- Негізгі бет
- Мәңгілік ел
- “Мәңгілік Ел” –...
“Мәңгілік Ел” – аманат арман
Қазақстан ұлты бірлігінің күштілігі мен “Мәңгілік Елге” айналсақ деген ортақ арман осы жылдар бойы жолыққан әр кедергіден сүрінбей өтіп, әр мақсатқа жұмыла жетуге көмектесіп келеді. Оған дәлел – Елбасымыз жасаған Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша “100 нақты қадам – Ұлт жоспары”.
Байқаған адамға, бүгінгі таңда әлем бойынша алдыңғы қатарлы мемлекеттер – тарих сахнасынан өз орнын қазып тұрып алған және оны мәңгі мекен етуге талпынған елдер. Осы орайда, еліміздің мұратына айналған «Мәңгілік ел» идеясы –халықтың әл-ауқатын жақсартып, ынтымағын арттыратын, елді дамудың жаңа сатысына жетелейтін жаңа қадам.
Елбасы Н.Назарбаев “Қазақстан жолы - 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” атты жолдауында “Мәңгілік ел” идеясын негізі етіп алып, бұл туралы: “Бір жыл бұрын мен еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа саяси бағдарын жария еттім. Басты мақсат - Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы. Ол - “Мәңгілік Қазақстан” жобасы, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті... Өткен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға мақтаныш та, гүлденген келешекке сенім де “Мәңгілік ел” деген құдіретті ұғымға сыйып тұр» деген болатын.
Халықты ортақ мүддеге, бір мақсат пен болашаққа үндеген Елбасының бұл жолдауында ел халқына үлкен жауапкершілік жүктелген. Мәңгілік елге айналу үшін тәуелсіздікті сақтап, елдігімізді нығайту басты мақсат болып табылады. Өйткені, тәуелсіздік ұғымы халқымыздың мұраты, ғасырлар бойғы арманына айналған аманат.
“Қазақтың Мәңгілік Ғұмыры ұрпақтың Мәңгілік Болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ - Мәңгілік Қазақтың Перзенті. Ендеше, Қазақ Елінің Ұлттық Идеясы - Мәңгілік Ел!” деп Елбасымыз айтқандай, тәуелсіздіктің тұрақтылығы мен мәңгілігі қазіргі ұрпақтың оны түйсініп, түсінуінде жатыр. Осындай қасиетті ұғымның мәнін жете ұғынып, бағасын біліп, зердесіне сіңіру қазіргі ұрпаққа жүктелер үлкен міндет болып табылады.
Дайындаған: Молдажан Жанерке
А. Оралқызы