- Негізгі бет
- Мәңгілік ел
- Қазақстан – қасиетті...
Қазақстан – қасиетті мекеніміз
Ежелгі Тұран өлкесінің ұлан-ғайыр аумағын алып жатқан Ұлы Дала елі – Қазақстан Республикасы биыл өзінің өркенді асу, мерейлі белесін атап өтуде. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы барша халқымыз үшін елеулі кезең, еңселі мерекеге айналуда. Өйткені, Тәуелсіздік – ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы асыл арманының іс жүзіндегі көрінісі. Жүздеген жылдар бойғы күресінің жарқын жеңісі, орындалған тарихи аманатының мәуелі жемісі деп бағалауымыз керек. Халқымыздың өмірінде бұрын-соңды болмаған бұл тарихи дәуір 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданғаннан кейін басталды. Ширек ғасырда әлемдік деңгейдегі тұлға, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында Қазақстан демократиялық саяси-құқықтық жүйесі бар, экономикасы тұрақты, халқының әл-ауқаты жоғары, жаһанға бейбіт тірлік, берекелі дамуымен танылған мәртебелі мемлекет ретінде қалыптасты.
Соңғы жылдары Қазақстан халқы желтоқсан айында елдік мерекелердің салтанатты шеруін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен бастап, Тәуелсіздіктің ұлық мейрамымен ұластыруды игілікті дәстүрге айналдырды. Себебі, Елбасының ерен еңбегі арқылы Тәуелсіздіктің алып бәйтерегі бой көтеріп, жайқалып жапырақ жайғанын жұртшылық көріп-біліп, жан-жүрегімен ұғынып отыр. Әлемдік тәжірибеде мемлекет құрылысының ең ауыр әрі сындарлы сынақтарында айрықша қажыр-қайрат, ерік-жігер танытқан тарихи тұлғаны ұлықтау, тәуелсіз елдің шаңырағын көтерген көсемге құрмет көрсету берік қалыптасқан дәстүрлердің қатарына енеді. Бұл дәстүр біздің елде халықтың айнымас ақ адал ниет-пейілімен, ілтипат-құрметімен мейлінше суарылып, Қазақ елінде берік қазығын қақты.
Мемлекеттілік тарихы ғасырларға тереңдеген өркениетті елдердің тәжірибелерін зерделегенде ХІХ ғасырда жаңа бағыттағы Германияның тұңғыш канцлері лауазымын атқарған белгілі мемлекеттік қайраткер Отто фон Бисмарктың: «Бостандық – бұл бәрінің бірдей қолы жете бермейтін керемет байлық» деген сөзі еске түседі. Шынында да, әлемнің жүздеген ұлттарының қатарында біздің халықтың маңдайына азаттықтың жұпар ауасын жұту бақыты бұйырғанын ерекше мақтаныш етуіміз керек. Биылғы жылы «Бірлік пен Жасампаздықтың 25 жылы» атты отаншыл рухты оятар ұранмен өтіп жатқан Қазақстан Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық белесінің тұжырымдамалық негізі ел дамуының басты бес идеологемасына сүйенді. Олар: Бостандық, Бірлік, Тұрақтылық, Жасампаздық және Өркендеу. Енді осы тұғырнамалық бағыттарды таратып көрсек. Мәселен, Бостандық: Тәуелсіздік алғаннан кейін еліміз, Қазақстан халқы және әрбір азамат өзінің болашағын өзі дербес құруда шынайы бостандыққа қол жеткізді. Бірлік: Тәуелсіздік алған күннен бастап Қазақстан татулық пен достыққа негізделген барша халықтың бірлігін өз дамуының негізі етіп алды. Ширек ғасырдың ішінде Қазақстан сол қағиданы берік ұстанып келеді. Тұрақтылық: Қазақстан бүгінгі барлық жетістіктеріне ең әуелі елдегі саяси, экономикалық, әлеуметтік тұрақтылық арқылы ғана қол жеткізді. Жасампаздық: Тәуелсіздік заманы – бұл жасампаздық пен ұлы істердің ұлы жолы. Өркендеу: Қазақстан сындарлы таңдалған даму жолы арқылы барлық сынаққа төтеп беріп, соның арқасында өркендеуге және халықтың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік алды.
Біздің дәуіріміздің VII-VIII ғасырларында өмір сүрген көне түркі мемлекетінің билеушісі Білге қағанның тасқа қашалған тағылымды пайымдарының қатарында «Ел болып бірігуден асқан бақыт жоқ» деген асыл толғамы мұра боп қалған екен. Тәуелсіздік жылдарында жүріп өткен жолымызда қол жеткізген тарихи табыстарға шолу жасасақ, 25 жылдың ішінде Қазақстан әлемнің ең дамыған 50 елінің қатарына енді, «Қазақстан-2030» Стратегиясы мерзімінен бұрын іске асырылды. Қалыптасқан мемлекеттің ұзақ мерзімді бағдарламасына айналған «Қазақстан-2050» Стратегиясын, мемлекеттің жаңару жолы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға кірістік. Ел Президенті өзінің таяуда жазылған «Ұлы Дала ұлағаттары» атты кітабында: «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» деп аталған Жолдау мемлекеттік идеяның түпқазығы – біздің жалпыұлттық аңсарлы арманнан бастау алатынын жан-жақты ашып көрсетуге бағытталды. Біз жалпыұлттық арманның орындалуы үшін бар күш-жігерімізді, білім-білігімізді, алған тәжірибеміз бен түйген үлгі-өнегемізді толық әрі сарқа жұмсайтын боламыз. Бұл асыл мұрат – күллі қазақстандықтарды жарқын болашаққа бастаудың кепілі. Уақыт бізді таңдады! Біз сол уақытқа енді өзіміздің мемлекеттік мөріміз – тәуелсіз Қазақстанның атын жаздық», деп атап көрсетті.
Мемлекет басшысы биылғы жылдың 1 қаңтарынан «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталғанын халыққа жария етті. Бұл аса маңызды құжатта кәсіби мемлекеттік аппарат құру, заңның үстемдігін қамтамасыз ету, индустрияландыру және экономикалық өсім, біртектілік пен бірлік, есеп беретін мемлекетті қалыптастыру сияқты бес институттық реформа белгіленген. Бұл реформаларда біздің еліміз алға қойған өршіл мақсаты – Қазақстанды әлемнің ең озық 30 елінің қатарына қосудың нақты механизмдері белгіленген.
Ұлт жоспарында біздің ұзақ мерзімді даму бағдарламамыз «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асырудың барлық тетіктері қамтылған. Нәтижесінде, өткен жылы бұл бағытта аса жауапты жұмыстар жүргізіліп, мемлекетті, экономика мен қоғамды дамытуда жаңа құқықтық орта қалыптастыратын 59 заң күшіне енді. Бұл шаралар, әрине, біздің еліміздің асқақ мақсаты болып саналатын осы ғасырда әлемнің ең озық 30 елінің қатарына кіруімізге жол ашуда.
Ел Президенті бұл тұрғыда: «біз Тәуелсіздіктің 25-ші жылдығына жаңа қазақстандық арманмен аяқ бастық, оның басты мақсаты жүзеге асырылып жатқан «2050» Стратегиясымен бара-бар», деп атап өтті. Ұлт жоспары келешекте Қазақстанды өзінің жалғыз Отаны санайтын арманы-мұраты бір халықты Болашағы Біртұтас Ұлт қалыптастырудың нақты бағыт-бағдарына айналды. Жаңғыртулар Қазақстанды, оның экономикасын, мемлекет пен қоғамды өзгертетін тарихи міндеттер кешенін қамтып отыр. Яғни, дүние жүзіндегі аса дамыған мемлекеттерді біріктіретін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарына сәйкес келетін елді дамыту, экономикалық өсім мен барлық қазақстандықтардың өмірін жақсарту үшін жаңа лайықты жағдайлар қалыптастырады.
Ширек ғасырда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кемел саясатының арқасында қол жеткізілген айтулы жетістіктердің қатарына Қазақстанның халықаралық бастамаларын айрықша атап көрсетуіміз керек. Бүгінгі таңда Қазақстан 70-тен астам халықаралық ұйымдарға мүше. Еліміздің аса ықпалды халықаралық ұйымдар – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мен Ислам ынтымақтастығы ұйымына төрағалық етуі – Қазақстанның жоғары беделін айғақтайды. ЕҚЫҰ саммитінің ұзақ үзілістен кейін Астанада өткізілуі – Қазақстанның осы ұйымға төрағалығының айтулы нәтижесі болып табылады. Форумның қорытындысы бойынша қабылданған Астана декларациясы әлемдік саясатқа «Еуразиялық қауіпсіздік» және «Астана рухы» ұғымдарында көрініс тапқан қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың жаңа түсінігін енгізді. Қазақстан әлемдік конфессияаралық үнқатысулардың бастамашысы және ұйымдастырушысы ретінде танылды. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері елдер мен өркениеттер арасындағы бейбітшілік пен ынтымақтастықты нығайтудың диалогтық алаңына айналып отыр.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы ядролық қаруға қарсы жаһандық қозғалыстың көшбасшылары қатарына енді. КСРО күйрегеннен кейін, еліміз қуаты жөнінен әлемдегі төртінші зымырандық-ядролық арсеналға иелік етті. Біздің аумағымызда 104 құрлықаралық баллистикалық СС-18 зымырандары орналасты. Оларға 1400 ядролық оқтұмсық орнатылған болатын. 40 жыл бойы 500-ге жуық ядролық жарылыс жасалған полигонның үні біржола өшті.
