сипатына, көлемі мен нәтижесіне байланысты мемлекеттік қызметшіге еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі бекітіледі. Аса нәтижелі қызмет үшін бонустар төлеу қарастырылған. Мұндай жүйе өткен жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілді.
Төртіншіден, заңда саяси мемлекеттік қызметшілер ауысқан кезде мемлекеттік аппараттың автономдығы мен тұрақтылығы қағидаты нақты жазылған. Министрлер мен орталық атқарушы органдардың жауапты хатшыларының өкілеттіктері егжей-тегжейлі дәлдеп ажыратылған.
Шенеуніктер ортасында этикалық нормаларды бұзуға әкелетін және жемқорлық құбылыстар туындататын жағдайлардың алдын алу бойынша қатаң шаралар қарастыру - бесінші пункт. Мемлекеттік қызметшілердің жұмыс пен тұрмыстағы жүріс-тұрысының қалыптары регламенттелген Мемлекеттік қызметшілердің жаңа этикалық кодексі жасалды.
Алтыншыдан, мемлекеттік қызмет туралы жаңа заңның маңызды қыры оның арқаулық нормаларының құқық қорғау органдарына да қатысты болатынымен байланысты. Бұл жерде құқық қорғау органдарындағы қызметтің ерекшелігі қолданыстағы «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңда ескерілген.
Жетіншіден, жаңа заң негізінде және еңбекке ақы төлеудің жаңа жүйесі енгізілгеннен кейін «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілерін жаңа біліктілік талаптарына сәйкестігі бойынша кешенді аттестаттаудан өткізу жоспарланған. Аттестаттау кезеңінде мемлекеттік қызметке орналасуға конкурстар өткізуге мораторий жарияланатын болады.
Қызметшілердің біліктілігін 3 жылда бір реттен кем болмайтындай етіп міндетті арттырып отыру заң тұрғысынан бекітілген. Тұтастай алғанда, мемлекеттік қызметті жаңғыртудың негізгі міндеттері айқын. Мемлекетті кәсібилендіру – жаңғырту үдерісін бастаудың белгісі.
А. Оралқызы