Биыл жалпы құны 845 миллиард теңге болатын 192 мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты жасалды. Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлімдеді. 2018 жылдың 15 қазанындағы есепке сәйкес, жалпы сомасы 1,1 триллион теңге болатын 443, ал 2018 жылдың 10 айында 845 миллиард теңгеге 192 мемлекеттік-жекешелік шарт жасалды. Осыған дейін 142 миллиард теңге тұратын 275, ал 2018 жылдың 10 айында 29,1 миллиард теңгеге 49 жоба пайдалануға берілді. Қазір әр түрлі деңгейдегі құны 1,5 триллион теңгелік қосымша 721 жоба бар. Биыл жобалар 253-ке өскен. Салалық категорияда жасалған 449 жобаның көпшілігі білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында іске асырылады, деді Тимур Сүлейменов. Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, әріптестік тетігі инженерлік инфрақұрылым, сумен жабдықтау сияқты негізгі экономикалық салаларда іске аспай жатыр. Мемлекеттік органдарға мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі жүзеге аспай жатқан салаларда жұмысты қарқынды жүргізу ұсынылады. 2018 жылы жасалған шарттар саны бойынша Алматы қаласы, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстары көшбасшы болып отыр. Бұл аймақтардың жобаларына тартылған инвестициялар көлемі 100,6 миллиард теңге, деді министр. Мемлекеттік міндеттемелер мен тапсырмалар көзделмеген мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттарды қазыналық органдар тіркеулері тиіс деп нақты уәж айтты ведомство басшысы. Ұлттық экономика министрлігі әріптестік қазіргі жобаларға талдау жүргізіп, барлық жобаны 3 санатқа бөлді. Біріншісі мемлекеттік бюджеттен шығындарды өтеуді талап етпейтін, екіншісі мемлекеттік бюджеттен пайдалану шығындарын талап ететін жобалар, үшіншісі мемлекеттік бюджеттен жеке әріптестің барлық шығындарын өтеуді талап ететін жобалар, деді Тимур Сүлейменов. Оның дерегінше, шарт жасалған мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің 449 жобасының ішінде 86 жоба ғана 1-ші санатқа жатады. Олардың жалпы сомасы 22,6 миллиард теңге. Жобалардың негізгі бөлігі құны 270,6 миллиард теңге болатын 259 жоба 2-ші санат бойынша жасалған. Ал 803,1 миллиард теңгелік 104 жоба 3-санатқа жатады. Мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту үшін мынадай шаралар ұсынылады: біріншіден, қазір мемлекеттік міндеттемелер көзделмеген шарттарды қазыналық органдар тіркемей отыр. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларына инвесторлардың қызығушылығын арттыру және жасалған әріптестік шарттардың статистикасын жүргізу үшін Қаржы министрлігіне мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттарын тіркеу ұсынылады. Екіншіден, Ұлттық экономика министрлігіне сапа өлшемі бойынша бағалауды енгізу және әріптестік жобаларын дайындау мерзімдерін бақылау ұсынылады. Үшіншіден, салалық мемлекеттік органдар мен жергілікті органдар қабылданған шешімдерді, сондай-ақ әріптестік салаларын кеңейтуді ескере отырып, әріптестік бойынша жол карталарын жаңарту ұсынылады. Төртіншіден, мемлекеттік органдарға Қазақстандағы әріптестік орталықпен бірлесіп, әріптестік мәселелері бойынша қызметкерлердің білігін арттыруға кеңес беріледі, деп ұсыныс айтты Тимур Сүлейменов.