Тоқаев: "Қазақстан" атауындағы "-стан" сөзін жат деп санау қисынсыз

Тоқаев: "Қазақстан" атауындағы "-стан" сөзін жат деп санау қисынсыз
Фото: © akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлытауда Ұлттық құрылтайдың І отырысы басталды, - деп хабарлайды "Массагет" тілшісі Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Президент барша қазақстандықты Ұлттық құрылтайдың ашылуымен құттықтады. 

"Біз бүгін жалпыұлттық референдумнан кейін алғаш рет бас қосып отырмыз. Ата заңға өзгерістер енгізуге арналған референдум табысты өтті. Азаматтарымыз дауыс беруге белсене қатысты. Отбасымен бірге барып, ел болашағына бей-жай қарамайтынын көрсетті. Шынайы өзгеріске және жан-жақты жаңғыруға деген ұмтылысын білдірді. Келешегіміздің жарқын боларына үміті және сенімі зор екенін байқатты. Еліміз ертеңгі күнге мызғымас бірлікпен қадам басуға дайын екенін анық аңғартты", - деді Президент отырыста. 

Мемлекет басшысы "Қазақстан" атауындағы "-стан" тіркесіне қатысты пікір білдірді.

"Кейбір азаматтарымыз референдум кезінде мемлекеттің атауы да өзгеруге тиіс еді деген пікір айтып жүр. Олар "Қазақстан» атауындағы "-стан» сөзін елімізге де, бүкіл Азияға да жат ұғым деп санайды. Мұны да қисынды деп айтуға болмайды. Себебі, әлемде дәл осындай Пәкістан, Үндістан, Ауғанстан және Орталық Азия мемлекеттері бар. Ең басты мәселе, біз Тәуелсіз еліміз – Қазақстан Республикасы атынан 30 жыл ішінде көптеген халықаралық келісімшарттарға қол қойдық, мемлекеттік шекарамызды бекіттік. Осындай жағдайда мемлекетіміздің атауын өзгерту жауапсыз шешім болар еді. Бұл – ең алдымен, ұлттық қауіпсіздігімізге және халқымыздың бейбіт өміріне тікелей әсері бар өте маңызды мәселе", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

G. Dosymshalova