- Негізгі бет
- Мәңгілік ел
- "Қазақ тілінің қазіргі...
"Қазақ тілінің қазіргі күйі және болашағы" тақырыбы талқыланды
Қазіргі таңда қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде заң жүзінде мәртебесі болғанына қарамастан, ол функциясын тиісті деңгейде атқара алмай отыр. Мемлекет тарапынан атқарылып жатқан шараларға қарамастан (мектептер мен жоғарғы оқу орындарының санын көбейту, іс қағаздарын мемлекеттік тілге аудару), қазақ тілі өзге ұлтты отандастарымыз үшін ғана емес, жергілікті ұлт өкілдері үшін де қолжетімді болмай отыр.
Мемлекеттік мәртебе алғаннан бері 30 жыл өтсе де, қазақ тілін көпшіліктің меңгере алмауының себебін шынымен де ынтаның жеткіліксіздігімен, дұрыс тілдік бағдарламалар мен әдістеменің жоқтығымен, немесе мемлекеттік қайраткерлердің тіл саясатын талаптағыдай жүзеге асыра алмауымен түсіндіруге бола ма? Мүмкін мәселенің түбі тереңде жатқан шығар, мамандардың, лингвистердің өздері түйткілдердің сырын ашуға дайын емес шығар?
Постиндустриялы қоғамның әдеби тіліне қойылатын талаптар тұрғысынан қазақ тілінің қазіргі күйіне әділ баға беру үшін сарапшылар Қазақстан баспасөз клубы ұйымдастырған дөңгелек үстелге қатысты.
Жиынға қатысқандар қатарында профессор Қанағат Жүкешев, саясаттанушы Айдос Сарым, "Ситуативті қазақ тілі" кітабының авторы Қанат Тасыбеков, филолог Назгүл Қожабек, ғалым-журналист Жетпісбай Бекболатұлы және т.б болды. Алдымен сөзді Қазақстан баспасөз клубының атқарушы директоры Сәкен Балбаев алды.
► Сәкен Балбаев, Қазақстан баспасөз клубының атқарушы директоры:
"Бүгінгі дөңгелек үстелде талқыға түсетін мәселе – Қазақ тілінің бүгінгі күйі және болашағы. Бұған себеп болған Қанағат Жүкешевтің "Тіл философиясы" кітабы. Бұдан екі жыл бұрын шыққан кітапты орыс тілінде оқып шықтым. Бұл жерде жазылған дүниелер менің ойларыммен сәйкес келеді. Кітаптың шығуына атсалысқан – белгілі қоғам қайраткері Айдос Сарым. Айдос мырза екеуіміз соңғы кездері қазақ тілінде ақпарат таратудағы мәселелерді шешу жолында көптеген шаралар ұйымдастырдық. Бүгін қазақ тілінің мәселесімен айналысатын адамдарды осы кітап туралы құлақтандыру үшін жинап отырмыз. Оны талқыға салып, дұрыс не дұрыс емес екенін талқылау керек".
► Айдос Сарым, саясаттанушы, қоғам қайраткері: Қазақ тілі метисацияға ұшырап барады
Осы жерге жиналған адамның бір де бірі қазақ тілінің жауы емес. Бәрі де – қазақ тілі дамысын, қазақ тілінің өркені кеңейсін деп армандап, жұмыс жасап жүрген азаматтар. Түрлі жағдай, түрлі позиция болуы мүмкін. Бірақ, бәріміздің айналысып жүрген мәселеміз бір. Бүгінгі мәселе – кәсіби, заңи, ғылыми тілдің мәселесі. Бұл мәселелерді шешу жолдарына қатысты ұсыныстардан гөрі, сұрағым көбірек. Мысалы, бұрын шетелдіктермен кездесіп, келісімшарт жасаған кезімізде: "Келісімшартқа қатысты қандай да бір түсініспеушіліктер орын алса, орыс тіліндегі нұсқасына жүгініңіз" деп жазып қоятынбыз. Бұл әлі күнге дейін сақталған. Себебі, көптеген термин айналымға енген жоқ. Стандартталып, бекітілмеді.
Тағы бір маңызды мәселе – латын қарпіне көшу. Бұл, әрине, маңызды қадам, бірақ осыған байланысты әдеби корпус, терминдерді жасақтау сынды мәселелер көлеңкеде қалып қойды. Қазір термин құраушы ең үлкен өркениет – ағылшын әлемі.
Қазір қазақ тілінде оқитын балалар үзіліске шыққанда орыс, тіпті, кейде ағылшын тілінде сөйлесіп жатады. Себебі, олардың әлемін құрайтындар – осы. Жастар мен балалардың сөйлеу мәнерінен қазақ тілінің метисацияға ұшырап бара жатқанын көреміз.
Бұл мәселелерді шешу жолында шын жанашырлар бір-бірін жоққа шығармай, бір-бірін табаламай, бір жолда еңбек етуіміз керек. Сынды ұрандатып жау шапқандай жеткізбей, шын жанашырлықпен айту керек. Бұлардың әлі жолға қойылмауы үлкен философиялық негіздерді түзелмей жатқанының белгісі шығар. Мұның уақытша екеніне сенгім келеді.
