Жастар практикасы: Шарты, өтінім және жалақысы

Жастар практикасы: Шарты, өтінім және жалақысы
Фото: massaget.kz

Жастардың оқу бітіре сала жұмыс іздейтіні белгілі. Бірақ тәжірибесі жоқ, әлі еңбек нарығын көрмеген жасқа жұмыс жылдам табыла қоймайды. Бұл тығырақтан шығудың бір жолы бар. Ол – жастар практикасы. Жастарға ұсынылып отырған мемлекеттік көмектің бірі. Ендеше бұл бағдарламаға қалай қатысуға болады, сол жайлы сөз өрбітіп көрелік.

Кім қатыса алады?

Жастар практикасын оқуды енді бітірген, мамандығы бойынша әлі тәжірибесі жоқ, 29 жасқа дейінгі жастар қатыса алады. Тек оқу бітіргеніне 3 жылдан аспаса болғаны.  

Бұған мектеп пен колледж бітірген жастар да қатыса алады.

Жастар практикасының мақсаты – университет пен колледж бітірген жастарды мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға көмектесу, жұмыс істеуге бейімдеу. Бастапқы жұмыс тәжірибесін жинауға мүмкіндік беру. Бірақ жұмысы ауыр кәсіпорындар мен зиянды, қауіпті жұмыстарға жіберілмейді.

Ал жастарға кеңес мынау. Практикаға қабылданып, жұмыс берушіге жолдама алған жас түлек өзін жақсы жағынан көрсете алуы тиіс. Жұмыс берушіге жауапкершілігі мен ынтасын, талабын таныта алса, жаңа қызметке ие болмақ. Жастар практикасына қабылданған жас 6 ай бойы практикада болады. Одан аз да, кем де емес. Осы уақыт арасында нәтиже шығарғаны жөн. Жұмысқа келген жасты арнайы тәлімгер үйретіп, жөн сілтейді.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, жастар практикасына қалған азаматтардың жартысы тұрақты жұмысқа орналасып қалады екен.

Ал орналаса алмағандарға жұмыспен қамту орталығы басқа бір мүмкіндіктерді қарастырып көреді. Мәселен басқа мекемеге жіберу немесе Enbek электронды биржасына өтініш беру. Одан бөлек, шағын кәсіп ашу үшін мемлекеттік грант алу сынды мемлекеттік көмек түрлері бар.

Қалай қатысамын?

Жастар практикасына қатысқысы келген азамат Жұмыспен қамту орталығына барып тіркеліп, өтініш береді. Орталық мамандары қатысудың шарттарын, қандай жұмыс орындары барын, бағдарлама ережелерін түсіндіреді.

Ол үшін мына құжаттар қажет:

- жеке куәлік (көшірмесі)

- еңбек кітапшасының көшірмесі (бар болса)

- техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және  жоғары оқу орнынан кейінгі білім бар екенін растайтын құжаттың көшірмесі.

Жұмыс қандай?

Бұл әр өңірде әртүрлі. Мемлекеттік қызметтен бастап жекеменшік компаниялар мен зауыттарға дейін – бәрі бар. Бағыты мен мамандыққа байланысты. Жастар практикасына келген азаматтың өзі де қай мекемеде тағлымдамадан өткісі келетінін айтып, өтініш білдірсе болады. Жастар практикасымен жұмысқа қабылдағысы келетін кәсіпорындар көп.

Еңбекақы қанша?

Жалақы мөлшері әр жылда әртүрлі. 2021 жылдағы есептемеге сүйенсек, 94 мың теңге болмақ. Қолға алатыны – 80 мың теңге. Бұл – мемлекет тарапынан берілетін жалақы. Зейнетақысы мен сақтандыруы жүреді. Егер жұмыс беруші бөлек еңбекақы төлеймін десе, оған да жол ашық.

Қоғамдық жұмыс

Жастар практикасының құрамында қоғамдық жұмысқа тарту бағыты бар. Бұған мектеп пен колледжді енді бітірген түлектер қатыса алады. Ол үшін кәсіптік білім алу, курс оқудың қажеті жоқ. Қоғамдық жұмысқа тарту 12 мерзімге уақытша жұмыспен қамтуды көздейді. Қоғамдық жұмысқа тартылған азаматтарға екі төменгі жалақы мөлшерінде, яғни 85 мың теңге көлемінде жалақы төленеді.

Жұмыс өтілін көбейту

Жастар практикасына еңбек өтілін жинағысы келгендерге тағы бір мүмкіндік бар. Ол – "Бірінші жұмыс орны" бағдарламасы. Яғни, азаматтың өзі таңдаған мекемесінде екінші рет тағы жұмыс тәжірибесінен өтіп, еңбек өтілін көбейте алады. Мұндағы жалақы мөлшері 58 мың теңгені құрайды.

Қ. Слямбек