Бүгін Алаш автонимиясының жетекшісі, ұлт көсемі, қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханның туған күні.
Қазақ халқы 1991 жылы 16 желтоқсанда Алашордашылар армандаған азаттықтың ақ таңын қарсы алды. Бұл вагоннан түсіріліп атылуға айдалып бара жатқан бір топ жігітке өзі айтқандай: "Жігіттер мойымаңдар, кеуделеріңді тік ұстаңдар, Сендер ұлт үшін, ұлттың азаттығы үшін атылып барасыңдар. Біз күткен таң ерте ме, кеш пе атады” деген еді. Тарих үшін 70 жыл жыл қас-қағым сəт болар, бірақ оның еншісіндегі 70 жыл қазақ үшін машақаты көп, азапты жұмысты атқарғанда өтпей қоятын уақыт сияқты болды. Сол жылдары қазақтың төгілген көз жасының өтеуі болар тоқсан бірде тəуелсіздікті қарсы алдық. Бұл жолда Ұлт көсемі Әлтхан Бөкейханов бастаған Алаш зиялыларының маңдай тері мен аққан қаны жатыр.
Әлихан Бөкейхан төре тұқымынан шыққан. Арғы атасы Жошыдан Барақ сұлтан.
Әлиханды әкесі тоғыз жасында Қарқаралыға апарып, жергілікті молданың қолына оқуға береді. Бірақ зерделі бала молдадан оқығандардан гөрі осындағы мектепте оқып жүргендердің сауаттылығын аңғарып, қаладағы үш кластық бастауыш мектепке өз еркімен ауысып алады.Оны бітіргеннен кейін 1879-1886 жылдары Қарқаралы қаласындағы қазақ балаларына арналған мектепте оқиды. 1886-1890 жылдар аралығында Омбыдағы техникалық училищеде оқып, оны "техник" мамандығы бойынша бітіріп шықты 1890-1894 жылдар аралығында Санкт-Петербургтегі Орман технологиялық институтының экономика факультетінде оқыды. Мұнда ол студенттік қызу пікірталастарға қатысып, XX ғасырдың босағасын аттағалы тұрған Ресейдің қандай жолмен дамуы тиімді болатындығы туралы қайшылықты пікірлер қақтығысына куә болды, өз ойын да шыңдай түсті. Сөйтіп ол жиырма жасында Дала генерал губернатор кеңсесінің ұсыныс хаты мен қазақ қауымдастығының 200 сом стипендиясын алып, 1894 жылы Ресей империясының елордасы Санкт-Петербургке барып, Орман шаруашылығы институтының экономика факультетіне түседі. Ол мұнда жүріп күнделікті сабақтарына қоса студенттердің саяси, әдеби, экономикалық және тағы басқа үйірмелердің жұмысына қызу араласып, студенттік толқуларға қатысады. Оны екі ғасырға жуық Ресей империясының қол астында отырған халқының ауыр тағдыры қатты толғандыра бастайды. Қараңғылық пен надандықтың шырмауында отырған халқына білім мен мәдениет керек екенін ұғады, елдің тұрмысын, мәдениетін, білімін көтеруді өзінің алдына мақсат етіп қояды.
1905 жылы Семей облысынан 1 Мемлекеттік Думаға депутат болып сайланғаннан бастап Әлихан Бөкейханың саяси өмірі басталды. Әр түрлі саяси жиналыстарға белсене қатысып, қазақ кадет партиясын құруды көздейді.
Осыдан соң Әлиханды патша үкіметі Самараға жер аударады. Самарада 1908-1917 жылдары тұрып, қазақ қоғамының тыныс-тіршілігінен қол үзбей “Қазақ” сгазетіне “Қыр баласы” деген атпен ел тіршілігінің өткір де түйткіл мәселелеріне ден қойған мақалалар жазады.
Ақпан төңкерісінен соң, оңтайлы саяси ахуалды қалт жібермей пайдаланып қазақ елдігінің дербестігі үшін белсене қимылдайды.
