- Негізгі бет
- Мәңгілік ел
- Жасыл экономика –...
Жасыл экономика – қауіпсіз болашаққа апарар жол
Соңғы жылдары климаттың өзгеруі әлем елдерінің президенттері мен премьер-министрлерін ерекше мазалап отыр. 1850 жылдан бері Жер планетасының орташа ауа температурасы шамамен Целсий бағамы бойынша 1 градусқа дейін көтерілген.
Ғалымдардың есебінше, егер ауа температурасы 2 градусқа көтерілсе, оның арты адамзат үшін аса қатерлі болмақ. БҰҰ-ның бас хатшысы Пан Ги Мун мырза өз блогындағы бір жазбасында: «Мен қашанда ғаламдық жылынуды аса маңызды мәселелердің қатарына жатқызатын едім. Қазіргі таңда егер шұғыл шаралар қолға алынбаса, біз үлкен апаттың алдында тұрғанымызды мойындауымыз керек» деп мәлімдеген еді. Бұл күрделі мәселені Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та жаһандық деңгейде көтеріп, тіпті елдің болашақ дамуын жасыл экономикамен байланыстырып, қалпына келетін баламалы энергия көздерін дамытуға жол ашып келеді. 2015 жылы БҰҰ-ның климаттың өзгеруіне байланысты Париж конвенциясына еліміз ойланбастан қол қойды. Әлемнің 170-тен астам елі мақұлдаған құжат – адамзаттың Жерді болашақ ұрпақ үшін қазіргі күйінде сақтап қалуға жасалған үлкен қадамы болмақ.Бұл тарихи құжатқа сәйкес, дүниежүзінің 196 мемлекеті 2100 жылға дейін Жер температурасын цельсий бағамы бойынша 2 градустан асырмай ұстап тұруы керек. Бұл арада энергетикалық үнемділік мәселесі, әсіресе, дамушы елдерге салмақ болмақ. Себебі, бүгінде ауаны ластайтын, экологияға көп залал келтіретін мұнай-газ бен көмір жағу арқылы энергия өндіріп отырған елдердің дені – дамушы мемлекеттер. Бірақ экология алдындағы жауапкершілікті дамыған мемлекеттердің мойнынан алып тастауға тағы болмайды. Дамыған елдердің индустриялық даму жолында экологиялық талаптарды ескермей, Жердің ластануы мен ысыуына қаншалықты кері әсер еткені тарихтан белгілі. Бүгінгі таңда көмірқышқыл газын көп шығаратын Қытай, Үндістан, т.б. алпауыт әрі халқының әл-ауқаты төмендеу елдердің экологиялық таза энергия көздеріне көшуі үшін қандай шаралар қолданылуы керек әрі бұл үшін кім ақша шығындайды деген сауал ғалымдарды қатты мазалайды. Түптеп келгенде, мәселенің бір қыры қыруар қаржы мен жеке мүдделерге байланып тұрғандай.
EXPO – 2017: баламалы қуат көздерін табу жолындағы ізденістер
Биыл көктемде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жасыл экономиканы дамыту бойынша әлемдік жол картасын әзірлеуді ұсынған еді. Президенттің бастамасымен бұл жоба ауаға тарайтын зиянды газдар мен қалдықтардың көлемін қысқартумен қатар, биоорта үшін қажетті жерлердің қаз қалпында сақталуын қамтамасыз етуді көздейді. Өз кезегінде Президент: «Бүгінде экономикалық есеппен қоршаған орта бойынша атқарылатын кешенді шаралар тысқары қалуда. Әрине, климаттық өзгерістер бойынша жаһандық бастама өте маңызды, алайда өзге проблемалар туралы ұмытпауымыз керек. Париж келісімі аясында «жасыл экономиканы» дамыту мен табиғи ресурстарды тиімді қолдану бойынша Жол картасын әзірлеуді ұсынамын» деген еді. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда жасыл баламалы энергия көздерін дамыту тақырыбымен үндесіп өтетін жаһандық EXPO – 2017 көрмесі де еліміздің жасыл экономикаға бағытталған қадамын қуаттаумен қатар, бұл саланың дамуына жаңа көзқарас пен леп әкеледі деген сенімде.
