Қазақстан Республикасы Президенті 2015 жылы 20 мамырда бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам ұсынды. Оның заңның үстемдігін қамтамасыз ету туралы екінші реформасындағы 32-қадамында қылмыстық құқық бұзу картасы интернет-порталын құру ұсынылған болатын. Бұл картада елімізде 1 аптадан әрі кетпейтін мерзімде жасалған барлық қылмыстық құқық бұзушылық тіркелетіндігі және оның қоғамға, ішкі істер органдары жұмысының тиімділігін бақылауға мүмкіндік берілетіні айтылды. Карта 2016 жылдың желтоқсан айында жасалды. Қылмыстық құқық бұзушылық картасын көру үшін Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ресми сайтындағы ақпараттық сервис бөлімінде геокарта батырмасын басасыз. Оның ішінен Қылмыстық құқық бұзушылықтар картасын таңдайсыз. Ол үш тілде жасалған. Арыз полицияға тіркелгеннен кейін автоматты түрде осы картада пайда болады. Бұл картадан қай уақыт аралығында және қай жерде қанша қылмыстық іс тіркелгенін, сонымен қатар қылмыстың түрін біле аласыз. Порталдың негізгі нысанына Қазақстан Республикасыныңқұқықтық статистика саласының маманы емес азаматтары жатады. Бұл порталдағы ақпараттардың қоғамдық ұйымдарға, БАҚ өкілдеріне, мемлекеттік билік органдарына пайдасы тиюі мүмкін. Бұл статистикалық деректердің ашықтығын көрсетеді. Картаның сол жақ жоғарғы бөлігіндегі статистика батырмасын бассаңыз, одан өзіңізге керек қаланы таңдап, ондағы қылмыстық аймақтар туралы ақпарат ала аласыз. Ол жерде аймақтар түрлі түспен ерекшеленген. Мысалы, қызыл түс қылмыс көп орындарды білдіреді. Карта үш тілде болғандықтан, оны шетелдіктер де қолдана алады. Мысалы, демалуға келген саяхатшы өзіне қонақ үй немесе жалдамалы пәтер таңдарда, осы карта арқылы қауіпсіз аймақты біле алады. Бұл картадағы мәлімет арқылы жаңа үй сатып аларда, қандай да бір дүкен немесе басқа да кәсіп ашарда қауіпсіз орын таңдауға болады. Полияцияның патруль жүргізу бағытына карта арқылы түзету енгізе алады. Ал ол қылмыстың азаюына мүмкіндік береді.