Елбасының бастамасымен дүние жүзіндегі ең ірі Семей ядролық полигоны біржолата жабылып, ядролық қарудың әлемдегі төртінші арсеналы жойылды. Қазақстан әлем тарихында ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан тұңғыш ел болды.
Мемлекетіміз ядролық қаруды таратпау тәртібін мүлтіксіз сақтай отырып, жер жүзінде жаппай қырып-жоятын қаруға жалпыға бірдей тыйым салу, бейбіт атомды қауіпсіз пайдалану, халықаралық ядролық терроризм қатеріне жол бермеу жөніндегі жаһандық бастамаларды ұсынып келеді. Семей полигонын жабу туралы Елбасы Жарлығы бекітілген 29 тамыз Қазақстанның бастамасымен бүгінгі таңда Ядролық сынақтарға қарсы әрекеттердің халықаралық күні болып белгіленді. Бұл туралы БҰҰ Бас Ассамблеясының арнайы қарары қабылданды. Бұл айтулы датаның адамзат тарихындағы маңызын ескере отырып, биылғы жылы Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммитте Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің жаңа сыртқы саяси бастамасы – «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін жаһанға жария етті. Маңызды құжат халықаралық тұрғыдан кең серпіліс туғызып, БҰҰ-ның ресми құжаттарының тізбесіне енді. Манифест өзінің өзектілігі мен мазмұндылығы бойынша қазіргі таңда Жер-жаһанды алаңдатып отырған аса маңызды мәселелерді қамтуымен барша әлем жұртшылығының назарына ілікті. Елбасының халықаралық деңгейдегі тарихи құжаты қазіргі кезеңде әлемдік шиеленістердің асқынып кеткен тұсында халықаралық жағдайдың күретамырлы мәселелерін сипаттап берді. Мемлекет басшысы дүние жүзіндегі дүмпулерге себеп болып отырған сан алуан факторларды сараптай отырып, көшбасшы елдердің басшыларына алаңдаушылықпен және ерекше ықыласпен қазіргі әлемдік құрылыс жүйесіндегі теңгерімсіздікті одан әрі болдырмауға және халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған нақты шараларды қабылдауға шақырды. Мемлекет басшысы әлемдік құрылысқа сын-қатер төндіретін жаһандық және өңірлік өзгерістер орын алып жатқандығының шүбәсіз шындығы айқын байқалып тұрған жаңа мыңжылдық маңызды саяси, әскери және гуманитарлық оқиғаларға толы екендігін еске салды.
БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясында Қазақстанның Жаһандық Стратегиялық Бастама-2045 Жоспарын жасау бастамасы жария етілді. Бұл Жоспар соғыстар мен жанжалдардың түбегейлі себептерін жоюды көздейді. Барлық ұлттардың инфрақұрылымға, ресурстар мен нарықтарға теңдей және әділетті қолжетімділігі негізінде дамудың жаңа үрдісін қалыптастыру маңызды. Оны БҰҰ-ның 100 жылдығы мерейтойына қарай жүзеге асыру ұсынылды.
Әлемде ядролық қарусыздануға қатысты Қазақстан тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстар жан-жақты жалғасын табуда. Атап айтсақ, жыл сайын 29 тамыз күні Астанада ядролық қарусыздану мәселелеріне арналған халықаралық жиындар дәстүрлі түрде өткізілуде. Биылғы жылы өткен «Ядролық қарусыз әлем құру» атты халықаралық конференцияда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жаһандық қауіпсіздікті сақтаудың адамзаттың болашағы үшін маңыздылығына тоқтала отырып, Ядролық қарусыздану сыйлығын тағайындау туралы бастама көтерді. «Ядролық қарусыздану мен жаһандық қауіпсіздікке қосқан үлесі үшін» сыйлығының алғашқы лауреаты ретінде Иордания королі Абдалла ІІ белгіленгенін атап өтуіміз керек.
