"Қазақфильмнің" сіз көруге тиіс 5 туындысы

Қазақ киносы дегенде ең алдымен еске "Қыз Жібек", "Менің атым Қожа", "Атаманның ақыры" секілді фильмдедің түсуі заңдылық. Өйткені қазақ киносының маржанына айналған бұл туындылар ұзақ жылдар бойы көпшілік ықыласына бөленіп келеді. Алайда неге екені көрермен біздің кино жайлы айтқанда айналасы 10 фильммен шектеліп жатады. Оған себеп эфирден өзге фильмдердің көп көрсетілмеуінде болса керек. Назарларыңызға халық арасында аса танылмаса да айтары көп, көрген жанның көңілінен шығатын "Қазақфильм" киностудиясы түсірген 5 туындының сипаттамасын ұсынбақыз.

"Тел өскен ұл" 

Шәріп Бейсембаевтың бұл туындысы 1977 жылы түсірілген. Фильм екінші дүниежүзілік соғыс кезінде анасынан адасып, қазақ отбасынан пана тапқан Сергейдің оқиғасын баяндайды. Жайбарақат өмір кешіп, 37 жыл бойы қазақ жерінде өмір сүрген ол туған анасы Евдокия өзін іздеп келеді деп ойламаған еді. Ал онымен бірге жыраққа кету — қазақы ортаға әбден сіңісіп кеткен жігіт ағасының жоспарында, тіпті, жоқ болатын. Алайда Сергейді ұлындай бағып-қағып өсірген Рабиға апа оған туған жеріне қайтып, өзін тоғыз ай құрсағында көтерген анасының жанында болуды тапсырады. Жанына інісі Сапарды ертіп алған Сергей туған өлкесіне барғанда түрлі кедергілерге кезігеді.

"Қан мен тер"

Әзірбайжан Мәмбетовтың 1978 жылы түсірген екі бөлімнен тұратын туындысы. Фильм ХХ ғасырдың алғашқы шегінде болған оқиғаларды кейіпкерлердің тағдыры арқылы баян етеді. Революциялық дәуірдің дүмпуі, сілкіне де бұлқына бастаған Арал өңірі, таптық күреске аттанған қазақ халқы — осының бәрі туындыда көрініс табады.

"Қауын"

Виктор Пусурмановтың бұл туындысы 1982 жылы Ғабит Мүсіреповтың "Қауын" әңгімесінің желісі бойынша түсірілген. Бас кейіпкер Болат өзінің адамгершілігі арқасында көпшіліктің құрметіне ие болған жандар қатарында. Алайда айналасындағының бәріне көмектесемін деп ол үнемі қызықты хикаялардың бас кейіпкері атанып жүреді. Сондай хикаялардың бірі Болат пойызда келе жатқанда орын алады. Кезекті бекеттердің бірінде купеде қатар отырған бойжеткенге қауын сатып алып беруді ойлаған ол пойызға қайта мініп үлгермейді. Бөтен елде ақшасыз, құжатсыз қалса да басқаларға қол ұшын созуды тоқтатпаған Болат, қолындағы қауынын тастамастан қызыққа толы түрлі оқиғаларға тап болады.

"Өтелмеген парыз"

Серік Жармұхамедовтың 1983 жылы түсірген бұл туындысы ұлынан айырылған Қожабек қарияның хикаясын баяндайды. Жалғызы Сұлтан көлік апатынан қаза тапқаннан кейін ұрпағын жалғастырар тұяғы қалмаған қария өмірден қатты түңіледі. Алайда қаладан келген әңгіме Сұлтанның артында некесіз бір ұлы барын жеткізеді. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін алып шаһарға аттанған Қожабек ата немересін іздеп табады. Бірақ кездесуге дейін ұлы туралы естігені мен қалада жүріп көргені  қарияның жанын қатты жаралайды.

"Шаңырақ"

Едіге Болысбаевтың 1987 жылы махаббат пен сатқындық хикаясы туралы түсірген фильмі. Оқиға қарапайым қазақ ауылында басталады. Бас кейіпкер Ерлан сүйіктісі Майраның ата-анасы қалың мал құнын асқақтатып жібергендіктен, оны алып қашуды ұйғарады. Ғашықтар өзара келісіп, достарының көмегімен бұл ойларын жүзеге асырады. Алайда араға Ерланды бұрыннан жақтырмай жүрген қыздың нағашысы түсіп, жағдайды ушықтырады. Сүйіктісінің сатқындығынан кейін түрмеге түскен жігіт ауылға мүлде басқа адам болып оралады.

 

 



Бөлісу: