Бейсен Құранбек атындағы "Жігер" сыйлығына өтінім қабылдау басталды

Бейсен Құранбек атындағы "Жігер" сыйлығына өтінім қабылдау басталды

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі танымал қазақстандық тележурналист Бейсен Құранбек атындағы "Жігер" сыйлығына өтінімдер қабылдаудың басталғаны туралы хабарлайды. Байқау "Медиа дамыту қоры" корпоративтік қорымен ынтымақтастықта жүргізіледі.

"Жігер" сыйлығына өтінімдерді қабылдау 2021 жылы 20 тамыздан 20 қыркүйекке дейін "Медиа дамыту қоры" корпоративтік қорының mdq.kz ресми сайтында жүзеге асырылады.

"Жігер" - журналистік шеберлік саласында әлеуметтік маңызы бар тақырыптарды жариялағаны үшін берілетін кәсіби сыйлық.

Сыйлықтың негізгі мақсаты – талантты журналист, қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты Бейсен Құранбектің есімін ел жадында өшірмеу, мұрасын сақтап қалу. Белді журналист қазақстандық телевизияның дамуына үлкен үлес қосып, еңбексүйгіштігі мен кәсібіне қалтқысыз қызмет етуінің арқасында әріптестері мен телекөрермендер арасында сүйіспеншілікті жаулап алды.

Конкурсқа қатысу шарттары:

конкурсқа Қазақстан Республикасының Республикалық және облыстық телебағдарламалары қатыса алады;

конкурсқа ұсынылған материалдар телеэфирде 2021 жылдың 1 қаңтары мен 19 қыркүйек аралығында көрсетілуі тиіс;

конкурсқа қазақ және орыс тілдеріндегі жұмыстар қабылданады;

конкурсқа қоғам үшін өзекті мәселелерді және әлеуметтік тақырыпты қозғайтын телебағдарламалар қатыса алады.

Марапат Бейсен Құранбектің журналистік қызметтегі принциптерін барынша толық көрсете білген жұмыстарға беріледі. Құрамына медиасала мамандары және Бейсен Құранбектің үзеңгілес достары енетін қазылар алқасының мүшелері дауыс беру қорытындысы бойынша жеңімпаздарды анықтайтын болады.

Байқау жеңімпаздары "Жігер" естелік мүсіншесінің, дипломның және қаржылай сыйлықтың иегері атанады.  I орын үшін - 1 000 000 теңге, II орын үшін - 500 000 теңге және III орын үшін - 300 000 теңге.

Байқау қорытындысы мен жеңімпаздар есімдері 2021 жылдың 27 қыркүйегінде белгілі болады.

"Жігер" сыйлығы алғаш рет 2020 жылы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен "Медиа дамыту қоры" корпоративтік қорымен ынтымақтастықта құрылды. Сыйлыққа отандық БАҚ-тың 4 өкілі ие болды.