- Негізгі бет
- Мәңгілік ел
- Қазақ елі –...
Қазақ елі – Мәңгілік Ел
Биыл Ел Тәуелсіздігіне 25 жыл толғалы отыр. Бұл, әрине, айтулы мереке. Қай ұлтқа, қандай халыққа болмасын тәуелсіздіктен артық қасиетті нәрсе болмаса керек. Тәуелсіздік, егемендік арқылы ел көркейіп өседі. Осының нақты дәлелі – Қазақ елінің соңғы ширек ғасыр ішіндегі қол жеткен жетістіктері. Бұрын белгісіз болып келген ел Тәуелсіздік арқасында төрткүл әлемге танымал болды. Қазақ елінің бүгінгі таңдағы басты мақсаты – Мәңгілік Ел болу, шаңырағы шайқалмай, бейбіт аспан астында бақытты ғұмыр кешу. Бұл мақсатты орындау да оңай емес. Ол үшін Тәуелсіздігіміз баянды болып, ел ішіндегі ынтымақтың одан әрі нығаюы, шетелдермен достық қарым-қатынастың күткендегідей нәтиже беруі өте маңызды.
Міне, осы Мәңгілік Ел болу алдындағы міндеттер мен атқарылар сүбелі істер Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті География және экология ғылыми-әдістемелік орталығының меңгерушісі, ҚР ҰҒА-ның академигі Әлия Сәрсенқызы Бейсенованың биыл Алматыда жарық көрген «Қазақ елі – Мәңгілік ел» кітабында егжей-тегжейлі сөз болады.
Ә.Бейсенованың біз сөз етіп отырған ғылыми еңбегінің тұсаукесері Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде салтанатты жағдайда өтті. Онда сөз сөйлегендер еңбектің маңыздылығын ерекше атады.
– Бұл Әлия Сәрсенқызының бірінші кітабы емес, бұдан да көп, әлі де жазылып жатыр. Мәңгілік ел кітабының ерекшелігі, құндылығы неде, әр автор өз тұрғысынан, өз мамандығына, т.б. қарап сипаттама береді. «Ел» дегенміз тек қана халық, жұрт деген емес, сонымен қатар туған жер, өлке, халықтың орналасқан мекені деп анықталады. Автор елдің географиялық жағдайын, табиғатын, өзен-көлін, жануарларын, барлығын Мәңгілік ел жағдайында жан-жақты қарастырған.
Кітаптың жартысына жуығы тұлғалар жөнінде. Кеңес Одағы кезінде атақты билерімізді, батырымызды айта алмадық. Егемендік алғаннан бастап жолымыз ашылды. Сондықтан бұл еңбекті универсиетет қана емес, республикамыздың көлемінде таратсақ нұр үстіне нұр болар еді, – деді қоғам қайраткері, академик Көпжасар Нәрібаев.
Белгілі алаштанушы, тарих ғылымының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиев былай деді.
– Кез келген елдің ел болып қалыптасуы үшін екі фактор керек, жер және мемлекет. Жер негізгі шешуші фактор. Еуропалықтар үшін жер табыс көзі болса, біз үшін жер қасиетті, бұл жердің топырағында ата-бабамыздың қаны тамған. Әрбір халық өзінің туған жеріне тартып туады. Ол жерден айырылса, халық «халық» деген атынан жойылады. ХІХ ғасырдағы Исатай, Кенесары, ХХ ғасырдағы «Алаш», 16 желтоқсандағы көтеріліс – Жер дауы. Қазіргі таңда жерді сақтаудың технологиясын игеруіміз керек. Ал кітапқа келсек, қазақ елін кезеңдерге бөліп қарайды. Бірінші кезең, қазақ жерінің қалыптасу тарихы. «Мына жерде қазақ халқы қалай өмір сүрді? Жер мен елдің арасында үйлесімділік бар ма?» деген сияқты мәселелерге жауап іздейді автор. Жер өзімізде болғанмен егемендігіміз жоқ кезде реформа жасауға мүмкіндігіміз болмады. Егемендікке қол жеткізгеннен кейін өз елімізде реформалар жасау мүмкіндігіне ие болдық. Кітаптың соңғы бөлімі Тәуелсіз Қазақстандағы реформаларды қамтиды. Ол меніңше өте орынды. Кітап өте жақсы жазылған. Бұл еңбек көптеп таратылғаны жөн.
