Оқи отырыңыз

Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!

Автор: Асқар Жұмаділдаев

— Редактор бағаны —

Массагетте қалай блог жазамын?
Массагетте қалай блог жазамын?

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Экс-бас редакторы

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ
Негізгі / Мәңгілік ел / Көзайым / Ақиқатқа айналған арман қала

Ақиқатқа айналған арман қала

Ақиқатқа айналған арман қала

Массагет порталы ұйымдастырған «Туған қалаңды таныстыр!» жобасында Нұршат Әлімқызы атты оқырманымыз Ақтау қаласы туралы сыр шертеді.

АҚТАУ. Ақ жібек көйлегінің етегін ақшулан теңіздің толқынына тосып, ақ жүзі күн нұрына шағылысып, су бетіндегі әз дидарына өзі тамсанып, айдын жағалаған аққулардың айнымас сырласына айналған ақмаржан шаһардың есімін қалайша дәл тауып қойған...

Құдайдың құдіреті қолдап, Адам қолымен жасалған кез келген ғажайыптың әп-сәтте бола салмағаны анық. Өз еліміз тұрмақ, жақын шетелдің көзайымына айналып отырған осынау қаланың құрылысы қалай басталып еді? Қала жас болса да, оның өмірге келуінің өзіндік бірегей тарихы бар. Жаһандық тарихи үдерістердің ұлы доңғалақтарының сықыры бір қарағанда орталықтан тым алыста, ешкіммен, ештеңемен алыс-берісі жоқтай көрінетін Маңғыстау түбегінің ен даласына да естілген.

Екінші Дүниежүзілік соғыс аяқталысымен әлемдік қос алып держава Кеңес Одағы мен АҚШ әлемді бірінен бірі қызғанып, Қырғи-қабақ соғыс (Холодная война) бастағаны аян. Қыр көрсетпекке Америка жапонның қос қаласына атом бомбасын тастап, дүниені дір еткізе сала, кеңестіктер өз территориясының түкпір-түкпірінен аталмыш бомбаға қажетті шикізатты (уран) жанталаса іздей бастады. Ол табылды да: Сібірден, Қырғызстаннан және... Маңғышлақтан (түбек бір кездері солай аталды). Одан бөлек, Ұлы Жібек жолы заманында-ақ белгілі болып, Ұлы Отан соғысына дейін там-тұмдап зерттеліп келіп, соғыс кесірінен аяқсыз қалған қара алтын – мұнайдың бар екендігі туралы мол мағлұматтар да Бүкілодақтық геологиялық ғылымизерттеу-барлау институтының ғалымдарын тыныш жатқызбады. Аңызақ, шөлді, табиғаты қатал, климаты қолайсыз, мал бағып көшіп-қонып жүрген азғантай ғана халқы бар түбекке аяқ астынан орталықтан геолог-ғалымдарды, барлаушыларды тікұшақтар, кемелер әкеліп төге бастады. Шаңды дауылдан көз ашпайтын бұл жерден табиғи шикізат іздеп таппақ тұрмақ, бір сәтке де қалғысы келмей безілдегендер де көп болды. Сыр сандығымды ашып көр деп шақырған өлкеге оқуын үздік аяқтай сала, жастық қаны қайнап, осы жерден қалай да несібе табам деп жүректері жалын атып келген дарынды жастар да баршылық еді. Осылайша, әскери, маңызды саяси мақсатта жұмыстанатынын жақсы түсінген ғалымдар тобы аса құпия түрде барлау жұмыстарын бастап кетті, олар туралы ешбір жерде айтылмады, жазылмады, мерзімдік басылымдарда хабар таратылмады. Қазылып алынып, орталыққа жөнелтіліп отырған шикізат құрамынан көп мөлшерде вольфрам, ваннадий, күкірт, т.б. табылды. Құрамындағы уран мөлшері азғантай болып шықты. Жұмыс қарқынын төмендетпестен геологтар түбек тереңіне үңіле түсті. Ал бұл кезде орталықтан жіберілген құрылысшы-архитекторлар тобы уран негізінде жұмыс істейтін алып зауыт құрылысын бастап кеткен еді, қандай мақсатта екендігі сірә, белгілі... Тағдырдың өзі қиюын келістіріп, Семейде уранның мол көзі табылғандығы туралы хабар тарап кетті, әрі ол өңірдің шикізатын қазып алу әлдеқайда оңай, тиімді болып шықты. Сынақ алаңына айналудан аман қалған Маңғышлақтың ураны, оған арнап салынған зауыт енді әскери мақсатта емес, бейбіт өмірдің қажеттілігін өтеуге пайдаланылатын болып шешілді. Алайда Семейдің ураны біздікінен ертерек табылғанда қазір осы ғажайып қаланың болуы да неғайбыл еді.

1961 ж. 5 шілдеде Жетібай кентінен (Ақтау қаласынан оңтүстік бағытта 75-80 км шамасында) Маңғыстаудың тұла бойы тұңғыш мұнайы атқылап, өлі аймақ саналып келген өлкенің аты айдай әлемге жайылып, орта ғасырларда әйгілі сауда-керуен жолдарына қала салып, далалық маңызды маршруттарды қамтыған кездегі дәуренін аңсап, шөліркеп жатқан тарам-тарам тамырдай иір-иір жолдарына қан жүгіріп, өмірі жанданып шыға келді. Енді ешқандай геологың да мұндағы жұмысын құпия санай алмас еді. Тұйықталған тұрақтардағы тұрмысы тұралаған халықтың бақытына орай қазылған қазынаны ешкімнен жасырып отыра алмайсың. Мәскеу мен Ленинградтан, Кавказ бен Әзірбайжанның тәжірибелі, даңқты геолог-мұнайшылары маңғаз жатқан Маңғыстаудың төсіне тыңнан түрен салуға асықты. Ағылып келіп жатқан жұмысшыларды басқаратын ПГМК (Прикаспийский горно-металлургический комбинат) құрылып, барлық іздеу, барлау, зерттеу жұмыстары бір жүйеге келтірілді. Халықтың игілігіне еңбек етіп, қуанышына ортақтасуға келген еңбеккерлердің басым бөлігі жастай келіп, осы өлкеге мәңгіге жан-тәнімен байланғандар еді. ПГМК құрамында келіп жатқан жұмысшыларға арнап кент салатын арнайы бөлім құрылып, елдімекеннің жобасы қолға алынды. Уақытша палатка-шатырларда, вагондарда, жергілікті малшы халықтың жеркепелеріне қоныс тепкен құрылысшылар азық-түліктің, ауыз судың тапшылығынан әбден азап тартты. Азық-түлік пен су Астраханнан кемемен, тікұшақпен тасылатын-ды, олар бағыттан айрылып, адасқанда жол ұзарып, су ашып, азық-түлік бұзылып, жарамсыз күйге түсіп отырған. Таңертең жұмысына кетіп, шаңды дауылда қалып, қонысына орала алмай адасқандар қаншама? Әртүрлі ұлт өкілдерімен танысқан сәттерін жергілікті қарт маңғыстаулықтар еске алғанда мал қарап жүріп, даладан тауып алып, шөлден өлуге айналған түрі бейтаныс, тегі белгісіз, сықпыты бөтен адамдарды талай атына мінгестіріп ауылға әкеліп, есін жиғызғандарын әдемі әңгіме етіп айтып отырады.

«Шөліне келіп шаршының,
Талайын көрдік талқының.
Талықсып кейде шыбын жан,
Таңдайға бастық таң шығын.
Қатыгез мынау өлкеде
Қадірін білдік тамшының...»

Сол ауыз судың тапшылығын жою үшін баяғы уран негізінде жұмыс істейтін зауыт қолға алынып, теңіз суын тұшытатын комбинаттың негізі қаланды. Ол қазіргі алып МАЭК (Мангистауский атомно-энергетический комбинат) кәсіпорны. Теңіз суын ауыз суға айналдыруда талай қиындықты көрген инженерлер суды қайнататын алып қазандықтарға қатып қала беретін қалың қақты кетіру жолын іздеп әбігерленгенін қаланың шежіресіндегі қызық әңгімелерден табуға болады. Жергілікті ауылдардағы әйелдер шәйнектерін термит тәріздес жәндіктің илеуінен алынған құммен тазалайтынын көріп, өз тәжірибелерінде қолданған ғалымдар сауатсыз қарапайым халық бұл мәселенің шешімін әлдеқайда бұрын тауып қойғандарына қайран қалған деседі. Сол МАЭК тұшытатын су 1986 жылы одақ бойынша сынаққа түсіп, пайдалылығы, тазалығы, барлық талаптарға сәйкестігі жөнінен 5 түрлі су ішінен 1-ші орынға шықты, мәскеуліктер ішетін су 2-ші орында...

«Біздің кездің адамдары еңбекке адал, мықты, сүйектері асыл еді...» деп отыратын ата-анамыздың сөзіне сенбесіңе лажың жоқ, адам сенгісіз жағдайларда тау мен тасты қашап жүріп, аз уақыттың ішінде қала салып шығу, шынында да, аңыздай көрінетін. Жұмысшы-тұрғындар саны қарқындап өсуіне орай, жоба көлемі үлкейіп, міндет ауырлай берді. Ұзын сөздің қысқасы, атақты ленинградтық сәулетшілер сол қаланың үлгісінде қала салып шығуды мақсат тұтты және сол үдеден шыға білді. Қазақстанның басқа ешбір қаласына ұқсамайтын, түбектің өзінен өндірілетін ақ ұлутастан қашалып, әсем шаһар бой көтерді. Мұнда өзге қалалардағыдай ұзын боп келетін көше жоқ, төбесінен қарағанда дөңгелектеліп, бір-бірінен көлік жолдары арқылы ажыратылатын шағын аудандар бар. Мұндай құрылыс өзінің тиімділігін талай дәлелдеді: көше секілді қаланың ана шетінен мына шетіне созылмайды, шағындап, бір жерде орналасқандықтан бір ауданның үйлері жақын орналасады, адасу мүмкін емес; қала қанша үлкейсе де өзінің жинақылығын, ұқыптылығын жоғалтпайды; қандай атау береміз деген дау ешқашан туындамайды, жаңа аудан қосылған сайын оған келесі реттік сан беріліп отырады.

Қала салуда жаздың аптап, қыстың аса аязды, ызғарлы жел жиі соғатындығы есепке алынды, оны қаланы көрген адамдар бірден байқай алады: әрбір шағын ауданның шеткі жақтарына, яғни ауданды қоршай салынған шеткі үйлер биік, әрі бір қырындап салынады, ауданның ішінде орналасқан үйлерді күн мен желден қорғау үшін. Қала 1963 жылы Ақтау деген атпен пайдалануға берілді. Кемемен алғаш жүзіп келген ғалымдар ең алдымен борлы мүйіске, аппақ тауларға («мыс Меловой») келіп тірелген. Маңғыстауда 1847-57 жылдары патша жарлығымен айдауда болған украин ақыны, суретші Т.Г.Шевченконың туғанына 150 жыл толуына байланысты 1964 ж. қала атауы Шевченко деп өзгертілді.

Тұрғын үй төбесіне шамшырақ (маяк) орнату әлемде тұңғыш рет Ақтауда іске асырылды.

Ақтауды өмірге әкелуде өз нәрестесіндей қамқорлығын аямаған асыл адамдардың аты тұрғындардың мәңгі жадында. ПГМК-ның алғашқы басшысы Рубен Арамаисович Григорян жергілікті халықпен етене араласып, қаланың көркемдігін арттыруға қатты мән бергені соншалық, күнделікті таңертең жаяу аралап жүріп, қаланың көркін бұзбасын деп балкондарға киім ілгізбейтін болған деседі... Оның сол әсемдікке құштарлығы қала тұрғындарының бойына сіңіп кеткен бе дерсің, Ақтау әлі сол қалпында жас әрі таза. Қ.Сәтбаев атамыздың өзі осы қаланың болашағы зор екендігіне сендіріп, ақ тілекпен аттандырған Ефим Павлович Славский қаланың өкіл әкесі атанып кетті. Қаланың тұңғыш мэрі, ер адамға бергісіз еңбекқорлық пен жанкештіліктің жарқын үлгісі Ибаш Жанболатованы сағынбайтын ақтаулық жоқ шығар. Аңызақ далада оазисті қала салып шыққаны үшін бір топ сәулетші-құрылысшылар 1975 ж. Патрик Аберкромби атындағы халықаралық сыйлықты жеңіп алды. Бұл тастақты жердегі қаланы көгалдандыруға, өзге елдерден жас өскіндерін ала келіп, жергілікті орынға бейімдеп, тоғай, саябақтар өсіруге төгілген талай маңдай тердің өтеуі еді.