Сонымен қатар, Президент жақында Жапония еліне жасаған ресми сапарында ядролық жарылыстың құрбанына айналған Хиросима қаласына арнайы барды. Сол сапарда Хиросима қаласының мэрі Казуми Мацуи Елбасының 1991 жылы Семей сынақ полигонын жабу туралы шешім қабылдауы, бүгінгі күнге дейін ядролық қаруды таратпау және қарусыздану бағытында көтерген бастамалары бүкіл әлемге үлгі болғанын атап өтті. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев «Ядролық қарусыз әлем құру» идеясын көтерген Президент ретінде халықаралық қоғамдастықта үлкен рөлге ие болғанын айтып, Елбасына «Хиросима қаласының Айрықша құрметті азаматы» арнайы атағын берді. Бұған қоса, Жапонияға сапары барысында Елбасы Гои бейбітшілік қорының 2016 жылғы «Ядролық қарусыздану және таратпау ісіне қосқан елеулі үлесі үшін» бейбітшілік мәдениеті арнаулы сыйлығымен марапатталды. Бұл халықаралық деңгейдегі марапаттар Елбасының жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосып жатқан тарихи ерлігіне берілген тағы бір айрықша баға деуіміз керек.
Нақты деректерге сүйенсек, Семей полигонында жарылған 500-ден астам бомбаның зардабы Хиросимоға тасталған атомның қуатынан 2,5 мың есеге асып кетеді екен. Бұл халқымыз үшін өте ауыр трагедия екенін айтуымыз керек. Сондықтан да, сол сапарда Елбасы Жапон халқының ойлау жүйесі қазақтардың дүниетанымына жақын әрі онымен үндес екенін айта аламын. Біздің халықтарымызды қиын да күрделі, кейде тіпті тақсыретті тағдыры тығыз байланыстырады. Қазақстан мен Жапония жаппай қырып-жоятын қарудың бүкіл қасіретін бастан өткерді», – деп атап өтті.
Егемендіктің елең-алаңында ел Президентінің «әуелі экономика, содан кейін саясат» деген қағидасы бүгінде әлемдік қоғамдастық деңгейінде ерекше бағаланып, мемлекет дамуында өзінің өзектілігі мен өміршеңдігін ұдайы дәлелдеп келеді. Соның нәтижесінде, Қазақстан ТМД елдерінің ішінде бірінші болып нарықтық экономикалы мемлекет ретінде танылды. Ширек ғасырда ішкі жалпы өнімі доллармен есептегенде 20 есе, орташа еңбекақы 17 есе өсті. Шамамен 2 миллион жұмыс орны ашылды. Елдегі кедейшілік деңгейі 20 есе қысқарды. Егер 90-шы жылдардың басында әрбір үшінші адам Қазақстанда кедейшілік шегінің арғы жағында өмір сүрсе, бүгінде кедейшілік деңгейі 3%-дан да төмен.
Республикалық маңызы бар 10,5 мың шақырым автомобиль жолы салынды және жөнделді. Индустрияландыру бағдарламасы бойынша 6 жылда 3,8 триллион теңгеге 900 жоба қолданысқа енгізіліп, 85 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Елдің халықаралық резервінің көлемі, Ұлттық қор қаржыларын қоса алғанда, 95 миллиард долларды құрап, ІЖӨ-нің 50%-ына дейін артты. Қаржы және банк жүйесі, даму және экономиканы басқару институттары құрылып, тиімді жұмыс істеуде. Тәуелсіздік жылдарында ішкі жалпы өнімнің көлемі ондаған есе артып, жоғары деңгейге жетті.
Республикамызда шетелдік қаржының едәуір көлемін тартуға және бірлескен экономикалық жобаларды іске асыруға ықпал ететін қолайлы инвестициялық ахуал қамтамасыз етілді. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанға 255 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясы тартылды. «Бизнесті оңай жүргізу» рейтингі бойынша еліміз 189 елдің ішінде 41-ші орын алады. Еңбек рыногының тиімділігі бойынша Қазақстан 140 елдің ішінде 18-ші орында тұр. Шетелдік инвесторлар үшін «жасыл дәліз» ашылды. Аграрлық секторға Германиядан, Италия мен Қытайдан стратегиялық инвесторлар тартылды. Елімізде үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы кезең-кезеңімен іске асырылып, бүгінде біз бұл бағыттың екінші бесжылдығына аяқ бастық. Осыған орай, Қазақстан шикізатқа тәуелділіктен арылып, ғылымды қажет ететін экономика құруға бел шеше кірісті.
