Бойжеткен білгісі келеді: Өзіне сенімсіздік

Бойжеткен білгісі келеді: Өзіне сенімсіздік
Фото: massaget.kz

Кейде басымыздағы бақты бағалай алмай, өзгенің таңсығын қаңсық етіп жататын кезіміз болады. Жолында қиындық кездеспейтін адам жоқ. Ал кез келген қиындыққа дайын болу үшін өмірде орын алатын түрлі жағдайды біліп жүрген жөн. Сол себепті, бұдан былай Интернетте жарық көрген өмірден алынған оқиғаларды жариялап отырамыз.

Жатақханада бір бөлмеде 5 қыз тұрамыз. Менің үйім қалаға жақын жерде, басқа қыздардың ата-анасы  алыста тұрады. Олар маған "сенің ауылың жақын ғой, неге тамақ әкелмейсің" деп айтады. Жатақханада жатқаныма 1 ай болды. Менің көп тамақ әкелетін шамам жоқ. Неге екенін білмеймін, олар мені түсінгісі келмейді. Әкешім тамақ дайындап береміз, апарып бер дейді. Бірақ мен ата-анамның өздеріне ақша жетпей жүргенін білемін. Ауылда туып-өскен соң, қалаға мүлдем үйренісе алмай жүрмін. Бір жағынан, қыздар мені жақтырмайтын сияқты. Не істесем болады?

Мен 9-сыныпта оқимын. Осы жылы оқуды бітірген соң өнер колледжіне түскім келеді. 6 жыл би үйірмесіне қатысқанмын. Арманым атақты биші болу. Сабақ үлгерімім де жақсы. Бірақ мені қынжылтатын бір нәрсе бар. Сыныптастарым мені елемейді. Өйткені бойым тым қысқа, 5-сынып оқушысы секілдімін. Сыныптастарыма суретке түсейік деп ұсыныс білдірсем, біреулері отырып түсейік, сенің бойың қысқа десе, ал кейбіреулері тіпті түскісі келмейтіндігін айтады. Бәрі күліп мазақ етеді. Үйдің үлкені болсам да, сіңілілерім мені жұмсайды. Жылағым келеді. Кейде арманыма жете алмайтын шығармын деп те ойлаймын. Қандай мамандық таңдайсың деп сұрайтындарға "хореография" мамандығы бойынша оқығым келеді десем, бәрі күледі. Содан колледжге қалай түсем, бойым тым қысқа деген ойлар мазалап, көзіме құйылып жас келеді. Бойымды өсіру үшін дәрі-дәрмек, дәрумендер де іштім, турникке де тартылдым. Көмектеспеді. Енді не істерімді де білмеймін.

А. Жапатова