Абылайхан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ ректоры, филология ғылымының докторы, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі С.Құнанбаева да автордың маңызды тақырыпты көтергенін тілге тиек ете келе:
– Ғалым апамыздың бұл еңбегі маған үлкен ой салды. Бүгінгі таңда Мәңгілік Ел – Қазақстанның ұлттық идеясы және мемлекетіміздің идеологиясына айналып отыр. Аталған идея қазақ елінің ғасырлар бойы армандаған мақсаты ғана емес, тәуелсіздік жолындағы жанқиярлық еңбегі мен тынымсыз шығармашылығының нәтижелері арқылы қол жеткен асу. Мәңгілік ел идеясы – барлық қазақстандықтарды біріктіру және шоғырландыру тарихи миссиясын орындайтын бағдарлама. Бұл жоба болашағымызға бағдар беретін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін, іргелі еліміз бен кемел келешегіміздің түп қазығы. Мәңгілік Ел аясында біз тек ұлы жетістіктерге жетіп қана қоймай, ел бірлігін, ынтымағын, ауызбіршілігін сақтай отырып, болашақ ұрпаққа жеткізуге тиіспіз, сондай-ақ оны отандастардың бірегей тарихи мақсаты мен қаһармандық ұраны десек те қателеспейміз. Осы орайда «Байлығымыз да, бақытымыз да болған Мәңгілік Тәуелсіздігімізді көздің қарашығымыздай сақтай білуіміз керек. «Қазақстан – 2050» Мәңгілік Елге бастайтын ең абыройлы, ең мәртебелі жол. Осы жолдан айнымайық, қадірлі халқым!» деп Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, еліміздің әрбір азаматы осы жолда өз үлесін қосуы баршамыздың міндетіміз, – деді.
Тұсаукесерде сөз сөйлеген ғалымдар М.Ермағанбетов, Б.Сманов, К.Каймулдинова, А.Әбілқасымова, қоғам қайраткері Н.Каюпова және басқалар монографияда елдік мәселелер жан-жақты қамтылғанын, мәңгілік ұғым-түсінігі барша адамзатқа ортақ қазына, оның негізінде саналы тіршілік иесінің өмірге, қоршаған ортаны игеруге құштарлығы жатқанын айтты.
Академик Әлия Сәрсенқызы өз туындысы жөнінде былай дейді:
– Мен бұл кітапты еліміздің болашағы жастар үшін жаздым. Олар бүгінгі қол жеткен жетістігімізді одан әрі дамытулары керек. Мәңгілік Ел болу жолында жастардың келешекте зор үлес қосатындарына сенімдімін. Ол үшін тынбай еңбек етіп, ізденіс үстінде болған жөн.
Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі Х. Әбжанов аталған еңбек жөніндегі пікірін былайша білдіреді:
– «Қазақ елі – Мәңгілік ел» монографиясымен танысу барысында ұлттық тарихымыздың қай кезеңдегі болмасын өзегі мен мазмұнын анықтаған факторды ұғына алдық. Бұл орайда тарихи үдерісті түзететін екі себеп – табиғат әсері және адам әрекеті жан-жақты талданған екен. Біздің ойымызша, қазақ халқын басқалардан ерекшелендіруші қасиеттер кең даламыздың, биік тауларымыздың, өзен-көлдеріміздің тілімізге, салт-дәстүрімізге, мәдениетімізге тіпті өмір салтымызға ықпалымен қалыптасқан.
Автордың: «Мен «Қазақ елі – Мәңгілік ел» атты осы монографиямда «Жер тарихы – ел тарихы» деген мақсатпен қазақ елінің қалыптасуындағы табиғаттың болмысын, оның кешендерін өзара байланыстыра отырып, қысқаша болса да мағлұмат беруге тырыстым» деген жолдары ойымызды қуаттай түседі.
Ал зерттеуде келтірілген 40 шақты ұлы тұлғалардың өмірімен және мұрасымен танысқан оқырман «Мәңгілік Елдің» тұтқасы кімдердің қолында екенін қапысыз ұғады.
Байырғы түркілерден жеткен «Мәңгі Ел» ұғым-түсінігінің мәні мен мазмұнын анықтап алу бүгінгі және болашақтағы ғылыми танымның нәтижесін дәйектеу бағытындағы бірінші қадам болып табылады. Біздің ойымызша, Күлтегін, Тоныкөк, олардың үлкен-кіші замандастары «Мәңгі елді» идея ретінде де, манифет ретінде де тасқа басқан жоқ. Бұл ұғым-түсінікке халық пен тұлғаның, билік пен мемлекеттің пайда болғаннан соңғы демі таусылғанға дейінгі тағдыр-талайын сиғызды. Жарық дүниені қамту жағынан идеядан да, манифестен де әлдеқайда ауқымды. Өйткені идея дүниетанымның, ғылыми, көркем, т.б.с.с. ақыл-ойдың сүйенетін іргетасы, тірегі, басты буыны болса, манифестің мәнін жоғары билік немесе танымал күш тарапынан жарияланған бағдарламалық мәлімдеме құрайды. Орхон мұраларынан бұл екеуінің де белгілерін көруге болады. Дегенмен, «Мәңгілік Ел» сөз тіркесін бірінші кезекте тұжырымдама (концепция) мәртебесімен қабылданғанымыз жөн. VIII ғасыр тұрғысынан келгенде, концепция дегеніміз – уақыт пен кеңістікке, үдеріс пен құбылысқа, бар мен жоққа, көк аспанның астындағы, қара жердің үстіндегі тыныс-тіршілікке тұтас көзқарас жүйесі.
Түйіндеп айтар болсақ, кітаптың Алматыда өткен тұсаукесерінде сөйлеген ғалымдар атап көрсеткендей отандық тарихнама ғылыми нәтижелері салмақты, күрделі тақырыпты білгірлікпен жүйелеген зерделі зерттеумен толықты. «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыруға септігін тигізетін құнды еңбек дүниеге келді.
Нұркен ЖАНДАУЛЕТҰЛЫ
Алматы
T. Кіршібаев