Бүгінде Елбасы тапсырмасы бойынша тікелей инвестициялар қор құру мәселесі пысықталып жатыр. Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметі отырысында Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді. Елбасы Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру атты соңғы жолдауында Ірі әрі серпінді жобаларды жүзеге асыру үшін шетелдік инвесторлармен бірлесіп инвестиция салу қағидасы бойынша жұмыс істейтін шикізаттық емес секторға бөлінетін тікелей инвестиция қорын құру мәселесін жандандыру қажет, деген еді. Елге инвестиция тарту бәсекеге қабілетті нарыққа тікелей байланысты дейді министр. Оған инвестициялық преференциялар немесе инфрақұрылымдарды қолдану жеткілікті бола бермейді. ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес, тікелей инвестициялар қорын құру мәселесі пысықталып жатыр. Бұл қор анағұрлым перспективті жобалар мен сұранысқа ие инвестицияларды жүзеге асыратын болады, - деді Жеңіс Қасымбек. Министр сөзіне қарағанда инвестиция тартуда әлеуеті жоғары инвесторларға керек барлық ақпаратты қамтыған сапалы инвестициялық портал маңызды болмақ. Үкіметте бірқатар отырыстар өткізіліп, онда инвестициялық портал туралы айтылды. Қазір бірқатар өңірде инвестициялық порталдарға қатысты барлық тапсырма орындалды. Қалғаны жыл соңына дейін аяқталады, деді министр. Жеңіс Қасымбек сондай-ақ трансұлттық компаниялардың 9,2 миллиард долларлық 22 жобасы дайындалып жатқанын айтты. ҚР Президенті тапсырмаларын орындау мақсатында 100 нақты қадам Ұлт жоспары негізінде Инвестициялар және даму министрлігі трансұлттық компанияларды тарту жұмыстарын белсенді жүргізіп жатыр. Шамамен 10,6 миллиард долларлық 34 жобадан тұратын трансұлттық компаниялар тізімі жасалды. Жалпы сомасы 1,4 миллиард доллар болатын 12 жоба іске асырылу үстінде, 9,2 миллиард долларлық 22 жоба пысықталып жатыр дейді министрлік басшысы. Қазір 3 деңгейлі инвестиция тарту жүйесі құрылды. Сыртқы деңгейде ҚР Сыртқы істер министрлігі, Қазақстанның шетелдегі мекемелерінің инвестициялық кеңесшілері және Kazakh Invest өкілдері; Орталық деңгейде Инвестициялар және даму министрлігінің Инвестициялар жөніндегі комитеті және Kazakh Invest Ұлттық компаниясы АҚ; Өңірлік деңгейде жергілікті атқарушы органдар, Kazakh Invest Ұлттық компаниясы АҚ-ның аймақтық өкілдері, - дейді Жеңіс Қасымбек. Министрлік дерегінше, соңғы жылдары елімізде заңнамаға өзгерістер еніп, рұқсат беру, салық салу жұмыстары, кедендік бақылау жүйелерін, көші-қон визалық режимін пайдалану және ЭЫДҰ ұсыныстарына сәйкес сот жүйесін жүргізу жеңілдетілді. Ірі инвесторлардың қатысуымен инвестициялық даулар бірінші сатыдағы сот ережелері бойынша Жоғарғы сотта, қалғандары Астана қаласының сотында қаралады. Оған Жоғарғы сотта арнайы Астана қаласының мамандандырылған сот алқасы құрылды. Проблемалық мәселелерді жедел шешу үшін инвесторлардың мемлекеттік органдармен даулы мәселелерінің мүдделерін қорғайтын инвестициялық омбудсменнің институты жұмыс істейді, деді министр. Мәлімдеме соңында Жеңіс Қасымбек Қазақстанға соңғы 6 айда құны 12 миллиард АҚШ доллардан астам шетел инвестициясы салынғанын алға тартты. Қазақстан тікелей инвестицияларды тарту бойынша Орталық Азияда көшбасшы елге айналды. Ондағы Қазақстанның үлесі шамамен 70%-ды құрайды. Биылғы 9 айда негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 21,6%-ға артып, жалпы сомасы 7,5 триллион теңге болды. Тау-кен өнеркәсібінде 41,4, құрылыста 37,1 және өңдеу өнеркәсібінде 26,4%-дық өсім болды. Инвестицияның көбі Атырау, Астана, Алматы қалаларына тиесілі. Негізгі капитал инвестицияларындағы жеке қорлардың үлесі 73,1%, құны 5,5 триллион теңге. Биылғы бірінші жартыжылдықтың есебі бойынша тікелей шетел инвестицияларының жалпы көлемі 15,4%-ға өсіп, құны 12,3 миллиард болған. Инвестициялық өсім мына салаларда байқалған: тау-кен өнеркәсібі 6,7 миллиард доллар, сауда 2,0 миллиард теңге және көлік, қаржылық және сақтандыру қызметі, ақпарат және байланыс салалары, дейді министр Жеңіс Қасымбек.