Ғалымдардың болжауынша, қазіргі таңда кеңінен қолданылатын негізгі энергия көздері (мұнай- газ, көмір) шамамен 40-100 жылдан кейін сарқылуы мүмкін. Оның ішінде, мұнай қоры – 40-50 жылдан кейін, газ – 80 жылдан кейін мүлдем жоқ болуы мүмкін. Өкінішке қарай, бүгінде өндірілетін энергияның 85 пайызы осындай органикалық отын түрлерінен алынады. Бұл тұста елімізде баламалы энергия көздерін өндіру бағытында зерттеулер де, алқалы басқосулар да жүргізіліп жатыр.
Мамандар алдағы 20-30 жылда Қазақстанда жаһандық климаттың өзгерісі қатты сезілетіндігін болжайды. Сондықтан Елбасының бастамасымен «Жасыл көпір» бағдарламасы дайындалып, тұрақты ұлттық даму стратегиясына айналған еді. Оның аясында 2010-2014 жылдарды қамтыған «Жасыл даму» бағдарламасы әзірленген еді. Жалпы, «Жасыл көпір» бағдарламасына қайта қалпына келетін баламалы қуат көздері мен таза өнімдерді шығаруға мүмкіндік беретін жобалар қатысып, бұл өз кезегінде жасыл технологиялар мен жасыл инвестициялық жобалардың кеңінен қолданылуына біршама жол ашып отырғаны анық. Бірақ өкінішке қарай, ғаламторда берілген мәліметтерге сенсек, бұл бағдарламаның жүзеге асуында да өзіндік түйткілдер байқалады. Кейбір инвестициялық жобалар, оның ішінде бірқатар ірі су қоймаларын тазарту жұмыстары әлі де толықтай іске аспаған. Десе де, алғашқы тәжірибелер экологиялық мәселелермен жүйелі әрі кешенді айналысып отыру қажеттігін көрсеткен.
Азаматхан ӘМІРТАЕВ, «Байтақ болашақ» экологиялық альянсының төрағасы:
20 жылдан кейін әлемде ауызсу мәселесі қиындамақ
Жақында «Байтақ Болашақ» экологиялық альянсын құрған Азаматхан Әміртаев елімізде табиғатты қорғау мәселесімен айналысатын ұйымдардың бірлескен кешенді әрі жүйелі жұмыстарды атқармай отырғандығын өкінішпен жеткізеді. Ұлт жоспарында айтылған қоғамдық ұйымдардың белсенділігін арттыру бағытында еңбек етіп келе жатқан сарапшы отандық және әлемдік экологиялық түйткілдерді шешудің жолдарын «Айқын» газетіне берген арнайы сұхбатында ашып айтты.
– Соңғы жылдары Америка, Англия, Ресейде болып, білімімді жетілдірдім. Дүниежүзіндегі экономикалық даму мен әлемдік жағдайлардың оған тигізер әсерін зерттей келе, экологиялық мәселелермен айналысу қажеттігін түсіндім, – деп бастайды әңгімесін Азаматхан Әміртаев: – Бүгінде Қазақстан экономикасын айқын дамытып жатыр, жер ресурстарын көп пайдаланғандықтан, ауаға зиянды жылыжайлық газдар көп бөлінуде. Бұл тұрғыдан ауаға бөлінетін қалдықтардың экологияға әсерінің қаншалықты зиянды екенін зерделей келе, табиғатты қорғау мәселесіне бетбұрдым. Экология дегеніміз – ең алдымен органикалық тамақ, одан кейін саламатты өмір салты, ауа-райының өзгерісі (жер, су тасқындары), өсімдік пен жануарлар әлемі, сондай-ақ жалпы, ауа, су мен жер мәселесі. Бүгінде дүниедегі климаттың өзгеруі қатты байқалады. Ғалымдардың есебінше, ауа температурасы жарты градусқа жылыныпты. Соған байланысты, Мұзды мұхиттағы мұздықтар еріп жатыр. Бұл түптеп келгенде неге әкеп соғуы мүмкін? Бұл әлем бойынша ауызсу тапшылығына әкеп соғады. Әлемдік ақпарат бойынша, 20 жылдан кейін дүниежүзіндегі ауызсудың тек 60 пайызы халыққа жетеді. Бұл үлкен проблема. Оның ішінде, Қазақстан территориясы құрылықта орналасқандықтан, су тапшылығы күрделі мәселеге айналуы мүмкін. Өкінішке қарай, қазір біз ауызсумен көлікті де жуамыз, үйдегі тіршілікке де пайдаланамыз. Біз бүгінгі күнімізді көп ойлап, ертеңгі болашақ ұрпағымызға, балаларымызға не қалдыратынымызды зерделей бермейміз.
