Қазан айында ауа райы қандай болады?

Қазан айында ауа райы қандай болады?
Фото: Yernar Almabek\Massaget.kz

Синоптиктер қазан айында ауа райы қандай болатынын айтты.

"Консультатив болжамға сәйкес қазанда Қазақстанның солтүстік-шығыс, орталық, оңтүстік-шығыс өңірлеріне суық арктикалық ауа массалары жиі келеді және Жерорта теңізінің шығыс жағалауынан еліміздің оңтүстік-батысына жылу келеді деп күтіледі. Нәтижесінде орташа айлық ауа температурасы республиканың басым бөлігінде климаттық норма шамасында болады", - дейді Қазгидромет.

Биыл қазан айында жауын-шашын мөлшері Қазақстанның басым бөлігінде нормаға жуық, еліміздің солтүстік-шығыс жартысында және Алматы облысының шығысында нормадан көп болады деп болжанады.

Алдағы күндері республиканың басым бөлігінде құрғақ және шуақты ауа райы болады. Еліміздің солтүстік жартысында ауа температурасы түнде -2 +7°С, күндіз ауа біртіндеп +12 +20°С дейін жылынады, оңтүстік жартысында және батыста - түнде +5 +13°С, күндіз +17 +25°С болады. 5 қазаннан бастап Солтүстік циклонмен және арктикалық атмосфералық фронттардың өтуімен жауын-шашын түседі. Солтүстік жартысында жаңбырдың арты ылғалды қарға ауысуы мүмкін, тұман және желдің екпіні 15-23 м/с дейін күшеюі мүмкін. Жауын-шашынның тоқтауымен күзге тән суық түндер мен ашық желсіз күндер келеді. Тек еліміздің батысында, оңтүстік-батысында жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.

Бірінші онкүндікте ауа температурасы:

батыста кезеңнің ортасында түнде 0,+5°С дейін, күндіз +12 +17°С дейін;

солтүстікте, солтүстік-батыста, орталықта және шығыста кезеңнің ортасында және соңында түнде -1 -8°С дейін, күндіз 0 +7°С дейін;

оңтүстікте, оңтүстік-шығыста онкүндіктің соңында түнде 0 +5°С дейін, таулы және тау бөктеріндегі аудандарда 3 градусқа дейін үсік жүруі мүмкін, күндіз +7 +12°С дейін;

оңтүстік-батыста онкүндіктің ортасында түнде +5 +12°С дейін, күндіз +15 +20°С дейін төмендеуі күтіледі.

Бірінші онкүндіктің соңында ауа температурасы алдымен Қазақстанның батысында, содан кейін республиканың қалған аумағында көтеріледі.

Қазанның екінші және үшінші онкүндігінде Қазақстан аумағының басым бөлігінде тұрақсыз ауа райы болжанады: жаңбыр – негізінен оңтүстік және батыс өңірлерде, жауын-шашын (жаңбырдың арты ылғалды қарға ауысады) – солтүстік, орталық, шығыс өңірлерде, сондай-ақ елдің оңтүстік-шығысының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында болжанады.

Жылу толқындармен жекелеген күндері Қазақстанның оңтүстік-батыс, оңтүстік және оңтүстік-шығыс жартысында күндіз ауа температурасы +15 +25°С дейін, солтүстікте, орталықта және шығыста +10 +20°С дейін жылынуы мүмкін.

Суық толқындармен ауа температурасы:

солтүстік-батыс, солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінде түнде -1 -10°С дейін, күндіз 0 +5°С дейін;

оңтүстік және оңтүстік-батыс жартысында түнде -5 +5°С дейін, күндіз +2 +10°С дейін төмендеуі мүмкін.

Т. Раушанұлы