Алматыда экологиялық журналистика бойынша оқыту курсы өтті

Алматыда экологиялық журналистика бойынша оқыту курсы өтті
Фото: gov.kz

Экология саласы бойынша халық сауатын арттыру мәселесі қолға алынып, маңызды шаралар жасалып жатыр. Қандай бағыт болса да, әлеумет арасына насихаттап, дамытуға күш салатын бірден бір маман – журналистер. Сондықтан алдымен кадр дайындау түйткілін шешіп алған абзал.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде біліктілікті арттыруға арналған "Тұрақты даму мақсаты аясындағы экологиялық журналистика" курсы өтті. Экология волонтерлері мен журналистер арасында теория мен практиканы ұштастырған кешенді оқыту курсы 5 күнге созылды. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі арасындағы Өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумды жүзеге асыру аясында өтті.

Журналистер мен экологтар бірігіп, толыққанды екі жылдық магистрлік бағдарлама дайындап жатыр. Оның басы-қасында жүрген Гүлмира Сұлтанбаева курстың маңызы жайлы айтты:

Экологиялық журналистика – аса ауқымды сала. Оны жоғары оқу орындарында пәнаралық магистрлік бағдарлама ретінде ашу ұсынылды. Экологтар мен журналистердің бірлескен бағдарламасын дайындап, екі жылдық толыққанды магистрлік бағдарлама жасап жатырмыз. Бұл салада іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді күшейту керек. Себебі халықтың экологиялық санасын арттыру жұмысына ұзақ уақыт кетеді. Әр азамат экологиялық мәдениеттің үлгісін танытып, өзінен бастап, оны отбасына, балаларына ұқтырып, қоғамда, көптің алдында, қоғамдық көлікте экологиялық таным-түсінігі мол тұлға екенін көрсеткені абзал, - дейді маман.

Бес күн ішінде курсқа қатысушыларға БАҚ-та экологиялық мәселелерді жария ету, экологиялық білім беру мен тәрбиелеу, қалдықтарды кәдеге жарату және қоршаған ортаны қорғау проблемалары бойынша өзекті мәселелер түсіндірілді.

Біздің қоғамда, керісінше, үйдің алдына қоқыс қалдығын тастаймыз, үйдің құрылысынан және басқа да жерден шыққан заттарды есік алдына шығара саламыз. Мұздатқыш, тоңазытқыш, теледидар секілді техника бұйымдары пайдаға аспай қалса, жалпыға ортақ қоқысқа тастай саламыз, ондай пайдаға аспайтын құралды тапсыратын арнайы жерлері бар. Мұның барлығы экологиялық мәдениет жоқтығын, сананың қалыптаспағанын көрсетеді. БҰҰ маманы "экологиялық ойлау" деген терминді ұсынып жатыр. Экологияны қорғаудың, оны халыққа жеткізудің механизмін жүйелі түрде ойластыруымыз керек. Адамның санасын өзгерту, қоршаған ортаға деген махаббатын, құрметін арттыру үшін журналистер, БАҚ өкілдері жұмылып жұмыс істеуіміз керек. Бұл - адамзаттың тіршілікті сақтау жолындағы күресі, — дейді Гүлмира Сұлтанбаева.

Курс қатысушылары экология саласына қатысты мультимедиялық сторителлинг деген не және оны қалай жазамыз деген сауал төңірегінде ізденді. Ақпарат агенттіктері экология тақырыбына қатысты қандай контент ұсынғаны тиімді боларын ойластырды. Кампусқа Экотур жасап, биология мұражайымен танысты. Курсқа 50-ден астам БАҚ ("Қазақстан" РТРК" АҚ, "ҚазАқпарат" ХАА" АҚ, "NUR-Media" медиа холдингі, ORDA.KZ ақпараттық-талдамалы порталы, ОРТ Қазақстан – Еуразия және басқалар) және азаматтық сектор өкілдерін қамтыды. Курс соңында барлық қатысушыға сертификаттар табысталды.

Суды тазартқанда туатын мәселелер, Қазақстанда қандай жаңа технологиялар қолданылады? Адам қоршаған ортаға қалай әсер ете алады? Жаңа экологиялық кодекстің принциптері қандай? “Экожүйелік қызмет” деген не? Экологиядағы қауіп-қатерді сипаттау әдістері қандай? Қалдықты қалай өңдейміз?  Курсқа қатысқандар осы сұрақтарға жауап іздеп, экология саласының қыр-сырына қанықты.

Осындай курстар арқылы Қазақстанның экологиясы үшін, табиғатты аялау мен қорғау саласында сүбелі еңбек ететін мамандар қатары артары анық. Қазір де бұл салада қалам тербеп жүрген журналистер баршылық. Біршамасы маңызды мәселелерді көтеріп жүр. Олардың қатары көбейгені нұр үстіне нұр болары хақ. Мeдиa нaрықты экoлoгия сaлaсындa мaтeриaлдaр iздeугe жәнe мaқaлaлaр дaйындaуғa мaмaндaнғaн бiлiктi журнaлистeрмeн қaмтaмaсыз eту маңызды. 

Экология саласының мәселесі өте көп. Ол жекелеген адамға ғана емес, бүкіл адамзатқа ортақ. Сондықтан оның алдын алу үшін бұл шараның маңызы зор. 

@. @assel_assanova