Әрине, елімізде экологиялық қозғалыстар мен бірлестіктер бар. Әркім өз проблемасын алға тартып, мүмкіндігінше жұмыс істеп жатыр. Бірақ өкінішке қарай, олардың дауысын ешкім естімейді. Себебі, олар бірігіп жұмыс істеп жатқан жоқ. Содан болар, олардың сөзіне билік органдары, кәсіпкерлер мен кәсіпорын мүшелері құлақ аспайды. Экологиялық мәселелермен айналысатын ұйымдардың альянсын құру мәселесі де осыдан туындап отыр.
– Президент елімізде баламалы энергия көздерін пайдалануды кеңінен жолға қоюды мақсат етіп қойды. Жалпы, экологиялық бағыттағы мемлекеттік бағдарламалармен сіздің мақсаттарыңыз үндес пе?
– Әрине. Бүгінде елімізде қабылданған 5 институционалды реформа мен «100 нақты қадамда» «Қоғамдық ұйымдардың белсенділігін арттыру» қажеттігі баса айтылған. Осыған байланысты қоғамдық ұйымдардың белсенділігі күшеюі керек. 2013 жылы мамыр айында Елбасының қол қоюымен жасыл экономикаға көшу концепциясы қабылданды. «Нұрлы жол» бағдарламасында экономикада энергияүнемдеуіш, ресурсүнемдеуіш құрылғыларды пайдалану қажеттігіне ерекше маңыз берілген. Біз бұл бастамаларды толықтай қолдаймыз.
Қазіргі таңда дүниежүзі елдері экологиялық мәселелерді басым проблемалардың қатарына қойып отыр. Сондықтан әлем елдері бірінші кезекте – экология, одан кейін – экономика деген сөзді ұран етуде. Бұл жаңа көзқарас, жаңа формат, жаңаша ойлау тәсілі. Кезінде жүзеге асқан индустриялық даму мен шикізат көздерін пайдалану «қоңыр экономика» болып артта қалды. Қазір «қоңыр экономикадан» жасыл экономикаға өту бастамасын дамыған және дамушы елдердің басым бөлігі алға мақсат етіп отыр. Париж келісімдеріне сәйкес, 2020 жылға дейін әлем елдері климаттың өзгеруіне байланысты жылыжайлық газдарды, лас ауа қалдықтарын азайтуы қажет. Бұған Қазақстан да бірден қол қойды. Бұл тұста біз Елбасының бағдарламаларын пайдалана отырып, зиянды ауа қалдықтарының көлемін азайта аламыз. Әрине, мемлекет тарапынан арнайы бағдарламалар қабылданып, бастамалар көтеріліп жатыр. Бірақ қоғам тарапынан қолдаудың қажеттігі сезіледі. Мемлекет, бизнес пен қоғам болып бұл мәселені қолдасақ, оның нәтижесі де көп күттірмейді.
