«Kiki challenge» Тренд пе, әлде індет пе?

«Kiki challenge» Тренд пе, әлде індет пе?
Фото: @www.facebook.com

Интернеттің, оның ішінде әлеуметтік желінің дәуірі жүріп тұрған уақытта «Челлендж» деген ұғым тек жастарға ғана емес, орта буынға да жақсы таныс. Бұл сөз ағылшын тілінен аударғанда – «сынға түсу» немесе «эстафетаны жалғастыру» деген мағынаға саяды. Әлеуметтік желіде түрлі бағытта пайдалы-зиянды челлендждер қаптап жүр. Соның бірі, соңғы уақытта желіде кеңінен тараған – «Kiki сhallengе». Жарты жылда әлем бойынша, Дрэйктің әніне билеймін деп өміріне қауіп төндірген интернет қолданушыларының саны күрт көбейген. Бүгінде трендке айналған челлендж жайлы сөз қозғамақпыз.

Бұл челленджді орындау үшін ең бірінші көлік, Дрейктің әні, камера және қимылыңызды түсіруге жарайтын әуесқой оператор қажет. Челлендждің бейресми ережесі бойынша, түсірілім кезінде баяу жүріп бара жатқан көліктің алдыңғы есігі ашық тұруы қажет және музыка ойнатқыштан аталған ән шырқалып тұруы керек. Челленджді қабыл алған адам көліктен түсіп, ән ырғағына сәйкес қимыл жасауға міндетті. Бұл әрекетті жасау оңай көрінгенімен, оны орындау барысында түрлі сәтсіздіктер, тек сәтсіздік деп айту жалған болар, адам өміріне қауіп төндіретін оқиғалар болған. Бірнешеуі көше жиегіндегі бағаналарға соғылса, енді біреулері көліктен шығу кезінде тайып құлап, денесін жарақаттаған. Енді бір видеода челлендж түсіремін деп ашық трассада билеп тұрған бойжеткенді қарсы бағыттағы көлік қатты жылдамдықпен келіп соққан. Адам көп шоғырланған аумақта билеп бара жатқан қыздың қолынан сөмкесін жұлып әкеткендер де болыпты.

Бұл – канадалық рэпер Дрейктің «In my feelings» әні. Әлеуметтік желіде танымал болған челленджде дәл осы ән орындалады. Желі қолданушыларының арқасында Дрейктің дәл осы және басқа да әндері дүние жүзі бойынша сұранысқа ие болып, күн сайын мыңдап жүктеліп жатыр. Тамыздың алғашқы онкүндігіндегі статистика бойынша, Дрейктің әндері интернет желісінде 50 миллиард рет тыңдалыпты. Соңғы 1 ай шамасында «In my feelings» әні «Ең көп тыңдалған әлемнің 100 әнінің» рейтингінде бірінші орында тұр.

Кики челлендждің желіде тез тарауына не әсер етті?

Бұл челленджді ойлап тауып, желіге алғаш жүктеген – америкалық әзілкеш Shiggy есімді азамат. Ол бұл видеоны 30 маусым күні өзінің Instagram желісіндегі жеке парақшасына жариялаған. Оның қимыл-әрекеттері көпшіліктің көңілінен шықса керек, келесі аптада оның видеосының бірнеше нұсқасы пайда болды. Бүгінде Shiggy-дің парақшасында тұрған бұл видео 7 миллионнан астам көрілім жинаған. Видеодағы қимылдар мен Дрейк әнінің челленджге айналуына әлемдік жұлдыздардың осы эстафетаны жалғауы әсер етті. Видео алғаш тараған уақытта америкалық әнші Ciara және әйгілі актер Will Smith бұл челленджді қолдайтындарын хабарлап, әлеуметік желілердегі парақшаларында «Kiki challenge» хэштегімен өз виделарын жариялады. Will Smith Инстаграм парақшасындағы бұл видеоны 12 шілдеден бері 19 миллионға жуық адам көріп үлгеріпті.

Кики челлендж Қазақстанға қай уақытта келді?

Вирустық видео Қазнет кеңістігіне шілде айының алғашқы екі аптасында лап берді. Кики Челлендж тақырыбында тараған видеодан бөлек түрлі әзілдер, вайндар түсірілді. Бұл материалдар отандық танымал жұлдыздардың және әлеуметтік желілердегі бірнеше мыңдаған оқырманы бар парақшаларда жарияланды. Қазақстандық жұлдыздардың арасында Алтынай Жорабаева, Әбдіжаппар Әлқожа, Мейрамбек Беспаев, Қанат Әдіжаппаров сияқты өнерпаздар бұл челленджге қолдау білдіріп, арнайы түсірілген видеолар таратты.

 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от @alzhapbarov30 Авг 2018 в 10:44 PDT

Бұл челленджді орындау қаншалықты заңды?

Видео алғаш тараған уақытта тәртіп сақшыларының бұл челлендж қазіргідей кең етек жаяды деп ойламағаны анық. Тіпті, Калифорния полицейлері Дрейктің әніне билегендердің қатарынан табылған. Алайда, небәрі екі аптаның ішінде әлемге тараған видеоның салдарынан түрлі заң бұзушылық оқиғалары тіркелгендіктен полицейлер қауымы бұл челленджге наразылықтарын білдіріп, қарсы акциялар да ұйымдастырған. Әсіресе, Үндістан үкіметі, фильмдерде қаһарман кейіпкердің образында сомдалатын үнді полицейлері әлем халқына үндеу тастап, бұл челленджге қарсы шықты. Нәтижесінде, қазір Мысырда бұл видеоны әлеуметтік желіге жүктеген адам заң жүзінде 1 жыл шамасында абақтыға қамалады. Абу-Даби прокурорлары осы челлендждің тарауына ықпал еткен желідегі ең белсенді 3 қолданушыны тұтқындауды талап етіп, арыз-шағымдарды қардай жаудырып жатыр. Мумбай полициясы дәл осы әлеуметтік желілер арқылы қала тұрғындарынан бұл челленджді қолдамауларын сұрап, арнайы пост жазып, жазбаны бірнеше желіге жүктеді.

Олардың жанайқайы бүгінде бірнеше елге тарап, интернетте белең алған індетке қарсы бірқатар әрекеттер жасалып жатыр. Ал, Қазақстан тәртіп сақшылары бұл турасында не айтар екен?! Алматы қаласы ішкі істер департментінің жанындағы ККО төрағасы Қабденов Талап Қабденұлы осы тақырып аясында өз пікірін айтты.

– Бұл мәселе тәртіп сақшыларының күндік жоспарына еніп үлгерді. Қоғамда болып жатқан бұл жағдай қашанда назарымызда. Алайда, Алматы қаласында бұл челленджге байланысты тәртіп бұзу оқиғалары тіркелген жоқ. Дегенмен, жол сақшылары көлік жүргізушілерге қатаң ескертеді! Егер жүргізуші қозғалыс кезінде көліктің толыққанды тоқтағанына көз жеткізбейінше, көлікке жолаушыны отырғызып немесе көліктен түсірер болса, бұл әрекет заң бұзушылық ретінде есепке алынып, көлік иесі заң жүзінде 6 ай шамасында көлік жүргізу куәлігінен айырылады.

Челлендждің қандай түрлері бар?

Челлендждер көбінесе қоғамдағы әлеуметтік мәселелердің шешімін табуына көмектесу үшін ойлап шығарылады. Челлендж ұғымы теория тұрғысында маңыздылығына байланысты беске бөлінеді.

 • ойын-сауықтық;
 • спорттық;
 • денсаулықты жақсартуға бағытталған;
 • шығармашылық немесе арт-челлендж (жазу, сызу);
 • жеке челлендж (челленджді орындауға ниетті адам көпшіліктің көзінше өзіне белгілі уақыт аралығында бір тапсырма беріп, соны орындауға уәде береді).

«Челлендж» ұғымы интернет желісінде 2014 жылдың басында танымал бола бастады. Дәл осы уақытта Еуропа мен АҚШ-та «Ice Bucket» (Бір шелек мұз) челленджі желі қолданушыларының қызығушылығын оятты. Тапсырма бойынша, эстафетаны жалғауға ниетті адам мұз араласқан бір шелек суық суды үстіне құю керек. Бұл әрекеттің мақсаты, амиотрофиялық скелероз, яғни ұмытшақтық ауруына қарсы амал қолдануды дүниежүзі көлемінде насихаттау.

2014 жылдан бері интернет арқылы кең көлемде тараған бірнеше челлендж және түрлі флешмоб бар. Олардың алдыңғы қатарында тұрған, дүние жүзінде танымал болған – «Манекен челлендж». Көпшлігіміз білетіндей бұл видеоның тапсырмасы оңай. Оператордың құрылғысына іліккен барлық қатысушылар түсірілім басталғаннан аяқталғанға дейін бір орында қозғалмай, манекен бейнесінде қатып тұру керек. Дәл осы видеолар алғаш рет 2016 жылдың күзінде тарады. Сол уақыттан бастап, тура 1 жыл шамасында, яғни 2017 жылдың күзіне дейін бұл челлендж трендте болды. #mannequinchallenge хэштегімен әлемге тараған бұл видеоүрдісті америкалық оқушылар ойлап шығарған.

«Бөтелке» челленджі де инстаграм қолданушылары арасында кеңінен тарады. Бөтелкені ауада бірнеше рет айналдырып, табанымен жерге түсіру үшін қолданушылар түрлі қауіпті аймақтарда атаулы трюкті орындады. Бұл челлендж де 2016 жылдан бастау алған еді.

Бұдан бөлек, мәні де, мағынасы да жоқ, тек желідегі жалған өмірді жақсартуға бағытталған түрлі челлендждер тарады. Олар әлі де жалғасып жатыр. Желідегі мұндай паразит эстафеталар жастардың біршамасының өмірін жалмап алып кетіп жатыр. «Көк кит», «Момо» сияқты жасөспірім санасын улау, психологиялық зиян келтіру саясатымен ойлап шығарылған ойындар осы пікірдің дәлелі.

Интернет желісіндегі бұндай кесірлі видеоларға қарсы Қазақстанда түрлі акциялар ұйымдастырылуда. Биылғы жылдың мамыр, маусым айларында қазнетте #сеніңжаңақырың хэштегімен спорттық челлендж тарады. Қазақстан халқының арасында салауатты өмір салтын қалыптастырып, спортқа деген сүйіспеншілігін ояту мақсатында ойластырылған челленджге «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту Қоры қолдау көрсетті. Жобаның ережелері қарапайым, қатысуға ниет білдірген қазақстандықтар Challenge «Сенің жаңа қырың!» жобасының әлеуметтік желілердегі (Instagram, Facebook, VKontakte) ресми парақшаларына жазылып, 4-24 маусым аралығында қатысушылар 21 күн бойы 30 минуттық түрлі жаттығулар кешенін орындады және әлеуметтік желілердегі өз парақшаларына #сеніңжаңақырың #другойты хэштегімен фото/бейне есеп жүктеді.

Бастамаға Елбасының өзі қолдау білдіріп, челленджді қолдайтынын хабарлады. Бұл ақпарат Ақорданың ресми сайтында жарияланды. Жастар қауымын спортқа жақын болуға шақырған бұл челленджді елімізде миллионға жуық адам қолдапты.

«Спорт – салауатты өмір сүрудің кепілі. Тек денсаулығы мықты адам ғана керемет жетістіктерге жетеді. Мен ешқашан спорттан алыстаған емеспін. Жастарды да спортпен айналысуға шақырамын», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Таяқтың екі ұшы болатыны сияқты, кез келген дүние пайдасымен қатар өзіндік кемшілікке ие. Адамзат үшін жаңа мыңжылдықтың басты артықшылығы, дамыған технология екені анық. Заманауи құрылғылар адамның жайлы өмір сүруіне жағдай жасай алатын деңгейге жеткен кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Жансыз дүниенің ақылдыға баланған дәуірінде адамзат өз қолымен жасап шығарған құрылғыдан сақтану керек. Стивен Хокинг көзі тірісінде: "Робот жасау кәсібі қазіргідей жалғаса берсе, болашақта адамдар роботтарға тәуелді болып, соларға жұмыс жасайды. Бұл адамзат үшін үлкен трагедия болмақ", - деп бұл мәселенің аса қауіпті екенін айтып кеткен еді. Біздің айтпағымыз, бүгінде қолданушыларының басым көпшілігін жастар құрайтын әлеуметтік желілер арқылы түрлі вирустық, кесірлі видеолар таралып жатыр. Егер бұл әрекеттерге қарсы амалдар бүгін қолданылмаса, болашақта оның аждаһадай әлемді өртке бөлемесіне кім кепіл?!

А. Қажиев