- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақ тіліндегі аудиожазбаны...
Қазақ тіліндегі аудиожазбаны мәтінге айналдыратын қосымша жасалды
Нұр-Сұлтан қаласындағы АҚШ елшілігінің қолдауымен қазақстандық IT-компания журналистерге арналған TezText тегін мобильді қосымшасын іске қосты.
Қосымша қазақ тілінде айтылған, жазылған аудиожазбаны лезде мәтінге айналдырады. Бұл әсіресе, қазақ журналистер үшін таптырмас құрал. TezText – iOS және Android-қа арналған сөйлеуді тану жүйелері мен бағдарламалаудың ең үздік жетістіктерін қамтитын бағдарламалық жасақтама, ол қазақстандық журналистердің кәсіби қызметінде – қазақ тіліндегі аудиожазбаны мәтінге көшіріп теруге көмектеседі. Бағдарламалық жасақтама елдегі журналистика саласына айтарлықтай көмек көрсетеді және қазақ медианарықтың цифрлық мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Қосымшаның жұмыс істеу тетігі мынадай: смартфонға бағдарламаны жазып алғаннан кейін, ашып қосамыз. Қосамыз да диктофон сияқты сұхбат алушымен екеуара әңгімені жазамыз. Жазып болған соң, "Stop" батырмасын бассақ болғаны – мәтін лезде экранға шыға келеді. Яғни, ауызша әңгіме қас-қағымда мәтінге айналады.
TezText ерекшеліктері:
- журналистердің қажеттіліктерін ескере отырып жасалған
- мобильді қосымша. (бастапқыда Telegram бот ретіндегі тест түрі
ұсынылған);
- тілдік модель журналистерге бейімделген;
- кәсіби терминдерді жақсы таниды;
- айтылған ақпаратты нақты уақыт режимінде жазып, тани алады.
Бұрын жазылған аудиожазбаларды да мәтінге айналдыруға болады. Бірақ бір шарт бар: аудиожазба – журналистика саласына қатысты болуы тиіс. Яғни, басқа саланың мамандары бұл бағдарламаны қолдана алмайды.
"Біз қазақша журналистикаға арналған қосымшаны жасау үшін 10 мың аудиомәтінді өңдеп шықты. Оның ішінде сұхбат, телебағдарлама, көркем сөз, әдеби шығармалардың аудионұсқалары бар. Мұны бастан-аяқ еріктілер жасап шықты. Өкініштісі, бұл қосымшаны басқа саланың мамандары қолдана алмайды. Өйткені мұнда тек журналистика саласының ғана мұрағаты – Big Data жинақталған. Тілдік модель мен кәсіби терминдерді тану – бәрі журналистика саласына қатысты. Басқа салаға арнап шығару үшін біз сол саланың мұрағатын жинақтауымыз керек еді", - деп түсіндірді "Galamat Теh" компаниясының өкілі, бағдарламаны жасаушылардың бірі Нұрғайын Сакиев.
Айта кеткен жөн, қазақстандық компания бұл бағдарламаны АҚШ елшілігінің қолдауымен жасап шыққан. Америка Құрама Штаттары мен Қазақстан Республикасы екіжақты және аймақтық мәселелердің кең ауқымы бойынша, соның ішінде Қазақстан журналистерінің кәсібилігін арттыру және қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттілігін күшейту жөніндегі бастамаларын қолдау мақсатында қарым-қатынас орнатты.
"Қазақ тілі мен журналистика саласын дамытуға мүмкіндік беретін жобаларды қолдауға біз әрдайым әзірміз", - деді елшілік қызметкерлері.
Жоба БАҚ-ты дамытуға (Media Development) арналған шағын грант аясында кәсіби журналистика стандарттарын ілгерілету, жаңалықтарды іздестіру немесе тарату үшін инновациялық тәсілдерді енгізу, сондай-ақ өзара кәсіби алмасуды дамытуды қолдау арқылы қазақстандық медианарықты нығайту мақсатын көздеп, жүзеге асырылды.
Қ. Слямбек