- Негізгі бет
- Мәңгілік ел
- Масанчи ауылындағы жанжалдың...
Масанчи ауылындағы жанжалдың хронологиясы
7 ақпан күні Жамбыл облысы Қордай ауданында жаппай төбелес болған. Қақтығыс салдарынан 8 адам қаза тауып, 47 адам ұсталған.
"7 ақпанда сағат 19.00-де Жамбыл облысының Полиция департаментінің кезекші бөліміне Қордай ауданы Масанчи ауылында 70-тен астам адам төбелесіп жатыр деген хабарлама келіп түсті. Заңсыз әрекеттерді тоқтату үшін оқиға орнына дереу полиция қызметкерлері жіберілді. Сол жерде болған адамдар төбелесті видеоға түсіріп, әлеуметтік желі арқылы таратқан. Осының салдарынан басқа ауылдардан келген 300-ден астам азамат төбелеске қосылып кеткен. Екі жақ бір-біріне тас лақтырып, таяқпен ұрып, қару қолданды. 8 адам көз жұмды. 40-тан астам адам жарақат алды", - деді Ішкі істер министрі ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
©Азаттық Радиосы/Асылхан Мамашұлы
Министрдің айтуынша, жағдайды тұрақтандыру үшін оқиға орнына ішкі істер органдарының қосымша күштері жіберілді.
Жанжалға қатысушылар полицияға белсенді қарсылық көрсетіп, олардың заңды талаптарын дөрекі түрде орындамаған. Бұзақылар металл заттарды, тастарды, атыс қаруларын қолданған. Кейінірек Ауқатты және Бұлан-Батыр ауылдары да қақтығыстарға ұшырады. Елді мекендер мен жолдарға кіретін периметрдің айналасындағы жолдарда бөгеттер қойылды, - дейді министр.
"Сонымен қатар, Ішкі істер министрінің орынбасары мен Бас прокурордың орынбасары сол жерге барды. Жедел тергеу тобы құрылып, адам өлімі, бұзақылық фактілері бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі күні жағдай тұрақты", - деді Ерлан Тұрғымбаев.
Көп өтпей Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысы Қордай ауданында болған жаппай төбелеске қатысты пікір білдірді.
"Бүгін түнде Жамбыл облысы Қордай ауданында жергілікті тұрғындар арасында жаппай төбелес, жанжал болды. Бұл ахуалды арандатушылар өз мақсатына пайдаланды. Өкінішке қарай, бұл оқиға кезінде адам шығыны болды. Мен қаза болған азаматтардың отбасыларына көңіл айтамын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектеспін. Қазір полиция мен Ұлттық ұлан бұл жағдайды бақылауға алды. Осыған орай, мен Үкімет комиссиясын құруды тапсырдым. Оған Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Машбекұлы Сапарбаев төрағалық етеді. Үкімет комиссиясы болған оқиғаның себебін анықтайды. Жамбыл облысы әкімімен бірлесіп, қаза болғандарды жерлеу, зардап шеккендерге көмектесу жұмыстарын ұйымдастырады. Сондай-ақ, жағдайды тұрақтандырумен айналысады. Қоғамдық тәртіпті бұзғандар анықталып, қатаң жауапқа тартылатын болады. Бас прокуратураға, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне тиісті тапсырма бердім. Мемлекетіміздің мүддесіне зиян келтіретін, береке-бірлігімізді бұзатын және жалған ақпарат таратқан азаматтар заң алдында жауап береді", - деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске салайық, осыған дейін Жамбыл облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі Қордай ауданы Масанчи ауылындағы оқиғаға қатысты пікір білдірді.
"Масанчи ауылында жаппай төбелес болды. Полиция қақтығысты тоқтатты, жағдай бақылауға алынды", - делінген ведомство хабарламасында.
Жамбыл облысы ПД өкілдері азаматтарды ресми мәліметке ғана сенуге шақырып, қауесет пен жалған ақпарат таратпауды сұрады. Айта кетейік, жалған ақпаратты әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы тарату - қылмыс, оның жазасы үш жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейін баруы мүмкін.
Т. Раушанұлы