- Негізгі бет
- Мәңгілік ел
- Қандай жағдайда жалпыұлттық...
Қандай жағдайда жалпыұлттық аза тұту күні жарияланады?
Астанада 4 ақпан күні түнде 101 пультіне жеке тұрғын үй аумағындағы уақытша құрылыстан өрт шыққаны туралы хабарлама келді. Өрт 30 шаршы метрді шарпып, кейін 25 шаршы метр шатырды құлатқан. Тілсіз жау 03:06-да оқшауланып, 03:24-те сөндірілді. От сөндіру барысында 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылғы бес баланың мәйіті табылған еді. 5 ақпанда қаза болған балалар Астанада жерленді.
Қазақстандықтар бүлдіршіндердің ата-анасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтып, әлеуметтік желілерде жалпыұлттық аза тұту күні жариялансын деп талап етіп жатыр.
Біздің республикада оны президент жариялайды. Аза тұту күнінде мемлекеттік ту төмен түсіріліп, салтанатты іс-шаралар, телеарналардағы ойын-сауық бағдарламалар тоқтатылады. ТВ, радио және баспасөзде жарнама тоқтатылады. Жер-жерде азаға байланысты гүл шоқтары қойылып, бір минуттық еске алу шарасы өткізіледі.
1991 жылдан бері Қазақстанда аза тұту күні жеті рет жарияланған. Әдетте оны оқиғадан кейінгі екі-үш күн ішінде, кей жағдайда бір аптадан кейін жариялайды.
Осыған дейін қай күндері және қандай оқиғаларға байланысты жалпыұлттық аза тұту күні өтті?
2016 жыл, 9 маусым
9 маусым – Қазақстанда Ақтөбедегі қарулы топ шабуылынан қаза тапқан бейбіт тұрғындар мен әскерилерді ұлттық аза тұту күні.
5 маусымда Ақтөбеде радикал топ өкілдері екі қару-жарақ дүкенін тонап, әскери бөлімге шабуылдаған. Шабуыл мен атыстан барлығы 21 адам мерт болды. Олардың 13-і – шабуыл жасағандар, 8-і – бейбіт тұрғын, оның 3-і әскерилер.
2013 жыл, 31 қаңтар
2013 жылы 29 қаңтарда Алматы маңындағы Қызылту ауылына жақын жерде Көкшетау-Алматы бағытында ұшып келе жатқан "Скат" компаниясының Challenger-200 ұшағы апатқа ұшырап, 5 экипаж мүшесі мен 16 жолаушы түгел қаза болған еді.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев 21 адамның құрбан болуына байланысты 31 қаңтарды қаралы күн деп жариялады.
2012 жыл, 27 желтоқсан
Желтоқсанның 25-і күні кешке Шымкент маңында ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің ұшағы құлап, борттағы 27 адамның бәрі қаза тапқан еді. Олардың ішінде 7 адам – экипаж мүшелері, 20 адам – шекарашы әскерилер. Қаза тапқандар арасында шекара қызметінің директоры Тұрғанбек Стамбеков те бар.
27 желтоқсан ұлттық аза тұту күні деп жарияланды.
2012 жыл, 5 маусым
Ұлттық қауіпсіздік комитеті 30 мамыр күні "Шығыс" аймақтық шекара қызметі Үшарал отрядының "Сары бөктер" заставасында 12 шекарашының, бір қорықшының мәйіті табылғанын және заставадағы "Арқанкерген" посты өртенгенін хабарлаған еді. 1 маусымда 14 шекарашы мен бір қорықшы өлгені анықталған.
5 маусым президент үкімімен ұлттық аза тұту күні деп жарияланды.
Қылмыс жасады деп айыпталған шекарашы Владислав Челах сол жылдың 11 желтоқсанында өмір бойы бас бостандығынан айырылды.
2010 жыл, 16 наурыз
11 наурызда Қызылағаш су қоймасындағы бөген бұзылып кетіп, жақын маңдағы Қызылағаш ауылын су шайып кетіп, 45 адам қаза тапты, 370 үй қирап қалды. Бес күннен кейін, 16 наурызда елде жалпыұлттық аза тұту күні болды.
2008 жыл, 14-16 қаңтар
Қарағанды облысындағы "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына тиесілі “Абай” шахтасында метан жарылып, 30 адам қаза болды, 14 адам ауыр жараланды.
14-16 қаңтарда аза тұту күндері өтті.
2006 жыл, 22 қыркүйек
Қарағанды облысында Ленин атындағы шахтада метан жарылып, 41 адам қаза тапты, 7 адам жараланды. Жарылысқа техникалық қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы себеп болған.
Президент үкімімен 22 қыркүйек жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.
Massaget.kz