2018 жылы 12 қыркүйекте Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Арман Шаққалиев пен мемлекеттік елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібековтің және Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты РМК өкілдерінің қатысуымен жиын өтті.Жаппай латын әліпбиіне көшу мәселесіне байланысты ұлттық рәміздегі ел атауының жазылуына өзгеріс енгізілді. Отырыста Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы. Техникалық шарттар ҚР СТ 989-2014 стандартына енгізілетін №1 өзгерістерді мақұлдау туралы шешім қабылданды. Осыған сәйкес, ұлттық стандарттың бүкіл мәтінінде Қазақстан сөзін латын графикасымен QAZAQSTAN етіп өзгерту, E түстер диапазонын қолдану туралы өзгерістер қабылданды.Енді еліміздің елтаңбасының жаңартылған нұсқасында QAZAQSTAN сөзі қолданылады.Мемлекеттік Елтаңбаның элементтері мен тарихын сипаттауға әдістемелік құралдарға сілтеме, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков жасаған конструкторлық құжаттамаға қосылды.Осылайша, Қазақстан сөзі өзгертіліп, мәтін латын графикасы негізінде QAZAQSTAN болып жазылады, - деп хабарлады ведомствоның баспасөз хатшысы Еркема Мұхтар.Мұндай өзгерістер Президент Нұрсұлтан НазарбаевтыңҚазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы жарлығына сәйкес енгізіліп отыр. Естеріңізге сала кетейік, егеменді Қазақстанның Елтаңбасы 1992 жылы 4 маусымда ресми түрде қабылданды. Оның авторлары белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.