1917 жылдары шілде және желтоқсан айларында өткен жалпы қазақтық сиездерді ұйымдастырып, онда “Алаш” партиясы мен “Алашорда” үкіметін құрды.
1927 жылдың 1 қазанынан бастап Әлихан Бөкейхан Мәскеуде ОГПУ органдарының бақылауы астында тұруға тиіс болды. Содан Мәскеуде қызмет ету мүмкін болмағандықтан Қазақстанға қайтып оралады. 1928 жылы Ә.Бөкейханов Алматыда ҚазМУ-да, ал Ә.Ермеков ҚазПИ-де сабақ береді. 1929 жылы 2 маусымда 43 Алаш қозғалысының қайраткерлерімен бірге ол Алматыда тұтқынға алынып, осы жылдың соңына қарай Мәскеудегі Бутырка абақтысына жөнелтіледі.
Оған 1927 жылы қазақ даласында қарулы көтеріліс даярлау әрекетіне қатысты" деп айып тағып, РСФСР Қылмыстық Кодексінің 58-бабының 2,4 және 11-тармақтары бойынша ату жазасына кесілуі тегін емес еді. Алайда, ОГПУ "үштігі" қазақ ұлты зиялыларының көсемі Ә.Бөкейхановтай үлкен тұлғаны құртып жіберуге қорықты. Оған берілген өлім жазасы абақтыда өтеуіне ауыстырылды.
10 жылдық үй жағдайындағы абақтыдан соң 1937 жылы ату жазасына кесіліп, үкім сол жылы орындалды. “Туған жерден үш аршын жер бұйырса жетеді" деген сөзді ол ағайын-туыстарына әрдайым қайталап отыратын болған. Туған елден, өскен жерден жырақта атылып, сүйегі күл болған көсемнің бұл тілегі орындалмады. Оның қыздары мен немересі Ескендірге де топырақ Мәскеуден бұйырды. Ал ұлы Қазақстан өнеркәсібінің жетекшісі ретінде және осы саладағы ірі ғалым ретінде қалыптасуына зор мүмкіндігі болған, Жезқазғандағы түсті металдар кенін игерудің бастауында тұрған Оқтайдың (паспорт бойынша Сергей) да қайда жерленгені белгісіз. Оқтай шамамен 1957 жылы жұмбақ жағдайда өмірден өтті.
Десе де тұлғаның ұлы сөзін ұмыт қалдырмаған ұрпақ 2016 жылдың 5 наурызында туған жері Ақтоғайдан Мәскеудегі зиратына топырақ əкеліп салды. Ресей астанасында білім алып жатқан қазақ жастарының белсенділік танытуымен Алаш зиялысының 150 жылдығына орай дөңгелек үстел ұйымдастырылып, жиынға Әлихан Бөкейханның туысы, белгілі тарихшылар, жазушылар, қоғам қайраткерлері қатысқан еді.
Әлихан Бөкейхан қарапайым өмір сүрді. Ол тұтқынға алынып, 1937 жылы атылып кеткенде, қызы Елизавета мен немересі Ескендірге Мәскеудің коммуналдық пәтерінен бір бөлме мен кітаптар, фотоальбом, бірқатар қолжазбалары, сондай-ақ... қазір Алматыда өмір сүретін немере туысының қолында сақтаулы тұрған насыбай шақша ғана қалды.
Ұлт көсемінің бес ұстанымы:
Бірінші ұстаным: жер, жер және жер. Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейханның ұйғарымы бойынша: "Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жекеменшікке де, қоныстанушыларға да берілмейді".
Екінші ұстаным: жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек. Ә.Бөкейханның айтуынша: "Оның әрбір түйір тасы әр қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек".
Үшінші ұстаным: Ә. Бөкейхановтың жобасы бойынша, "Қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі керек". Яғни, толықтай экономикалық тәуелсіздік пен бірлікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс.
Төртінші нысана: қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек.
Бесінші, түпкі мақсат: тәуелсіз ғылымға, ұлттық салт-дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру.