Жұртты жалықтырған жеті жаңалық

Жұртты жалықтырған жеті жаңалық
Фото: youtube.com, vk.com

2015 жыл – жаңалықтарға толы болды. Оның ішінде жағымдысы да, жағымсызы да бар. Тіпті халықты жалықтырғандары да бар. Жаза-жаза жалыққандар да бар. Олай болса айта отырайық.

Доллар бағамы __теңгеге көтерілді немесе жаңа антирекорд орнады

2015 жылдың басты «жыры» доллар болды десек қателеспейміз. Тамыз айының басынан басталған теңгенің құлдырауы тұрақталып қалмады. Нәтижесінде теңге еркін айналымға жіберілді. Доллар бағамы күнде ауа-райы секілді құбылумен болды. Тіпті таңертең тұра сала, болмаса дастархан басында «доллар қанша болыпты?» деп сұрайтын халге жеттік. Ақыр соңында одан да жалыққандаймыз. Бұрын-соңды «KASE» деген сөзді білмейтін болсақ, қазір жаттап алдық.

Алматыда жер сілкінді

Тілсіз келген жаудан сақтасын. 2015 жылы Алматыда жер дүмпуі жиі сезілді. Ақпараттар да көп болды. Қазір «Алматыда жер сілкінді» деген жаңалық айтылса жұрт мән беріп қарамайды да. Бұл да биылғы жылдың жалықтырған жаңалықтарының бірі болса керек-ті (жалықтырып жоламасын дейік). 

Интернетті «жарды» немесе хит болды

Дәл осындай тақырыппен жарияланатын ақпараттар биыл қаптап кетті. Әсіресе «интернетті жарды» деген сөз тіркесін жиі көзіңіз шалып, оқыған боларсыз. Бұл орыстың «взорвала интернет» деген тіркесінің қазақша тура аудармасы. Басында құлаққа түрпідей тиіп, «бұл не екен деп» жұртты таңдандырғанмен, қазір жұртты жалықтырып үлгерді. Себебі ғаламторда дәл сондай бейнебаяндардың сан миллиондаған түрі бар. Осыны да жаңалық деп жазғансыңдар ма деп өкпелейтіндер де бар.

Ұрып-соғып кетті

Бұрындары қылмыс жайлы ақпарат оқысақ, болмаса теледидардан қарай қалсақ жағамызды ұстайтын едік. Ал қазір ғаламтордың кең таралуымен бәрі де өзгеріп сала берді. Себебі, ғаламтор желілерінен қылмыстың сан түрін баяндаған бейнебаяндарды кездестіруге болады. Ақпараттық сайттар да күніне бір емес, бірнешеуін жариялап жатады. Жағымсыз жаңалықтар да адам психологиясына әсер ететіні анық. Алайда қазір бұған жұрттың еті үйреніп кеткен секілді.

Сайлаубектің жаңа хиттары

Сайлаубек туралы жазылған жаңалықтар басында таңсық болғанмен, кейіннен жұрттың зығырданын қайнатты. Қазақстандық МС-дің өнері ұнатқандар да жоқ емес. Десе де Сайлаубектің әндері қоғамға жағымды әсер етті деп айта алмаймыз.

Жол-көлік апаттары

Бүгінде ең көп жазылатын жаңалықтардың бірі – жол-көлік апаттары. Мұндай тосын оқиғалар оқырмандарды ғана емес, тілшілерді де жалықтырғаны анық.

Шок жаңалық емес, жоқ жаңалық

Бүгінде әлеуметтік желідегі парақшалар тіркелушілер санын арттыру үшін сан түрлі айла-тәсілдерді қолдануда. Алдап та жатыр, арбап та жатыр, өсектеп, ғайбаттап та, тіпті біреулердің намысына да тиіп жатыр. Тіркелуші санын арттыру үшін – көзі тірі адамды «өлді» деп хабарлаудан да тайынар емес. Кей «шок жаналық» деп шошыта жазған жаңалықтарды көріп, еріксіз таңданасың. Ұйқастыра жазса, бір сәрі. Ұйқаспайтын дүниемен алдаудың қажеті қанша? Ең сорақысы – соңғы кезде еліміздің танылып жүрген тұлғаларын да «жарнамаларына» айналдыра бастады (Ертең сіз де танымал болып шыға келсеңіз, сондай жарнамаға айналып кетпесіңізге кім кепіл?). Ия, топты жарнамалау үшін, тіркелушілер санын арттыру үшін еңбек ету керек. Бірақ, сол еңбектің де адал болғаны дұрыс емес пе? Бұл әдіске қазір жұрт сенбейді. Оқи-оқи жалықты да.

2016 жыл жағымды жаңалықтарға толы болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бауырымыз бүтін болсын!

Ө. Сансызбай