- Негізгі бет
- Мәңгілік ел
- Жастар жылында білім...
Жастар жылында білім беру жүйесі қалай дамиды?
Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылды ресми түрде Жастар жылы деп жариялау арқылы түрлі мемлекеттік бағдарламаларға, қоғамдық жобаларға, түрлі мәдени, ғылыми, әлеуметтік іс-шараларға жол ашты. Сонымен қатар Жастар жылының аясында білім беру саласы да жан-жақты түрленбек. Мысалы 2019 жылы балабақша мен мектеп саны артады. Бұл үлкен құрылымды реформалардың, күрделі білім беру саласындағы жобалардың бір бөлігі ғана.
Жаңа балабақшалар ашылады
2019 жылы бүкіл Қазақстан бойынша 62 мың жаңа балабақша ашылады. Бұл туралы алғаш 2018 жылы 30 қазанда ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлімдеген еді.
«Білім және ғылым министрлігі мекепке дейінгі білім сапасын арттыруға мүдделі. Республикада қазір 10 314 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істеп тұр. Оларға 1-6 жастағы 880 мың бала барады. 1-3 жастағы балалар 4 040 мемлекеттік және 3350 мемлекеттік балабақшаға барады. Мемлекеттік балабақшаға 130 мың, жекеменшікке 47 мың бала барады. Республикада 1-3 жастағы балаларды балабақшамен қамту жайын айтсақ, ата-аналардың көпшілігі балаларды үш жасқа дейін үйде тәрбиелейді және соның өзінде балабақша бізде әлі жетіспейді. Қазір 3-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту 93 процентке жетіп отыр. «Балапан» бағдарламасының аясында 2020 жылға қарай 3-6 жастағы балаларды 100 пайыз қамту міндеті қойылған. Қазір бұл міндет жедел дамып келе жатыр. Көрсеткішті көтеру үшін келесі жылы жергілікті атқарушы органдар 62 мың орын ашады деп жоспарлануда. Оның ішінде 48 мыңын жеке кәсіпкерлер ашады. Ашылатын орындардың 8 мыңы 1-3 жастағы балаларға арналған», - деген еді министр.
6 жастан мектепке
Қазақстанда орта білім берудің 12 жылдық бағдарламасына сай 2019 жылдан бастап балалар 1-сыныпқа 6 жастан барады. Жаңа ереже “Жастар жылының” ресми жүзеге асуымен сай келіп отыр. Себебі негізгі көзделген шара – 12 жылдық білім беру жүйесі. Сол арқылы болашақ жастарды қабілетті буын етіп тәрбиелеу үшін мектепалды білім берудің бірыңғай типтік бағдарламасы қабылданды. Яғни 5-6 жастағы балалар үшін арнайы дайындық тобы ашылады. Дайындық тобы – +11 сынып қағидасы 12 жылдық білім беру бағдарламасының негізгі схемасы. Жалпы, орта білім жүйесі жаңартылған мазмұнға толығымен 2020 жылы ауысып бітеді.
Колледж студенттері жаңа мүмкіндікке ие болады
Республикада кәсіптік-техникалық білім беру жүйесі өзгереді. Оны жақсарту мақсатында колледжер серіктес университеттермен бірігіп ортақ жоба бастайтын болады.
Енді колледж студенттерінің кредит бағасы университетке түскенде автоматты түрде есептелінеді. Бұған дейін колледжді аяқтаған студенттер жоғарғы оқу орнына түссе, мамандығының оқу бағдарламасын басынан бастап қайта оқитын болған.
2019 жылдан бастап Жастар жылында Қазақстандағы барлық колледж осы жүйеге ауысады. 2018 жылы 46 колледж пилоттық жобаға қатысып көрген. Колледж тәмамдаған студенттер ЖОО-ларға бұрынғыдай ҰБТ тапсырып, қабылданады. Бұл бағдарлама студенттің уақытын үнемдеп, мол білім алуға мүмкіндік жасайды.
Магистратура мен докторантураға түсу талаптары өзгерді
Магистратураға гранттар келесі жылдан бастап үміткерлердің бірыңғай емтиханының қорытындысы бойынша бөлінетін болады.
Осыған дейін магистратураға гранттар жоғары оқу орындарынан тағайындалып, өздері тапсырма дайындап, емтихан өткізіп, түсту туралы шешімді өздері қабылдады. Енді магистратураға іріктеу GMAT форматы бойынша бірыңғай емтихан арқылы өтеді. Яғни үміткерлер Ұлттық тестілеу орталығы дайындайтын кешенді тест тапсырады. Тест нәтижелері бойынша саралау жүргізіліп, жоғары балл жинаған талапкерлер грант иеленіп, ерікті түрде өзі жоғары оқу орнын таңдайтын болады.
Осылайша, "грант магистранттың соңынан ереді" деген қағида жүзеге асырылады. Бұл университеттер басекесін арттырып, гранттардың ашық және әділ таратылуына септігін тигізеді. Магистратура талапкерлеріне нақты білім беру бағдарламаларының тобын көрсету қажет. Сондай-ақ талапкерлер шет тілін тапсырады (осыған дейін де солай болған) және 2 салалық пән бойынша тестілер тапсырады.
Докторантура форматында үлкен өзгеріс жоқ. Талапкер докторантураның салалық пәні бойынша қай оқу орнына түссе, сол жерде, сол университетте емтихан тапсырады, сонымен қатар шет тілін меңгергенін растайтын сертификат ұсынады.
Мұндағы басты өзгеріс – енді докторантураға түсу үшін халықаралық сертификат (IELTS, TOEFL және т.б.) талап етіледі. Докторантура талапкерлері үшін шет тілі бойынша тестілеуді енді Ұлттық тестілеу орталығы өткізбейді.
Сырттай жоғары білім алу жүйесі өзгереді
2019 жылдан бастап Қазақстанда сырттай жоғары білім алу жүйесі тоқтайды. Сырттай білімнің орнына Білім министрлігі part time баламасын бастады. Жұмыс істейтін студенттер жұмысынан қалмай, кешке немесе демалыс күндері жоғары білім алатын болады.
Massaget