Қазақстан мен Хорватия арасындағы экономикалық ынтымақтастық нығаймақ

Қазақстан мен Хорватия арасындағы экономикалық ынтымақтастық нығаймақ

4 желтоқсанда өткен Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында "Қазақстан Үкіметі мен Хорватия Үкіметі арасындағы Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісімді және оған Хаттаманы ратификациялау туралы" заң жобасы мақұлданды.

Келісім экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының модельдік тұжырымдамасы негізінде жасалды. Мұндай халықаралық шарттар шетелдік инвесторларға кепілдік беріп, салық салу құқығын екі мемлекет арасында әділетті бөлуге мүмкіндік береді. Келісімнің бірнеше мақсаты бар:

– бірінші, алдағы уақытта салықтың барлық түрі бойынша ақпарат алмасуды қамтамасыз етіп, салық қызметтері арасындағы ынтымақтастықты нығайту;
– екінші, резиденттікті дәлелдейтін, екі мемлекетте бірдей қолданылатын тәртіпті белгілеу;
– үшінші, дивидендтер, пайыздар, роялти сияқты пассив табыстарға шекті мөлшерді бекіту;
– төртінші, екі елдің құзыретті органдардың арасындағы салықтық дауларды шешу үшін, құқықтық негізін қалыптастыру.

"Хорватиямен өзара сауда-саттық туралы кей деректерге қысқаша тоқталар болсақ, екі ел арасындағы тауар айналымы соңғы 10 жылда 1,4 миллиард  АҚШ долларына жетті. Қазақстан және Хорватия арасындағы өзара сауданың көлемі 2017 жыл ішінде едәуір ұлғайып, 317 миллион АҚШ долларын құрады, оның ішінде экспорт - 304 миллион АҚШ доллары, импорт - 13 миллион АҚШ доллары. Тауар айналымның көбеюі Қазақстанның мұнай өнімдерін экспортқа көбірек шығаруына байланысты. Ал 2016 жылғы жалпы сауда айналымы 38,5 миллион АҚШ долларын ғана құраған болатын. Қазақстандық экспорттың негізгі бағыты – мұнай өнімдері, алюминий", - деді ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайылов. Сонымен бірге, Хорватиядан импорт құрылымында фармацевтік өнімдер, косметикалық заттар, тоқыма өнімдері басымдыққа ие.

Massaget.kz