- Негізгі бет
- Мәңгілік ел
- Құрылысқа рұқсат алудың...
Құрылысқа рұқсат алудың «30-20-10» қағидаты
Қазақстан Республикасы Президенті 2015 жылы 20 мамырда бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамды ұсынған болатын. Үшінші реформа – индустрияландыру және экономикалық өсімнің 46-қадамында рұқсат алуды оңтайландыру және құрылысқа рұқсат алудың үш сатылы («30-20-10» ) қағидатын енгізілу туралы айтылған.
Бірінші саты бойынша – сәулеттік жобалау тапсырмасын беру өтініш берілген күннен кейін 30 күн ішінде жүзеге асырылса, екінші – эскиз жобаны мақұлдау 20 күнге дейін, үшінші – рұқсатты 10 күн ішінде алуы тиіс.
Бұрын құрылысқа рұқсат алуға 1 жыл, кейде тіпті, 2 екі жыл уақыт кететін. Ал ол өз кезегінде елде құрылыс саласының дамуына едәуір кедергі келтіреді. Қазір құрылыс жұмыстарына рұқсат алу хабарламалық тәртіпке ауыстырылды. Тапсырыс беруші құрылыс жұмысын бастаудан бұрын мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органына электронды портал арқылы хабарлама жіберіп, құрылысты бастай алады.
Осы қағидаттың енгізілуі өз кезегінде Дүниежүзілік Банктің «Doing Business» рейтингіндегі «Құрылыс жүргізуге рұқсат алу» көрсеткіш деңгейінің жақсаруына үлесін қосты.
Дүниежүзілік Банктің талдаушылар тобы жыл сайын әлемнің 190 елінің арасында бизнес жүргізудің қолайлы шарттарына зерттеу жүргізеді. Анализ 10 көрсеткіш бойынша жүргізіледі. Анализ нәтижелері күзде әдетте, ескі ағылшын тілді «The Quarterlu Journal of Economics» экономикалық ғылыми журналында жарияланады. Бұл анализ әр елдің бәсекелестік артықшылығының және экономикасының инвестициялық тартымдылығының деңгейін анықтауға көмектеседі. Әр ел басшылығы үшін бұл шағын және орта бизнес қызметін реттейтін нормативті актілерін және олардың құқық қолдану тәртібін қайта қарау қажеттілігін білдіреді.
Бизнес жүргізудің қолайлы шарттарын қолдану рейтінгіне Қазақстан да қатысады. Біздің Республикада бизнес жағдайына көп мән берілуде. Бәсекеге қабілетті елдердің қатарына кіру – қазақстандықтар өмірінің жақсаруына өз үлесін қосары анық.
Рейтинг құрылатын 10 көрсеткіш:
1. Кәсіпорын тіркелуі;
2. Құрылыс жүргізуге рұқсат алу;
3. Меншікті тіркеу;
4. Кредит алу;
5. Инвесторларды қорғау;
6. Салық салу;
7. Халықаралық сауда;
8. Келісімшарт орындау;
9. Төлеуге қабілетсіздікке рұқсат;
10. Электрмен жабдықтау жүйесіне қосылу.
Бұл көрсеткіштер жалпы нәтижеге әсер етеді. Соның бірі – «құрылысқа рұқсат алу» көрсеткіші бойынша Қазақстан 2013 жылы 154-орынды, 2014 жылы 152-орында, 2015 жылы 92-орынды иеленді. Ал қазір бұл көрсеткіш 52-ші орынды көрсетеді. Осыдан құрылысқа рұқсат алудың үш сатылы «30-20-10» қағидатының енгізілуі өз нәтижесін беріп жатқандығын көруге болады.
А. Жапатова