Экономикадағы тұрақтылықтың арқасында жалақының, зейнетақының, шәкіртақының және мемлекеттік жәрдемақының тұрақты өсуі қамтамасыз етілуде. Мемлекеттік бюджеттің әлеуметтік инфрақұрылым, денсаулық сақтау, білім беру, ғылым, мәдениет және спорт салаларындағы көрсетілетін қызметтерді дамытуға едәуір қаржы бөлінуде. Тәуелсіздік жылдарында шамамен 1400 мектеп пен 1300 денсаулық сақтау нысандары салынды. Тәуелсіздік жылдарында әлеуметтік сала шығындары ІЖӨ-нің 6%-ынан 10%-ынан астамға дейін өсті. Қазақстандықтардың орташа өмір жасы 72-ге ұлғайды. 100 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, халықтың баспанамен қамтамасыз етілуі бір жарым есеге ұлғайды. Міне, осылардың бәрі Елбасы атап көрсеткендей, елімізді «серпілісті тарихи дәуірге» алып келуде.
Серпінді экономикалық өрлеулер мен әлеуметтік оң өзгерістердің жүзеге асуына Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қалыптастырған халықтың бірлігі мен келісімін қамтамасыз еткен бірегей моделі серпіліс бергенін атап өтуіміз керек. Азаттықтың алғашқы жылдарында мемлекет құрушы қазақ халқының саны жалпы ел халқының жартысына да жетпеуі егемен елдің байрағын биіктетуге елеулі сынақ болды. Осындай сын-қатерлі тұста Президент мықты мемлекет қалыптастыру жолында барлық этностардың мұрат-мақсаттарын тоғыстырудың мүмкіндігін іс жүзінде дәлелдеп берді. Елбасы дүние жүзінің бірде-бір мемлекетінде тәжірибеге енбеген Қазақстан халқы Ассамблеясын құрып, этносаралық қатынастарды жетілдіруде іргелі істерге жол ашты. Өткен жылы бірегей қоғамдық институттың құрылғанына 20 жыл толуына орай Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2015 жыл ҚХА жылы деп жарияланды. Осы уақыт аралығында Қазақстан этносаясатының елеулі артықшылықтары қалыптастырылды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың орнықты саясатының арқасында азаматтық тең құқықты іске асырудың тетіктері жасалды. Азаматтық қағидат негізінде қазақстандық бірегейлік пен бірлік қалыптастырылып, нығая түсуде. Қазақстандағы этностардың өкілдігі және олардың мүдделерін іске асыру ең жоғары мемлекеттік деңгейде жүзеге асырылуда – Конституцияның кепілі ел Президенті ҚХА Төрағасы болып табылады. Ассамблея сессияларының шешімдерін барлық мемлекеттік органдардың қарауы және орындауы міндеттілік ретінде бекіді. Ел Парламентіндегі этностардың кепілді өкілдігі ҚХА-ның Мәжіліске 9 депутат сайлауы арқылы қамтамасыз етілуде. «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясын өзек еткен қазақстандық бірегейлік пен бірліктің құндылық негізі қалыптастырылды. Мемлекет этностардың тілі, дәстүрлері мен мәдениетін дамыту үшін жағдай жасады және қолдау көрсетіп келеді. Бірегейлік пен бірліктің қазақстандық моделі азаматтық бастамашылдықтың, азаматтық қоғам институттары мен мемлекеттің сындарлы диалогының негізінде дамуда. Соған сәйкес, тиісті нормативтік-құқықтық актілер қабылданып, барлық деңгейдегі әкімдер мен ірі кәсіпорындар жанынан ҚХА-ның қолдауымен қоғамдық келісім кеңестері құрылды. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2014 жылы ҚХА қызметін қамтамасыз ету жөніндегі ұйым ретінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі құрылды. Қайырымдылық, медиация туралы заңдар қабылданды.
«Егеменді ел көрікті, бетегелі бел көрікті» демекші, мемлекеттің тірегі, іргетасы да, рухани тамырымыз да – ауылда екені мәлім. Өткен жылы Елбасы ұсынған «Ұлы Дала елі» ұғымының астарына үңілсеңіз, ең әуелі көз алдыңызға алтын діңгек – ауыл келетіні ақиқат. Өйткені, ұлтымыздың тұтастай генофонды, рухани тамыры, мәдени кодының бәрі ауылда жатыр. Тәуелсіздік ауылға не берді деген сұраққа келсек, ең әуелі аграрлық сектордың жаңа сатыға көтерілгенін атап өтуіміз керек. Елімізде ауыл шаруашылығын дамыту үшін әлемдегі ең жақсы жағдай қалыптасқан. Қазақстанның ауыл шаруашылығы жерлерінің ауданы – 215 миллион гектар. Бұл – әлемдік ресурстардың 4 пайыздан астамы. Қазақстан бір тұрғынға шаққандағы егістік алқабының ауданы жөнінен әлемде Австралия және Канадамен бірге алдыңғы қатарда тұр. Өңірлердің табиғи-климаттық тұрғыдан әралуандығы мен топырақтың құнарлылығы бізге түрлі бағыттарда – бидай, күріш, майлы дақыл және жемшөп дақылдары, ет және сүт өндірісінде бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік береді. Қазақстан әлемдегі ірі астық экспорттаушылардың ондығына кіреді. Орталық Азия елдеріне жыл сайын 6 миллион тоннаға дейін, Еуропалық одақ елдеріне 2 миллион тоннаға дейін астық экспортталады. Жалпы алғанда, Қазақстан экспортының географиясы 70 елді қамтиды.
