- Негізгі бет
- Мәңгілік ел
- Жер ал, бiрақ...
Жер ал, бiрақ игер!
Облыстық жер инспекциясы басқармасының мәлiметiне сүйенсек, ағымдағы жылдың сәуiр-шiлде айларында аталған мекемеге жеке және заңды тұлғалардан 1927 арыз-шағым мен хаттар келiп түскен. Өткен жылдың көрсеткiштерiмен салыстырғанда 2016 жылдың 4 айындағы арыз-шағымдар саны 1057-ге артық. Бұған қоса пайдаланбай жатқан немесе жер заңнамаларын бұза отырып пайдаланып жатқан жер учаскелерiне шара көру туралы қалалық, аудандық әкiмдiктер мен жер қатынастары және сәулет бөлiмдерiнiң 1179 хаты қаралуда. Нәтижесiнде сот органдарына 149 талап-арыз берiлiп, оның 91-i қанағаттандырылды.
Заңбұзушылықтар анықталған 112 жер учаскесiне 10,6 млн. теңге айыппұл салынып, кемшiлiктердi жою туралы нұсқама берiлдi. Олардың iшiнде жер учаскесiн өз бетiмен басып алған, мақсатына немесе нысаналы мақсатына сай пайдаланбағандар бар. ҚР Жер кодексiнiң талабына сәйкес жер телiмiн өз мақсаты бойынша пайдаланбағандар нұсқама алған уақыттан бастап 1 жыл, ал, нысаналы мақсатына сай игермегендер 3 ай iшiнде заңбұзушылықтарды қалпына келтiрмесе, бақылау-тексеру жұмыстары жүргiзiледi, содан соң мәжбүрлеп қайтару туралы сотқа талап-арыздар берiледi. Инспекция мамандарының айтуынша, заңға қайшы әрекеттердi анықтау iсi Арыс қаласы мен Бәйдiбек, Ордабасы, Созақ, Түлкiбас, Төлеби аудандарында толық қолға алынбай отыр.
Ал, Шымкент қаласындағы кiрпiш зауытының иесi «Ахметбаев» ЖК-ға жер учаскелерiн өз бетiмен басып алғаны және оны нысаналы мақсатына сай пайдаланбағаны үшiн айыппұл салынып, заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берiлiптi. Жердi рұқсатсыз пайдаланғаны үшiн «АВS» ЖШС мен нысаналы мақсатына сай игермеген 191-орамдағы №1234 жер учаскесiнiң иесi Б.Сүйетаев та айыппұл төлеуге мiндеттелдi. Төлеметов пен Алматы көшелерiнiң бойындағы жер телiмдерiн пайдасына асырмаған Д.Тлепов, И.Полат, А.Байбекова, Т.Жапаровқа арнайы хабарламалар жiберiлдi. Сондай-ақ, Арғынбеков пен Бәйтереков көшелерiнiң қиылысында игерiлмеген 8 жер учаскесi анықталып, оның үшеуiне тексеру тағайындалса, екеуiне заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берiлдi. Жұлдыз, Бадам, Қаратөбе, Азат тұрғын алабы мен Дулати, Тәшенов көшелерiнiң бойындағы жер телiмдерiн мақсатына сай пайдаланбағаны немесе рұқсатсыз игергенi үшiн Н.Мұстафаев, У.Тұрдыев, К.Назаров, О.Мұстафаев, Б.Қыдырбаев, Т.Жұмабаев, К.Айтбаева, Ш.Оспанов, «Оксикбаева» ЖК мен «Зерде» ЖШС-ға айыппұлдар салынды. Бұл жазадан 193-орамдағы №886 жер учаскесiнiң иесi Б.Баймаханов та құтылмады. Түгендеу барысында Ахунбабаев көшесi бойындағы бiраз жер учаскесiнде шикiлiктер анықталып, қазiр 18 жер телiмiне қатысты тексеру жұмыстары жүргiзiлуде. Әкiмшiлiк iскерлiк орталығы аумағындағы жалған шешiммен ресiмделген 118 жер учаскесi сотқа жолданды. Соның 82-сi қанағаттандырылып, 8-нiң түбiрi табылды, 6 кадастрлық iстiң түбiрi мұрағатта тiркелмеуiне байланысты iшкi iстер органдарына жiберiлдi. 18 талап-арыз әлi қаралуда. Шымкент қаласының мобильдi жұмыс тобы заңсыз басып алған 452 жер учаскесi иелерiн анықтады. Оның iшiнде өз еркiмен ауыл шаруашылығы жерiн пайдаланған және жеке тұрғын үй құрылысын жүргiзген 28 тұлғаға әкiмшiлiк шара көрiлдi.
Облыстық жер инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары А.Мырзаевтың айтуынша, ҚР Жер кодексiнiң 64, 65-баптарында жер иеленушiлердiң құқықтары мен мiндеттерi белгiленген. Сондықтан жерге иелiк етушi әрбiр азамат осы баптарды оқып, онда көрсетiлген ереже, шарттарды бiлуi тиiс. Сонымен қатар, азаматтар иелiгiндегi жердi өз мақсатына сай пайдаланбаса немесе қандай да бiр өрескел заңбұзушылыққа жол берсе, ҚР Жер кодексiнiң 92, 94-баптарына сәйкес мемлекет сот арқылы өз меншiгiне мәжбүрлi түрде алып қоюға құқылы екенiн естен шығармауы керек. Бүгiнгi таңда жер инспекциясы басқармасы жер телiмдерiнiң заңдылығын анықтау мақсатында бұрынғыдай жоспарлы тексерулер жүргiзе алмайды. Өйткенi, оған 2015 жылы қабылданған ҚР Кәсiпкерлiк кодексiнiң талаптары рұқсат бермейдi. Сондықтан құзырлы орган тек жеке азаматтар мен заңды тұлғалардан және мемлекеттiк органдардан келiп түскен арыз-шағымдар негiзiнде ғана тексеру жұмыстарын жүргiзе алады.
Аудан, қалаларда ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмай жатқан жердi түгендеу бойынша жұмыс топтары құрылған. Тексерулер нәтижесiнде 9 азаматтың 2369 гектар жерi (оның 199 гектары суармалы алқап) мемлекетке қайтарылды. 2401 гектар егiстiктi игермеген 18 жер пайдаланушыға тиiстi айыппұлдар салынды.
– Алайда, жұмыс топтарының жiберген қателiгiнен құжаттарды керi қайтаруға мәжбүр болдық. Мысалы, Отырар ауданы мен Кентау қаласындағы бiраз жердiң иелерi табылмай отыр. Осыған байланысты оларға шара көру мүмкiн болмай тұр. Бұл өз кезегiнде инспекция жұмысын едәуiр ауырлатуда. Негiзiнде жұмыс топтары жердi өз мақсатында пайдаланбаған азаматтарды анықтап, сол бойынша актi түзiп, оны бiздiң мекемеге шара көру үшiн жолдауы тиiс. Өкiнiшке қарай, мұндай құжатты Бәйдiбек, Сайрам, Созақ, Төлеби аудандары мен Түркiстан қаласы бiзге әлi жiберген жоқ, – дейдi А.Мырзаев.
Әнуар ЖҰМАШБАЕВ