«Мәңгілік алау» мемориалдық ғимараты Ұлы Жеңістің 40 жылдық мерекесіне орай, 1985 ж. пайдалануға берілді, өз тақырыбындағы бірегей ғимарат ретінде ақтаулықтардың мақтанышына айналған.

Ақтау деген өз атауы 1990 ж. қоғам қайраткері, ұлтжанды азамат Сайын Шапағатовтың күш салуымен қайтарылды. Мұнайлы өлкенің орталығы ретінде, теңіз арқылы шекаралас елдерге шығаратын портты қала ретінде Ақтаудың айбыны асқақтап, абыройы жыл санап артып келеді.

Анықтамалық: қаланың жер көлемі шамамен 14 шаршы шақырым; халқының саны 300 мыңға жуық. Жаз мезгіліндегі орташа температура +30, қыс мезгілінде -10.

Қазақтардан басқа орыс, татар, украин, әзірбайжан және корей ұлтының өкілдері жиі кездеседі. Соңғы уақытта түріктер көптеп келіп, қолжетімді бағада дәмді тағамдар даярлайтын кафелерді көбейтті. Жергілікті халық қонақжай, ашық. Басым бөлігін құрайтын қазақтарды өзге қалалықтар дөрекі деп сипаттағанымен, бұл олардың аңғалдығы, сенгіштігі, әрі өзгені өзімсініп тұратын еркіндігі деп есептеу керек. Мұндағы қазақтар өзге өңірліктерден дәстүрге беріктігімен, намысшылдығымен, ұйымшылдығымен, бірлігімен ерекшеленетіні айтпаса да белгілі. Басқа қалаларға қарағанда негізін орыстар қалап берген Ақтаудың тұрғындарының анағұрлым қазақы екендігін, тіпті орыстарының өзі қазақыланғандығын оның бірегейлігі демеске шараң жоқ. Мұны өзгелердің шамына тию үшін емес, үлгі алса екен, намыстарына қамшы басса екен деген ниетпен айтып отырмын. Басқа артықшылығын былай қойғанда, жалғыз осы қасиеті үшін ғана Ақтау – сүюге әбден лайық қала.

Негізгі демалыс орындары теңізбен байланысты, ал қаладан сәл аттап шықсаңыз-ақ киелі орындарға бастайтын жолдар әр тарапқа ала жөнеледі. Жаз айларында туристер ағылып келіп, халық санын 2 есеге дейін көбейтеді. Жылы мезгілде қалада тамаша атмосфера орнап, теңіздің самалы есіп, айрықша әсерге бөлейді. Кез келген сұранысты қанағаттандыратын, түрлі бағадағы демалыс орындарын оңай табуға болады. Қараша айының соңына таман тағы да теңізге асыға аласыз, өйткені мұнда қыстап шығуға құстың төресі – аққу ұшып келеді. Өз қолыңызбен жемдеп, тамашалап, суретке түсуге ақпан айының аяғына дейін уақытыңыз бар. Автобуста жүру құны 35 теңге, такси бағасы 200 теңге. Ауа райы жақсы болса, жолды білсеңіз жаяу жүрсеңіз құба-құп, аса шаршай қоймайсыз. «Ақтау», «Бәйтерек», «Астана» аталатын ойын-сауық кешендері бар, кинозалдарды да сол орындардан көптеп таба аласыз. Жаз келісімен гитарист, саксофоншылардың музыкасына елітіп, теңіздің жағасында саф ауамен тыныстап, таңға дейін қыдыра аласыз, ашық аспан астындағы кафетерийлерден дәм татасыз. Шетелдік туристер Ақтауды Италияның жағалаулық шағын қалаларына жиі ұқсатып жатады. Қала 25-ке жуық шағын ауданнан тұрады, әрқайсысында 50-ден 80-ге дейін тұрғын үй бар. Әрбір тұрғын үй 30-дан 150-ге дейін пәтерді қамтиды. Мекенжайды атағанда үш санды атайсыз: мысалы 28-10-2, бұл 28-шағын аудан, 10-үй, 2-пәтер дегенді білдіреді. Қаланың шетінен бастап шағын аудандар ретімен орналасқандықтан оңай табасыз, үй нөмірі жоғарғы жақ бұрышында үлкен етіп белгіленген, 100 м. қашықтықтан байқайсыз. Ал қандай пәтерлерді қамтитындығы әр подъезд маңдайшасына белгіленген. Ақтауда бір қабатты жер үй салуға, қора ұстауға рұқсат етілмейді. Бұл да қаланың жайылып, шашылып кетпеуіне сеп болып тұр. Коттедждерден тұратын арнайы шағын аудандар қаланың шет жақтарына қарай орналасқан. Көп қабатты тұрғын үйлер мен коттедждер бірге орналаспайды, оның барлығы қала салынбай тұрып жобаланып, бекітіліп қойылған. Қалада әрбір шағын ауданда балабақша, 30-дан астам мектеп, 7 колледж, 2 университет бар. Мемлекеттік саладан басқа қызмет түрлерінің көпшілігі мұнай өнеркәсібіне қатысты, Қазмұнайгаз АҚ-на бағынатын мекемелерде шоғырланған. Оған қоса туризм саласы даму жолында болса, ұлттық киім тігу ісі жақсы жолға қойылған, сұранысқа ие болып отырған жекелеген танымал тігіншілер қатары көбеюде. «Нұр-Шах» ұлттық киім тігетін ательесі Қазақстанның аясынан шығып, шетелдерде өзін танытып үлгерді. Жалпы маңғыстаулықтардың қазақша киіну үлгісі, киімге өрнек салдырудағы талғамы әзірге бәрінен озық тұр.