«Агробизнес-2020» ауқымды бағдарламасы жүзеге асырылуда, оның аясында аграрлық азық-түлік секторына 16 миллиард доллардан астам қаражат инвестицияланатын болады. Соңғы 4 жылдың өзінде мемлекет агроөнеркәсіп кешеніне 5 миллиард доллардан астам инвестиция салды.
Елбасы бұған дейінгі Жолдауларында ұсынған «100 мектеп, 100 аурухана» жобасы еліміздің түкпір-түкпірінде жаңа мектептер мен ауруханалардың бой көтеруіне жол ашты. Ауылдық аумақтардың инфрақұрылымын қалыптастыру жұмыстары өз нәтижесін беруде. Ауылдық аумақтардағы фермерлерді қолдау мақсатында қабылданған «Сыбаға», «Алтын асық», «Ырыс» және басқа да бағдарламалар арқылы мемлекет тарапынан несие беру шаралары игілікті жолға қойылды. Ауыл тұрғындарын таза сумен қамтамасыз етуге бағытталған «Ақ бұлақ» бағдарламасының қолға алынуы, мектепке дейінгі жеткіншектерге тәрбие беруге бағытталған «Балапан» бағдарламасының басталуы және басқа да игілікті істер ауылға деген тәуелсіздіктің тартуы деп есептеуіміз керек. Ауылдық жерлерде Қазақ елінің болашақ Абайы мен Шоқаны, Бауыржаны мен Қанышы өсіп келе жатқанына ешқандай күмәніміз жоқ. Сол себепті, ауылдық аумақтарда білім деңгейін көтеруге әлі де көп көңіл бөле беруіміз керек.
Жалпы алғанда, ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасын нығайтып, оларды біліктілігі жоғары кадрлармен қамтамасыз ету жұмысы жалғаса бермек. Сонымен бірге, ауылдардың инфрақұрылымы мен әлеуметтік саласын дамыту, қажетті білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт нысандарын салу, жөндеу жұмыстары толастамауы керек.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев биыл Жер реформасы жөніндегі комиссияның Жер кодексінің жекелеген нормаларына қатысты мораторийдің күшінде тұру мерзімін 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзарту туралы шешім қабылдады. Мемлекет басшысының ұйғарымымен құрылған Жер реформасы жөніндегі комиссия қоғамды толғандырған проблемалық мәселелерді талқылай отырып, үлкен жұмыс жүргізді. Үкімет енгізетін жекелеген заң жобасында көрініс табуы тиіс бірқатар ұсыныстар әзірледі. Атап айтқанда, ол ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді беру процедураларын жетілдіру, олардың ұтымды пайдаланылуына бақылауды күшейту мәселелеріне қатысты. Жалпы, ауыл шаруашылығын дамыту оған ілесе көптеген салалардың дамуына жағдай туғызады.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы бірқатар қиындықтарға қарамастан, Ел Президенті мәдениет саласына ерекше мән беріп, нақты қолдау көрсетуді жолға қойды. Атап айтсақ, 2003 жылы Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында Қазақстанның мәдени мұрасын, гуманитарлық білім қорын, тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін қалпына келтіруді, ұлттық әдебиет пен жазудағы көпғасырлық тәжірибені біріктіруді зерттеудегі бірыңғай жүйе қалыптастыруға бағытталған бағдарлама жасауды тапсырды. Тарихи бастама бойынша ТМД елдерінде бұрын-соңды болмаған «Мәдени мұра» бағдарламасының кешенді түрде іске асырылуы халықтың бойында рухани сілкініс жасап, тарихи-мәдени қорымызды толықтырды. 2004 жылдан – бағдарламаны жүзеге асыра бастаған кезден бастап тарих пен мәдениеттің 78 ескерткішінде реставрациялық жұмыстар жүргізілді. Ғылымды жаңа артефактылармен байытқан 26 ғылыми-қолданбалы, 40 археологиялық зерттеу жүргізілді. Шығыс Қазақстан облысындағы Шілікті мен Берел қорғандарындағы (б.з.д. V-III ғғ.) қазбалар, «скиф-сібір аң стиліне» немесе өнерге жататын табылған алтын бұйымдар әлемге әйгілі болды. Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет еліміздегі ескерткіштердің масштабты инвентаризациясы өткізілді және республикалық (218 нысан) және жергілікті (11 277 нысан) маңызы бар тарих пен мәдениет ескерткіштерінің Тізімі бекітілді.
