- Негізгі бет
- Мәңгілік ел
- Қазанат жылқы туралы...
Қазанат жылқы туралы қызықты ақпараттар
Көшпенді қазақтың тағдырын қазанатсыз елестету мүмкін емес. Киелі қазына қашанда қазақ үшін қасиетті саналған. Қай заманда болмасын қазақтың қанаты болған қазанат хақындағы қызықты ақпаратты назарларыңызға ұсынамыз.
1. Жылқының бес мүшесі өте жақсы дамыған. Олар: құлағы, көзі, аузы мен мұрыны және сезім түйсігі. Жылқы өз иесінің көңіл күйін алыстан сезеді, сол себепті қазақтар қазанатты дос санаған. Оның құлағы өте сақ, көзі көреген, мұрыны иіс сезгіш, аузы кез келген дәмді ажырата алады.
2. Жалпы жануарлар түс ажырата алмайтыны белгілі, жылқы айналасын түрлі түсті реңкте көреді. Бірақ қызыл мен көк түсті ажырата алмайды. Тағы бір қызығы, жылқының көру аумағы 360 градус. Яғни, жылқы бір бағытқа қарап тұрғанда тек алдын ғана емес, арт жағын да толық көріп тұра алады. Сондай-ақ, жылқының көзі түн ішінде де өте жақсы көреді.
3. Жылқы үйретіп, ат баптайтын халықтар бұл қаиетті жануарды өз тілдерінде әртүрлі атайды. Ал, жылқы жануары атауының синонимдері ішінде ең қысқа сөз қазақ халқы тілінде кездеседі. Ол «ат» сөзі. Жылқы дегенді білдіретін ең ұзақ сөз перуан тайпасының үндістерінде екен. Олар жылқыны «Оквила упара кламару коалу накла ната» деп атайтын көрінеді.
4. Дүние жүзі бойынша жылқының 160-тай түрі бар. Солардың ішінде тұқымы жағынан ең тазасы араб тұқымдас жылқы болып саналады екен.
5. Жылқының жасы мен денсаулық жағдайын атбегілер оның тісіне қарап ажыратады. Ата-бабаларымыздан қалған «Жақсы аттың тісін қарамас болар…» деген нақыл соған байланысты туындаған болса керек.
6. Жылқылар жалпы 25-30 жыл өмір сүреді. Англияда өмір сүрген «Кәрі Билли» деп аталып кеткен бір ат 62 жасқа келіп өлген деген дерек те айтылады. Қазақ халқы жылқы жасының әр деңгейіне орай арнайы атаулар берген.
Құлын (жылқының жас төлі)
Жабағы (6 айдан асқан құлын)
Тай (1 жаста)
Байтал (1-2 жастағы)
Құнажын (3 жаста)
Дөнежін (4 жаста)
Бесті (5 жаста)
Қасабалы бие (7-8 жаста)
Қартамыс бие (11-14 жаста)
Жасаған бие (20 жастан асқан)
7. Ақылы мен өресі жағынан барлық жан-жануарлардың ішінде жылқы иттің алдында, яғни, бесінші орында тұр. Жылқы адамның мінез-құлқы мен іс-әрекетін саралай алады. Иесі өзіне ұнаса оған шын беріледі. Қазақ халқы жылқыны ең алдымен ел қорғаған ердің жан серігі деп дәріптеген. Біздің аңыз-ертегілерімізде, батырлық жырларымызда ақылды, күшті тұлпарлар мен олардың иесі қысылғанда көмекке бірінші болып келетіні туралы көп айтылады. Мысалы, Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары, Ер Төстіктің Шалқұйрығы, Қамбардың Қарақасқасы иелерімен бірге жыр-аңызға айналып, ел құрметіне бөленген.
А. Оралқызы