«Жібек жолының» экономикалық белдеуі

Әлем экономикасы мен саясатының тап қазіргідей тұрақсыздық сипат алып тұрған жағдайында Қазақстан үшін отандық стратегиялық бағдарламаларды тиянақты да табанды түрде жүзеге асыруды жалғастыра берудің маңызы ерекше зор. Сондықтан да Үкіметтің жақында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен өткен кеңейтілген отырысында осы мәселеге байланысты жаңа міндеттер белгіленді. Мұнда мемлекет алдына қойылатын негізгі мәселе халықтың тұрмыстық жағдайын жақсарту ретінде алға тартылды. Осыған орай Үкімет елдің әлеуметтік әлеуетін әлсіретпей, экономикалық өрістету бағытындағы жұмыстарын бұрынғыдан бетер еселей түсуге тиіс.
 
Әлбетте, бүгінгі алмағайып заманда бұл міндеттерді орындау да оңайға түсе қоймасы анық. Мұны Президенттің өзі де атап өтті. Ол осыған орай атқарылуға тиісті үш негізгі міндетті алға тартты. Бұлардың біріншісі агроөнеркәсіптік кешенді дамыту болса, екіншісі – бүкіл экономиканы әртараптандыру мен экспортты өркендетуді, ал үшіншісі көлік инфрақұрылымын дамытуды көздейді. Бұлардың қай-қайсысы да біздің еліміздің келешектегі экономикалық дамуын айқындап беруге белсене қызмет ететін болады.

Біз бұл жолы осы саптағы «Жібек жолы» экономикалық белдеуі» бастамасы аясында экономиканы әртараптандыру бағытына біршама тоқталып өтпекшіміз. Аталған отырыста бағдарламаны қолдау үшін Үкіметке қосымша 112 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінетіні де белгілі болды. Бұдан бөлек, Қазақстан мен Қытайдың 51 жобасынан тұратын тізім жасалғаны айтылды. Бұл жобалар осы кезеңде айрықша өзекті болып саналатын қосымша құн мен жаңа жұмыс орындары түрінде жақсы экономикалық тиімділік әкелмекші. Осындай үлкен үміт артылып отырған «Жаңа Жібек жолы» жобасы жер бетіндегі және мұхит айдынындағы деп аталатын екі бөліктен тұрады. Жалпы құны 150 млрд долларды құрайтын жобаның құрылысы 2020-2025 жылдар аралығында аяқталады деп күтілуде. Қазіргі таңда Қытай Үрімші мен Тегеранның арасын жалғайтын теміржол құрылысының жұмыстарын бастап кетті. Мұның ақырғы нүктесі Түркия шекарасына дейін барып тоқтайды.

Жобаның маңызы аса зор екенін 11-14 қыркүйек күндері Қытайдың Наньнин қаласында 10 мемлекеттің қатысуымен болып өткен «Қытай-АСЕАН» жәрмеңкесі тағы бір мәрте айғақтай түседі. Ал қатысушы елдер арасында Қытай мен АСЕАН мемлекеттерінен басқа, «белдеу мен жолдың бойындағы» Қа­зақстан, Үндістан, БАӘ, Пәкістан, Шри-Ланка секілді елдер де болды. Жәрмеңке өндірістік қуаттарды арттыру саласындағы халықаралық ынтымақтастық мәселесін көтерді. Мұның астарында құрылыс инфрақұрылымы, жабдықтарды жеткізіп беру, ғылыми-техникалық инновация, металлургия және құрылыс материалдары, қаржылық қызмет көрсету жатты. Бұған қосатынымыз, Қытай лидері Си Цзиньпин атап көрсеткендей, «Жібек жолы» экономикалық белдеуі» құрылысына тікелей қолдау көрсететін «Жібек жолы» қоры түгелдей Қытай қаржысынан құралмақшы.

Бұл трансқұрлықтық логистикалық жоба, сөз жоқ, Қазақстан үшін өте-мөте тиімді. Сон­дықтан біздің еліміз оның сыртында қалып қоймақ емес. Ал басқаша болуы ешбір ақыл­ға қонбаған болар еді. Біз – транзитті елміз. Ал «Жібек жолы» экономикалық бел­деуі» инфрақұрылымның дамуын, кеден рә­сімдері сәйкестендірілуін, қандай да болсын төрешілдік тосқауылдарды алып тастау­ды және сауданың өркен жаюын білдіреді. Қазақстанның мұндағы мүддесі Қытайдан бір де кем емес. Бұған қоса, біздің еліміз бұл жобаны өзіміздің «Нұрлы Жол» бағдарламасымен ұштастыра жүргізуді мақсат етіп отыр.

Қалай дегенде де, Қытайдың «Жаңа Жібек жолы» көліктік дәлізін құру туралы стратегиялық бастамасы қазақстандық өнімдер үшін әлемдік нарықтарға жол ашатын және экономикалық табыстар әкелетін нақтылы бағыт болып қалмақ. Біздің пайымымызда көлік дәліздерінің Орталық Азия өңірі арқылы өтетін кез келген нұсқасында Қазақстан тран­зиттік және логистикалық үдерістердің орта­лығы болып табылады. Осының өзі де бола­шақта зор экономикалық нәтижелерге жетуге мүмкіндік беретіні еш күмән тудырмайды.

Самат МҰСА 

Дереккөз: egemen.kz