Қытай, Түркия, Моңғолия, Ресей, Жапония, Мысыр, Өзбекстан, сонымен қатар, АҚШ пен Батыс Еуропаға ғылыми-зерттеу экспедициялар нәтижесінде 5 мыңнан астам құнды тарихқа, этнографияға, Қазақстан өнеріне байланысты архивті құжаттар, қолжазбалар мен баспа шығарылымдары алынды. Алғаш рет «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қазақ тіліндегі толымды гуманитарлық білім беру қорын құру басталды. 537 кітап бір жарым миллионнан астам тиражбен шығарылды, олардың арасында тарихқа, археологияға, этнографияға, жаңа энциклопедиялық сөздіктерге байланысты қайталанбас сериялар кездеседі. Атап айтсақ, «Бабалар сөзі», «Библиотека мировой литературы», «История казахской литературы», «Философское наследие казахского народа с древнейших времен до наших дней», «Мировая культурологическая мысль», «Экономическая классика», «Мировое философское наследие» сияқты қатарлар бар. Орта ғасырлардағы әуендерді терең зерттеулер жүргізілді, оның ішінде күйлер, тарихи өлеңдер. Қазақтың дәстүрлі әндерінің «Мәңгілік сарын: қазақтың 1000 күй, 1000 әні» антологиясы шығарылды.
Президент мәдениеттің, әдебиет пен өнердің ерекше еңбек сіңірген танымал тұлғаларына дәстүрлі стипендия тағайындады, мәдениет ошақтары мен өнер ордаларына мемлекет қаржысын тиісінше бөлдіріп отырды. Қазір жыл сайын осы саланың белгілі қайраткерлері мен жас таланттарына арнаулы стипендиялар беріліп келеді. Әдебиет, кино, театр өнері жаңа кезеңге көтерілді.
Бүгінде әлемнің ең дәулетті адамдарының алдыңғы легінде тұрған компьютерлік ғұлама Билл Гейтстің «Білім – басқара білудің басты құралы» деген сөзі бар. Жаңа Қазақстанды заманауи біліммен қаруланған білікті мамандар ғана алға оздыра алатынын айқын болжаған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осыдан 23 жыл бұрын тікелей бастамасымен «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындады. Бағдарлама жүзеге асырылып келе жатқан осы кезеңде 12040 қазақстандық жасқа стипендия тағайындалды. Соның ішінде, бүгінде осы бағдарлама арқылы 8 885 маман шетелде білім алып, олардың 99 пайызы жұмысқа орналастырылды. Қазіргі уақытта «Болашақ» бағдарламасының тиімділігін арттыру және тағайындалатын стипендиялардың қолданыстағы қадамдарын қайта қараудың қажеттігін уақыттың өзі талап етіп отыр. Сондықтан, халықаралық тәжірибе жан-жақты зерделеніп, тиісті түзетулер енгізілді. Біріншіден, үміткерлерге стипендия тағайындау мен мамандарды даярлаудың сапасына қойылатын талаптар күшейтілді. Үміткерлердің академиялық және тілдік білім деңгейлеріне қойылатын талаптар арттырылды. Нәтижесінде, 2015 жылы IELTS бойынша тапсырылған тестің санаты 3-тен 5-ші деңгейге дейін көтерілді. Экономика салаларының қажеттілігіне талдау жасалып, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында белгіленген бағыттарды жүзеге асыратын мамандарды даярлауға басымдық берілді. Сондай-ақ, магистр дәрежесін алуға мәдениет қызметкерлері, БАҚ мамандары, инженерлік-техникалық қызметкерлерге арналған жаңа квоталық санаттар енгізілді. Стипендиаттарды оқыту үшін жоғары оқу орындары тізімін жасақтау тетігі қайта қаралды. «Болашақ» бағдарламасы арқылы мамандар даярлауда тек қана халықаралық рейтингте алғашқы 100 позицияны иеленген және пәндік рейтингте алғашқы ондыққа енген университеттер ғана таңдап алынуда. Бағдарлама аясында Қазақстанның ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыру мақсатында ғалымдарға білім беру және зерттеу жұмыстары отандық және шетелдік екі университетте қатар жүргізу қарастырылған Split PhD оқыту моделі енгізілді. Биылғы жылдан бастап бизнесті басқару саласында мамандар даярлау бойынша MBA бағдарламасының жұмысы жандандырылды. Аталған бағдарлама үшін әлемдегі үздік 10 бизнес мектепте оқуға 10 стипендия бөлінді. Стипендия тағайындау жөніндегі конкурсқа қажетті құжаттар тізімі қысқартылып, байқаудың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында қабылдау кезінде бейнекамера арқылы қадағалап отыру тәртібі енгізілді. Тәуелсіз сарапшылық комиссияның құрамы жаңартылып, оған мемлекеттік қызметкерлермен қатар, үкіметтік емес ұйымдардың, бизнес құрылымдардың және басқа да азаматтық қоғамдардың өкілдері енді. Бағдарлама шығындарын жүйелі түрде оңтайландыру жұмыстары жүргізілді. 