«Мәңгілік Ел – мәртебелі тіл»

Ақтау қаласында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай Маңғыстау облысы әкімдігінің Тілдерді дамыту, мұрағаттар мен құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен Ақтау қаласында «Мәңгілік Ел – мәртебелі тіл» атты республикалық патриоттар форумы өтті. 

Форумға Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев қатысты. Ол өз сөзінде «Күллі қазақстандықтардың тең­құқықтығы осы тіл саясатынан да көрінеді. Себебі тіл – біріктіруші құрал. Конституцияға сәйкес көпұлтты мем­лекетімізде ешбір тілге қысым жоқ. Біз мемлекеттің тіл саясатын аймақтық деңгейде жүргізіп келеміз… «Тіл туралы» Заңымыздың қабылданғанына биыл 27 жыл толып отыр. Әр жыл сайын осы күні Қазақстан халқының тілдері күні аталып өтіп, түрлі шаралар ұйымдастырылады. Бүгінгі республикалық патриоттар форумы Маңғыстау облысында өтуі – сіз бен біздің ортақ жетістігіміз» деп атап өтті.
Облыс басшысының бұлай айтуы – орынды. Облыстық тілдерді дамыту және мұрағаттар мен құжаттама басқар­масының басшысы Гүлзайда Төлеу­ғалиеваның айтуынша, мемле­кетіміздің тіл саясаты жөніндегі жетістіктеріне көз жүгіртсек, бүгінде Маңғыстау облысы тұрғындарының 93,2%-ы мемлекеттік тілде еркін сөйлейді. Алпыстан астам ұлт өкілдері бір шаңырақ астында өмір сүруде.
Былтыр Қазақстан халқы Ассамблея­сының облысымыздағы «Достық үйі» ашылуына орай, ондағы кітапхана 250-ден аса әртүрлі ұлттардың әдеби көркем шығар­маларымен, қазақ, ағылшын тілдерін үйренуге арналған оқу-әдісте­мелік құралдармен және салалық сөздіктермен қамтамасыз етілді. Жиында сөз алған ҚР Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті, тілші ғалым, филология ғылымының докторы Ғарифолла Әнес негізінен қазақы өңір саналатын Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік тілдің қолданыс аясы қалыпты деңгейде өсіп келе жат­қа­нын айтып, осы саладағы жауапты мамандардың жүйелі жұмыстарын жо­ғары бағалады.
Алматы қаласынан осы форум үшін арнайы келіп қатысқан құрметті қонақ – Қазақстанға еңбегі сіңген қызметкер Татьяна Бурмистрова қазақ тілінде сөйлеп қана қоймай, «Басқа қамың түк емес, тілдің қамы тұрғанда!» деп домбырамен ән салғанда халық дуылдата қол соқты. Көптің сұрауы бойынша, Татьяна Николаевна Ақтан жырау Керейұлының термесін де айтып берді.
Маңғыстаудың төл перзенті, қазақ тілінде еркін сөйлеп, бүгінде Алматы қаласында телевизия саласында қызмет етіп, жоғары жетістіктерге жетіп жүрген журналист, «Хабар» телеарнасының дикторы Игорь Сахар – біздің мақтаны­шымыз. Ол да мінберге шығып, замандастарын тіл үйренуге шақырды.
Назарбаев зияткерлік мектебінің халықаралық мұғалімдермен жұмыс жөніндегі директорының орынбасары, америкалық Анжела Хьюз бастаған осы мектептің қызметкерлері – татар ұлтының өкілі Венера Жоламанова, т.б. осы ұжымның атынан Нана Келехсаева, сондай-ақ шешен-ингуш этно-мәдени бірлестігі төрағасы Юсуп Бамотгереев және Маңғыстау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары Назарали Селимов тіл саласындағы қоғамдық жұмыстары туралы әңгімесін айтып, мерекелік лебіздерін арнады.

Айбек МҰХАНОВ 
Маңғыстау облысы

Дереккөз: anatili.kazgazeta.kz