- Негізгі бет
- Мәңгілік ел
- Жастардың латын әліпбиіне...
Жастардың латын әліпбиіне көзқарасы қандай?
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің, механика-математика факультетінде қыркүйек айының он тоғызыншы жұлдызы күні дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелдің мақсаты Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы негізінде айтылған латын әліпбиіне өтуге байланысты талқылау болды.
Жастардың дені ғылым саласы, математика, физика бағытында жүрген студенттер. Бұл мәселенің тек лингвист мамандарды ғана емес, жаппай жастарды да толғандырып жүргені қуантты. Себебі жастардың ойын тыңдап қайтқан массагет тілшісі былай дейді:
«Латын әліпбиіне қарсы шыққан жастар да болды. Бұл әрине арнайы тапсырма емес. Жастардың шынайы ойы. Олардың түсініктерінше біз өзіміз қазақ тілін үйрене алмай жатып, латын «тілін» не істейміз деген ойға келді. Бірақ дөңгелек үстел барысында бұл ешқандай да тіл емес, әріп екенін, әліпбидің өзгеріп жатқанын алға тарта отырып, олардың басқа бағытқа бұрылып кеткен ойларын өзгерттік. Жалпы жастардың қарымы мен латын әліпбиіне деген ойлары жақсы. Тіпті ертең-ақ өтіп кетсек деп отырғандары бар».
Сөз ортасында факультет деканы Мақтығалиы Әбдімажитұлы да жастарға қарата ақылын айтты: «Бұл үлкен өзгеріс. Әрине қазіргі үкімет ұсынып отырған әліпбиді бірден қабылдай салуға да болмас. Әлі де өңдеу жұмыстары керек. Бірақ латын әліпбиіне өту және оны қолдау үлкен жауапкершілік»,-деп түйіндеді.
Қонақта әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың белсенді жастары мен журналистер, блогерлер болып, өз ойларын білдіріп ат салысты.
М. Ақан