► Қанағат Жүкешев, философия ғылымдарының кандидаты, профессор: Қазақ тіл білімінде "әдеби тіл" ұғымы дұрыс тұжырымдалмаған
Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алғанына 30 жыл болды. Содан бері қарай көп жұмыстар атқарылды. Бүкіл зиялы қауым жиындары өтті, билік тарапынан қаржы да бөлінді. Өкінішке орай, осының барлығы ойдағыдай нәтижеге жете алмай отыр.
Қазақ тілінің қуаты өнерден, әдебиеттерден көрінбей отыр. Оқулықтар да сол. Философия, әлеуметтану секілді ғылымдарда терминдер бірінің орнына бірі қолданылып жүр. Жүйе жоқ. Сөйлем толық құрылмайды. Әсіресе, телевидениеде көрсетілетін сұхбаттардан толыққанды сөйлем таба алмайсың. Олардың не айтып жатқанын бала мен студентке үлгі болардай деп айтуға келмейді. Сапалы қазақ контенті аз.
Енді мұның себебі не?
Ең бастысы, қазақ тілі аграрлы қоғамның жалпыхалықтық тілі мәртебесін атқарып келді. Ал, енді қазіргі кібіртектеу индустриялық қоғамда өмір сүруімізбен байланысты. Енді, қазақ тілін индустриялы қоғамның әдеби тіліне сәйкес дамыту керек. Осы жолда еңбек етіп жатқан философ, лингвистер мұны ескермей келеді. Сол себепті түрлі аномалиялық құбылыстарға тап болып жатырмыз. Рабиға Сыздықова: "Қазақ тіл білімінде күні бүгінге дейін "әдеби тіл", "қазақ әдеби тілі", "қазақтың жылпыхалықтық тілі" деген ұғымдарға тиянақты анықтама берілмей келеді" дейді. Бұл тіл мәселесін шешуде ғылыми тұжырымдамалық келісімнің жоқтығы, оны дамытудың стратегиялары дұрыс таңдалмады деген сөз.
► Жетпісбай Бекболатұлы, экономика ғылымдарының кандидаты, ғалым-журналист: Тілді стандарттауда өзге түркі тілдерінің тәжірибесін назарға алу керек
Сөздік жасайтын маман тек орыс және қазақ тілдерімен шектеліп қалмауы керек. Қазақ тілінің сөздік қорына қарасаңыз, түркітілдес іргетасы бар да, қалған құрылымдары араб-парсы, кейін латын-грек лексикасынан тұрады. Енді қазіргі ақпараттық технологиялар заманына байланысты ағылшын тілінен сөздер еніп жатыр.
Түркі тілдері ішінен нормаға көнгені – түрік тілі. Ал біз өз тілімізді нормалаған кезде осы түрік тілінің тәжірибесіне сүйене аламыз ба? Немесе осы нормалау барысында түрік тілін негізге ала аламыз ба?
Тек түрік емес, бүкіл түркі тілдерінің жүйесіне назар салсақ. Соның ішінде әзірбайжан, өзбек тілдері полисемиясына қатысты ғана емес, жалпы өте бай. Тілдік корпус жасау кезінде бір сөздің әр тілдердегі баламаларын қолдануға болар еді. Қазақ тілі өзге түркі тілдерімен қанаттаса отырып ғана дамиды.
► Назгүл Қожабек, филолог, аудармашы: Қазақ тіліндегі мәтіндер орыс тілі стандарты бойынша жазылып жүр
Сөзімді мынадай мысалдан бастағым келіп отыр. Қазақта "қажетін өтеу" деген сөз тіркесі бар, мұны қазір "удовлетворение потребностей" дегенді тура аударып "қажеттіліктерді қанағаттандыру" деп қолданып жүр. Мұндай мысал өте көп. Қазақ тілін құртып жатқан да осы. Әбден осындай жағдайға жеткеннен кейін оны стандарттау керек дегенге келіп отырмыз. Қазақ тілінің осындай хәлге жетуіне ерінбегеннен бәрі үлес қосты. "Үлес қосты" демекші, қазір "өз үлесін қосты" деп қолданатын болды, орыс тілінен "внес свою лепту" дегенді тура аударады. Бала күнінен қазақша сөйлеп өскен адамдардың өзі осылай сөйлейтін болды. Қазіргі қазақша мақаланы дәлме дәл аударып, орыс тіліндегі түпнұсқасын 95 пайыз сәйкестікпен қайта жазып бере аламын. Қазақша мәтіндер орыс тілінің стандарты, шаблон бойынша жазылады.
Бұған қатысты талапты бас редакторларға қою керек. Бас редактор – редакцияда шексіз билігі бар адам. Ол өзінің қолынан шығып жатқан басылымдарда қате бар екенін мойындауы керек. Бір мақаланы бірнеше адам тексеруі керек. Бірінен біріне өткенде қате азая береді. Бір қатені қайта-қайта жіберетін журналистерге шара қолданған дұрыс. Бұрынғы редакторлардың үрдісі үзіліп қалған. Ең алдымен, әр азамат, әр қазақтың өз жауапкершілігі болуы керек.
А. Оралқызы