Қазақтың ұйытқысы

Қазақтың ұйытқысы
Фото: google.com

Бұл менің, сенің, оның... жалпы біздің арман еді. Өзімді алайыншы, мұнда Таразымды тастап, тұрып жатқаныма тоғыз жылдың жүзі болыпты. Әне, Жандос Бақанасын, Әділбек Оралын, Азамат Ақтауын қиып келді.. Бәрін алды-артына қаратпай, айдап келген – бір арман. «Осында келіп, өзімді дәлелдеймін!» деген оймен өзін қамшылаған 918 мың адам орнығыпты осы жылдары. Бұған дейін бұйығы жатқан 290 мың тұрғындық қаланың өмірін түбегейлі өзгерді. Одан арғысы көз алдарыңызда. Қалың жұрт қонған соң, бала босану үш есеге артты. Басқа елге барса Бәйтеректі көзімен іздейтін, көрмесе, сағынатын ұрпақ өсті. Адам басы көбейген соң, ол тұрар пананың да көлемі артты. Кемі Монакодай тоғыз мемлекеттің көлеміне тең баспана салынды. Монаконың жер көлемін білсеңіз, тоғызға бөле салыңыз) Медицина бар мүмкіндігін салған соң астаналықтардың орташа өмір жасына тағы он жыл қосылды, қауіпсіздік қолға алынған соң өлім-жітім екі есеге азайды дегендей. Осындай себеп-салдар тізбегін өзіңіз жалғастыра берсеңіз болады.

Бастысы, біз үйрендік – аязына да, аңызына да. "Итімнің аты жай ғана, "Ит" деуші ме еді бір кейіпкер, сол сияқты "Астанамыз Астанада" деген тавтологияға да үйрендік. Былай қарасаң, Сеул де "астана", Бейжің - "солтүстік астана", Токио - "шығыс астана". Аңыз дегенде, Астанаға алғаш келгендер онда "төбесінен қарағанда "СССР" деген жазу болатын бесқабатты үйлер бар" деп жүрді. Уақыт көрсеткендей – өтірік боп шықты. Ал одан да басқа қала аңызын сұрайтындарды масондық белгілермен зәресін ұшырдық. Пирамида анау, Бәйтерек жарқыраған Дельтаға, «Самұрық Қазынаның» қос мұнарасы Яхин мен Боаз колонналарына келеді деген дәлелді-дәлелсіз сөз де бізге енді сенсация емес. Әлемдегі ең үлкен шатыр, мұхиттан ең алыс океанариум деген теңеулерге де құлағымыз үйренді. 

Сонда Астананың басты жетістігі неде?

Меніңше, мынада. Мұнда Алты алаштың ұл-қызының басы бір қазанда пісетіндей бірікті. Бұған дейін қазақтың басы, оның ішінде төбе басы Күлтөбеде бірікті, Ұлытауда ұйысты, Түркістанда тұғырланды деп жүрміз ғой. Онда біріккенде де, қолбасы, мыңбасылар, хан-билер еді. Ал расымен, бір-бірінен жүз сұрасып, ру біліспесе де, ортақ сенім негізінде Астанада қайнады. Бұрын сенбі-жексенбіде есігінде тас құлып жататын дүкендер ашылды. Астананың көшесінен «шілии, өйтпеші, ә» деген шымкенттікке «О,о, қасқа, сен де картопты жарасың да жүресің» деген оралдықтың әңгімесі жарасатын болды. Ықылас Дүкенұлы көшесін әлі де улица Дружбы деп айтатын целиноградканың өзі «Саламатсиз ба» деп үйренді. Оралманы сіңісті.

Осы-ау бас жетістігі. 

Жазбаның фотоиллюстрациясы

Авторы: Өркен Кенжебек

А. Қажиев