Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көтерілген «латын әліпбиі» мәселесі әлі болсын бір шешемін таба алмай келе жатыр. Оған қыркүйек айында үкіметке ұсынылған латын әліпбиінің алғашқы үлгісінің халық көңілінен шықпауы себеп болып отыр. Қайта қарау мен талдауға жіберілген латын әліпбиінің екінші нұсқасы кеше ғана елбасына таныстырылды.
Жаңа нұсқа енді бір дыбысты екі әріппен беру әдісімен емес, әріп үстіне дәйекше (үтір) қою арқылы ерекшеленгенін алға тартты. Ал бұл алдыңғы нұсқаға қарағанда жұрт көңілінен шыға білді. Дегенмен әлі де болса бір қайнауы ішінде жатқан әліпби жайында түрлі пікірлер бар.
Жанат Тәжиева, Шымкент қаласы, Білім бөлімінің басшысы:
«Елбасының әрбір реформасы ел үшін де, өскелең ұрпақ үшін де маңызды болып келген. Бұл реттегі көтеріп отырған мәселе біз, ұстаздар үшін өте үлкен жауапкершілік деп білемін. Себебі жаңа қаріпті тек педагог мамандар ғана емес, оқушылар да жетік меңгеріп алып кетуі қажет. Сондықтан алда жауапты кезең күтіп тұр. Оған біздің өңір толықтай дайын деп айта алар едім».
Зейнеп Базарбаева, филология ғылымдарының докторы, профессор:
«Жалпы әліпби ауыстыратын ұлт үшін екінші нұсқа қолайлы деп санаймын. Себебі диграфпен таңбаланған әліпби үлкен сынға ұшырады. Басты мәселе сөздерді оқыған кезде қиындық туғызады дедік. Ал апострофпен жазу да оқу да оңай болмақ. Ұлттық, өзімізге тән дыбыстарымыз апостроф арқылы көрсетіледі. Соған орай жаңа нұсқада барлық дыбыстар қамтылды деуге болады».
Алтынай Нұркеева, "Социум-зерттеу" бірлестігінің төрайымы:
«Қазақ тілін латын қарпіндегі әліпбиге көшіру қалың көпшіліктің қызу талқысына салынған игілікті бастамаға айналды. Осы күнге дейін баспасөз беттерінде қарапайым халықтан бастап, лингвист-ғалымдарға дейін өз пікірі мен ұсыныстарын жеткізіп келеді. Көптеген жобалармен таныс болдық».