Елімізде 13 шілде Ұлттық аза күні деп жарияланды. Бұл туралы республикалық телеарналар арқылы елімізде қалыптасқан ахуалға байланысты үндеу жасаған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
"Көптеген елде жағдай бізден де қиын. Дегенмен "Әр қазақ - менің жалғызым" дегендей, әр азаматымыздың қазасы жүрегіме қатты батады. Мынау алапат індет арамыздан аталай асылдарымызды жұлып әкетіп жатыр. Бүгінде қара жамылып отырған азаматтарымыздың қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Сол үшін 13 шілдені Ұлттық аза тұту күні деп жарияаймын. Бірақ біздің күресіміз жалғаса береді", - деді Тоқаев.
Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 51059-ға жетті. Оның 16928-і аурудан жазылса, 280 науқас көз жұмған.
Айта кетейік, Қазақстанда ұлттық аза тұту күнін республика президенті жариялайды. Аза тұту күнін жариялаудың нақты бір талабы жоқ. Шешім оқиға кезінде қабылдануы мүмкін. Әдетте кісі өлімі көп тіркелсе, терактілер мен аса көрнекті қайраткерлер өмірден озғанда, өзге де қайғылы жағдайлар кезінде аза тұту күні жарияланады. Аза тұту күні бір күннен бірнеше күнге созылуы мүмкін. Қазақстанда аза тұту күні мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың, шекаралық дипломатиялық мекемелердің ғимараттарындағы Мемлекеттік ту төмен түсіріледі. Көңіл көтеретін шаралар мен телебағдарламалар тоқтатылады.