«Зергерлік өнер» көрмесі ашылды

«Зергерлік өнер» көрмесі ашылды
Фото: Ұлттық музей мұрағатынан

Қазақстан Республикасы Ұлттық мұражайында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Зергерлік өнер» атты көрме ашылды.

Көрмеге «Әдемі-ай» өнер музейінің топтамаларынан сирек кездесетін зергерлік бұйымдар қойылды.

2011 жылы танымал коллекция жинаушы, өнертанушы Баһаргүл Төлеген «Әдемі-ай» өнер музейінің негізін қалаған. Бүгінгі таңда музей экспозиция қоры мыңнан астам экспонаттардан тұрады. Олардың арасынан ж.с.д. І-ІІІ ғасырларға жататын Құшан патшалығына тән археологиялық жәдігерлерді және VI-ХII ғасырлардың тарихи бағалы туындыларды көруге болады.

«Біздің халқымыздың тарихы  тек қана жаугершілік  пен шапқыншылықтан тұрмағаны белгілі. Ежелгі көне тарихқа көз салсақ, рухани және мәдени бай жәдігерлеріміз сайрап жатыр. Бүгінгі көрменің де сондай бай тарихымызға тікелей байланысы бар. Біз өз тарихымызды түгендеген кезде осындай  жәдігерлердің әрбіріне мән беріп, оның құнын біліп жүруіміз қажет. Бүгінгі көрмені ұсынып отырған Баһаргүл Төлегенқызы ежелгі зергерлік бұйымдарды жинап қана қоймай, оны одан әрі дамытып, заман талабына сай өнер туындыларына айналдырып отыр. Мұндай іспен жүйелі түрде айналысу үшін білімнің сыртында қажырлылық пен қатар ұлтқа деген үлкен махаббат қажет. Мұндағы әшекей бұйымдардың ою-өрнек бедерлері барлық қазаққа ортақ мұра. Ол ою-өрнектерде ұлтымыздың философиялық ойлау жүйесі мен рухани деңгейінің биіктігін білдіретін астарлы сыр жатыр. Осындай қадірлі мұраны жинап, оны болашақ ұрпаққа ұсынып отырған Бахаргүл ханымның жұмысы үлкен сауапты іс деп білемін» – деді Ұлттық музейдің директоры Дархан МЫҢБАЙ.

Көрмеге 13 жылдан бері тарихи-мәдени құндылықтар мен ұлттық дәстүрлерді жандандырумен айналысып келе жатқан «Әдемі-ай» компаниясының Қазақ хандығының 550 жылдығына  арнайы дайындаған сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары мен ұлттық кәдесыйлары да қойылды.

Барлық әшекейлер қазақ халқының тарихымен тығыз байланысты және тамыры мыңдаған жылдарға бойлайтын ұлттық мәдениеттің дамуын көрсетеді.

«Бүгінгі көрме Қазақ хандығының 550 жылдығын ұлықтау мақсатында өткізіліп жатыр. Бұл көрме жиналған жұрттың назарына «Әдемі-ай» компаниясының мемлекет деңгейінде тойланып жатқан мерекеге арнайы  кәдесыйлар әзірлеуімен ерекшеленеді. Қазақ хандарының бейнесі бейнеленген кәдесыйлар жаны қазақ, қаны қазақ азаматтардың рухын асқақтатады, ұлттық намысы мен жігерін жаниды деген сенімдеміз. Көрмеге қойылған мыңнан артық коллекция тиісті бағасын алады деп үміттенеміз» – деді   «Әдемі-ай plus» ЖШС-ның бас директоры Баһаргүл ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Көрме 13 қарашаға дейін жалғасады. 

@. @assel_assanova