2015 жылдан бастап ағылшын тілін оқытудың жаңа моделі енгізілді. Яғни, 12 айдың алғашқы 6 айын Қазақстанда, қалған 6 айын шетелде оқыту үлгісі бекітілді. Бұған қоса, қысқа мерзімді тағлымдамаларды ұйымдастыру көлемі 4,5 есеге қысқартылып, академиялық даярлауға басымдық берілді. Бүгінгі таңда Елбасының «Болашақ» стипендиясы арқылы білім алған азаматтардың қатарынан мемлекеттік деңгейдегі басқарушылар тобы қалыптасты. Сондай-ақ, Қазақстанның ғылымы мен экономикасын, өнерін өркендетуге үлес қосып жатқан дарынды жастар да баршылық. Атап айтсақ, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, Қазақстанның мәдениеті мен спортын өркендетіп жүрген белгілі дирижер Алан Бөрібаев, бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев және басқа да талантты азаматтарды атауға болады. Бұған қоса, Голландияда докторантурада оқитын Қазыбек Төлеубаев өсімдіктерді қорғау саласында бірегей ғылыми жаңалық енгізді. Бұл арқылы ауыл шаруашылығын отандық экономиканың басты драйверіне айналдыруға мүмкіндік тумақ. АҚШ-та докторантурада оқыған Дамира Қанаева оптикалық биосенсор ойлап тапты. Бұл жаңалық арқылы санаулы сағаттарда туберкулез және обыр ауруларының қаншалықты асқынғандығын нақты анықтап, тиісті ем белгілеуге мүмкіндік береді. Германияның университеттік клиникасында білім алып, ординатурадан өткен балалар хирургы Дмитрий Горбунов Астанадағы кардиохирургиялық орталықта жүрек және қан тамырлары аурулары бойынша 2 мыңнан астам операция жасады. Апалы-сіңлілі Мәдина, Фатима және Диана Рақышевалар Францияның жоғары оқу орнында фортепиано, скрипка және виолончель кластары бойынша магистратураны тәмамдады. Бүгінде аталған дарынды жастар шетелдердің үлкен сахналарында Қазақстанның беделін арттыруда. Бұлар халқымыз айтпақшы «Ел дегенде езіле, жұрт дегенде жұмыла» қызмет етіп жүрген азаматтар. Яғни, осы және басқа да білікті мамандар бүгінде «Қазақстан-2050» Стратегиясын, Ұлт жоспарын, «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыруға өздерінің білімдері мен біліктерін арнауда. «Болашақтықтар» еліміздің жаңа басқарушылар тобын қалыптастырып, өскелең жастардың солар сияқты терең білім алып, білікті менеджерлер болуына үлгі-өнеге көрсетуде.
Осы айтылған игіліктердің баршасы біз мұрат етіп отырған Мәңгілік Елдің іргетасын бекітіп, қабырғасын көтерудің нақты қадамдары. Ғасырлар бойы Күннің нұрын бойына барынша сіңірген Күлтегін ескерткішіне «Мәңгілік Ел» құрсақ деген асыл арманын жазып кеткен ата-баба аманатын орындаудағы бүгінгі ұрпақтың ұлағатты ісі. Сондықтан, еліміздің толайым табыстары ешқашан толастамақ емес. Алдағы жылы спорттағы жетістіктерімізді тағы бір паш ететін «Универсиада-2017» сайысын ұйымдастыру, еліміздің халықаралық имиджін жаңа сатыға көтеріп, Қазақстанда «жасыл» экономиканың өркендеуіне жол салатын ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу, ең бастысы, елімізді жалпы жаһанның қауіпсіздігіне жауапты мемлекет деңгейіне көтерген БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне екі жыл қатарынан тұрақты емес мүшелігін атқарудың зор міндеті тұр. Осынау аршынды қадамдардың баршасы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында Қазақстанды «Мәңгілік Елге» айналдырудағы абыройлы істердің арқауын жалғап, Ұлы Дала елінің келешегін кеңейте түсетіні ақиқат.
Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА,
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы
T. Кіршібаев