Үй бағасы, жалпы нарық бағасы Ақтауды Қазақстандағы ең қымбат қалалар қатарына кіргізіп отыр. Мұны жергілікті жерде көкөніс өспейтіндігімен, барлық тұтыну тауарлары алыстан әкелінетіндігімен түсіндіру керек. Ал мұнайлы қаланың барлық тұрғындары мұнайшы деу қате пікір, әрі жалақы мөлшері басқалардыкінен әлдеқайда жоғары болғанымен, барлық нәрсенің қымбаттылығы өмір сүру деңгейін өздігінен теңестіреді деп ойлаймын, оған мұнай бұрғылау орындарындағы аса қауіпті экологиялық ахуалды қоссаңыз мұнайшының өміріне қызығушылығыңыз төмендеп те қалар. Басқа салалардағы қызметкерлердің жалақасының өзге қалалықтардан айырмашылығы жоқ. Еңбекке ынтаңыз болса, қазақы мінезге бай болсаңыз қалаға тез сіңісіп кете аласыз.

Сұлу қаланың сымбаты мен бір көргеннен баурайтын сиқырын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес секілді. Одан да суреттер сөйлесін.

Жоғарыда Репрессия құрбаны Тобанияз Әлниязұлы мен ҚазОАК-ты 1924-27 жылдары басқарған төраға Жалау Мыңбайұлының ескерткіші көрсетілген. 

Домбыра-party

Ақтау туралы айтарымның бұл тек бір үзігі ғана. Осы айтылғандар сізді Ақтауға қарай асықтырса бір мақсатқа жеткенім. Тек арманнан туған ақмаржан қалаға жат ниетпен емес, ақ тілекпен келгейсіз.

«Аққуы назды әнмен ырғалған,
Бақ көшпес мәңгіге бұл маңнан.
Гүл жайнап, көзінде нұр жанған,
Ақ таңым, ата бер Ақтауымнан.»

Сөзбен, суретпен жеткізе алмағандарымды мына бейнеролик толықтырар: 

Құрметті оқырман, Массагет порталы «Туған қалаңды таныстыр!» атты жаңа жобаны қолға алған болатын. Жоба аясында өздеріңіз тұратын қала туралы мақалалар жолдай аласыздар. Сіздерден өз өлкеңіздің ерекшеліктері, бай табиғаты, қызықты орындары мен тарихи орталықтары туралы сапалы жазбалар күтеміз. Жоба туралы толығырақ мына сілтемеден таныса аласыздар.

Ұқсас жазба:

Мұнайлы өлке, шырайлы өлке – Атырау - Назкен Жұмабаева 

21
Рейтинг: +12

Дайындаған: Шерхан Талап
Фото: Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану мұражайының, фотографтар Т.Құсайын, А.Малюк қорынан.
Қосылған күні: 07 мамыр 2015, 19:54

Соңғы аудармалар

Қайсар До Бон Сун  #7
Қайсар До Бон Сун #7

До Бон Сун – ерекше қыз. Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық қиындыққа қарсы тұра білді? Оған қолдау көрсеткен кім? 

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл,...

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз.