Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Мәжіліс отырысында жоғары білім беру жүйесін дамытудың жолдарын ұсынды.
Оның айтуынша, халық тығыз қоныстанған өңірлердің түлектеріне жоғары оқу орнына оқуға түсуге көбірек гранттар бөлінбек.
Сондай-ақ, жоғары білімнің әлемдік деңгейін қалыптастыру үшін елде шетелдік оқу орындарының филиалдары ашылмақ.
"Жоғарғы оқу орындарының бәсекелестігін қалыптастыру аса маңызды. Елімізде жетекші шетелдік оқу орындарының филиалдары ашыла бастағаны белгілі. Жақын арада елімізде Ресейдің жетекші техникалық оқу орнының бір филиалы ашылмақ. 2025 жылға дейін шетелдік абыройлы 5 университеттің филиалдарын ашуды тапсырамын. Оның ішінде екеуі міндетті түрде техникалық бағыттағы ЖОО болуы әрі ол Қазақстанның батыс өңірінде ашылуы тиіс", - деді мемлекет басшысы.
Гуманитарлық бағыттағы мамандықтарға қарағанда техникалық мамандықтарға көбірек көңіл бөлінбек.
"Техникалық мамандықтарға басымдық берілуі тиіс. Инженер мен өндіріс мамандықтарының жаңа буынын дайындап шығуымыз керек", - деді президент.