Өкінішке қарай, бүгінде басқа қалалардан гөрі Алматы қаласының ауасы қатты ластанған. Атмосфералық ластану қайдан келіп жатыр? Ең алдымен бұған автокөліктердің көптігі себеп. Қалада жүздеген мың көлік бар, қыстыгүні адамдар жылыну үшін көлікті бостан-босқа оталдырып қояды. Ал бұл ауаға көмірқышқыл газын бөліп, ластап жатыр. Біз халыққа бұл мәселенің өзектілігін көрсетіп, бензиннен газға көшу қажеттігін түсіндіруіміз керек. Екіншіден, көліктердің орнына қоғамдық автобустарды пайдалану қажеттігін түсіндіре алсақ жөн. Түптеп келгенде, Алматы қаласындағы ауа ластануының 60-65 пайызы – автокөліктің көптігінен боп тұр. Екінші мәселе – Жылу электрстансаларының көптігі. Олардың санын азайту қажет. Бүгінгі күні ЖЭС-тің жұмысын оптимизациядан өткізу қажет. Өйткені соңғы кезде тұрғызылып жатқан үйлер мен ғимараттар энергияүнемдеуіш құрылыс заттарының арқасында көп энергия шығындамайды. Сондықтан ЖЭС-тен өндірілетін энергияның 40 пайызға дейінгі көлемі ауаға кетіп жатыр. Яғни, біз көмір жағуды азайту керекпіз. Үшіншіден, Алматы қаласында 31 мың үй әлі де газға қосылмапты. Естуімізше, қаладағы барлық үйге газ келіп тұр. Магистральдар тартылған, бірақ үйдің алдына келіп тұрған құбырдан үйге дейін газ тарту – 400 000 теңге екен?! Қарапайым халық соншама ақшаны қайдан тауып береді? Сондықтан біз әкімдіктер мен газ компанияларына ұсыныс жасап отырмыз, оған сәйкес тұрғын үйлерге табиғи газды өткізіп, бірақ қаржысын өтеудің мерзімін ұзартып, тіпті бөліп төлеуге мүмкіндік берсе дейміз. Сөйтіп, 31 мың үйге газ қосылса, ауаға тарайтын көмір қалдықтары азаяды. Өйткені есеп бойынша, қаладағы ауаның ластануының 4 пайыздық мөлшері осы көмір жағудың кесірінен бөлінеді екен. Осындай қарапайым мәселелерді шешкен кезде ғана ауаның ластануы тоқтайды. Қазір Алматыда дүниеге келетін әрбір екінші балаға бас сүйек қысымы диагнозын қояды екен. Жалпы, оттегі жетпеген соң, балада сондай проблеманың пайда болатынын мамандар да растайды. Сондықтан қаладағы ауаны тазалау – басым мақсаттардың бірі. Бұл бағытта «Байтақ болашақ» альянсы нақты жұмыстар атқарады.
Біз тек экологиялық ұйым ғана емеспіз, біз бизнес жүргізуді де, әкімдіктермен жұмыс істеуді де білеміз. Бұл мақсатта жан-жақты білімімізді пайдаланамыз. Ең бастысы, бізде әлемдегі ең мықты оқу орындары – Стэнфорд, Гарвард, Колумбия университтерімен байланыс бар. Біз ғалымдармен бірлесе отырып, Қазақстанға жаңа тренд, жаңа көзқарастарды әкелу керекпіз. Біз сөзбен емес, нақты іспен айналысамыз. Себебі, еліміздің экологиялық ахуалына жанымыз ашиды.
– Қазақстанда жасыл энергетиканы дамыту тақырыбымен үндес өтетін EXPO – 2017 көрмесі қаншалықты қазақстандықтардың экологияға деген көзқарасын өзгерте алады? Бұл көрме жалпы әлемдік экологиялық қозғалысқа да жаңа леп әкеле ала ма?
– Ең алдымен EXPO – 2017 көрмесін өткізуге қол жеткізгеніміз – Қазақстанның үлкен табысы мен жетістігі. Бұл көрменің тақырыбы баламалы қуат көздерін табумен үндеседі. EXPO – 2017 көрмесіне әлемнің түкпір-түкпірінен туристер келіп, жергілікті халықпен танысады. Онда дүниежүзінде жасыл энергияға байланысты қандай баламалы қуат көздері барын жергілікті халық өз көзімен көреді. Мәселен, ауылда тұратын азаматтар күн көзінің энергиясын пайдалана алады. Бұл тұста көрмеде Еуропа елдері, Қытай, Ресей, т.б. мемлекеттердің баламалы энергетиканы өндірудегі жетістіктері назарға ұсынылады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Кәмшат ТАСБОЛАТ
T. Кіршібаев