- Негізгі бет
- Мәңгілік ел
- Жас көшбасшылар "Қазақстанның...
Жас көшбасшылар "Қазақстанның 100 жаңа есімі" жобасына қатысуға шақырды
"Болашаққа бағдар: Қоғамдық сананы жаңғырту" атты мақаласында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев "Қазақстанның 100 жаңа тұлғасын" құруды ұсынған болатын. Нәтижесінде былтыр елге еңбек сіңіріп жүрген 102 азаматтың есімі белгілі болды. Биыл тағы да осы жоба жалғасын тауып жатыр. 100esim.el.kz порталында қатысушылардан өтінім қабылдау басталды. Науқан қазан айының ортасына дейін жалғасады.
Осыған орай ҚР Қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің өкілдері республикалық жастар ұйымдарының көшбасшыларымен, "Қазақстанның 100 жаңа есімі" жобасының жеңімпаздарымен кездесу өткізді. Кездесу аясында "Қазақстанның 100 жаңа есімі" жобасының екінші кезеңіне қатысу ережелері туралы айтылды.
ҚР Қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының міндетін атқарушы Асхат Оралов: "Елбасының «Рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласы аясында жобалар алты бағытта жүзеге асырылуда. Оның бірі – "Қазақстанның 100 жаңа есімі" жобасы. Бүгінгі кездесудің мақсаты өзінің жеке болашағы үшін ғана емес, белгілі бір салада жетістікке жетіп, жалпы еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарды таныту. Бізде осындай жастар бар. Бірақ, оларды көбісі біле бермейді. Сондықтан, біз жастарды жобаға қатысуға шақырамыз", – деді.
Кездесу қорытындысы бойынша "Қазақстан-2050" жалпы ұлттық қозғалысының, "Жас Ұлан" бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының, "Жасыл Ел" жастар еңбек жасақтарының республикалық штабының, "Жарасым" жастар ұйымы" республикалық қоғамдық бірлестігінің, "Жастардың іскерлік кеңесі" республикалық қоғамдық бірлестіктерінің басшылары өз ұйымдары арқылы белсенді жастарды "Қазақстанның 100 жаңа есімі" жобасының екінші кезеңіне ұсынуға дайын екендіктерін жеткізді.
Т. Раушанұлы