- Негізгі бет
- Мәңгілік ел
- ҚР Қорғаныс министрлігінде...
ҚР Қорғаныс министрлігінде салтанатты түрде генералдарды запасқа шығарып салу рәсімі өтті
Астанада ҚР Қорғаныс министрлігінде ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетовтің қатысуымен генерал-майор Жомарт Қуанғалиев пен Аманжол Оспановты салтанатты түрде запасқа шығарып салу рәсімі өтті.
ҚР Қорғаныс министрлігінде офицерлер үшін маңызды шара, яғни, жауынгерлік тумен қоштасу рәсімі алғаш рет өтті. ҚР ҚМ құрмет қарауылы ротасы мен ту ұстаушы топтың қатысуымен генералдарға шекті жасқа жетуі бойынша босату туралы бұйрық оқылды. Генерал-майор Жомарт Куанғалиев пен Аманжол Оспанов кезекпен-кезек жауынгерлік тудың жанына келіп, бас иді. Осылайша, олар туға әскери сәлем берді.
«Шынымен де нағыз командирлер, армиямыздың бетке ұстар генералдары әскери қызметтерін осымен аяқтауда. Олар әскеріміздің құрылуының басы-қасында болып, өздерінің білімдері және тәжірибелерімен тәуелсіз мемлекетіміздің әскери саласы мен қуатты қорғанысының дамуына қомақты үлес қосты», - деді ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов салтанатты рәсім барысында.
Шығарып салу кезінде генералдардың әскери дара жолы, олардың қалыптасуы мен жетістіктері туралы деректі фильм көрсетілді.
Генерал-майор Жомарт Қуанғалиев ҚР ҚК Бас штабының Орталық командалық пунктін, генерал-майор Аманжол Оспанов ҚР ҚК Қару-жарақ бас басқармасын басқарғанын айта кетейік, 40 жыл бойы әскери қызметшілер жауынгерлік сапта болды. Оның тең жартысының біршама жылдарын қазақстандық армияның қалыптасуына сарп етті. Олармен бірге қызмет атқарған жауынгерлік қаруластары, ҚР Қарулы Күштерінің барлық жеке құрамы олардың көп жылдық еңбектеріне шын жүректен алғыстарын білдіреді.
«Жоғарғы Бас Қолбасшыға, мемлекетке және халыққа қызмет ету жоғары абыройды әрі қарай да алып жүретіндеріңізге сенімдімін. Бұл алдағы екі айтулы оқиға тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы мен ҚР Қарулы Күштерінің құрылуының 25 жылдығы қарсаңында ерекше маңызды. Себебі, алдымызда еліміздің қорғаныс қабілеттілігін қамтамасыз етудегі жаһандық тапсырмалар тұр», - деп ҚР Қорғаныс министрі атап өтті.
Генерал-майор Жомарт Қуанғалиев Ростов жоғары әскери командалық училищесін және Ф. Дзержинский атындағы Әскери академияны тәмамдаған. Қазақстандық армия құрылғанға дейін зымыран әскерлерінің «инженер-электригі» жоғары әскери-арнаулы білімімен дивизиядағы бірден-бір қазақ офицері болған ол Алтай өңірінде қызмет өткеріп, «подполковник» шеніне дейін қызмет қылады. «КСРО ҚК-дегі Отанға қызмет еткені үшін» ордені, 3-дәрежелі «Айбын», 2-дәрежелі «Даңқ» ордендері бар. Көптеген медальдармен марапатталған. Генерал-майор Аманжол Оспанов Омбы жоғары танкті инженерлік училищесін және РФ ҚМ Броньды танкті әскерлер әскери академиясын бітірген. 2-дәрежелі «Айбын» орденімен, мерейтойлық және еңбек сіңірген жылдары үшін 8 медальмен марапатталған. Жастық шағына қарамастан, генерал-майор Аманжол Оспанов қызметін Германияда бастаған. Онда ГКӘТ ротасын басқарған.